«Тордағы» зообақ
«Тордағы» зообақ

Бір топ белсенді зообақ жұмысын жүйелейтін заң жобасы қажет еке­нін айтып, мәселе көтерген еді. Олар «сауда және ойын-сауық орта­лық­­тарындағы шағын зообақтардың жұмысын тоқтату қажет» деп са­най­­ды.

Бір топ қоғам белсендісі жа­ңа­­дан ашылған зообақ иесіне осы­лай талап қойған еді. Олардың ойынша, сауда орталығындағы зообақта жан­уарлар мен құстарға арнайы жағдай жасалмаған. Ал зообақ иесі мұның бәрін реттей­мін деп уәде беріп отыр.

«Almaty Mall» сауда орталы­ғын­­дағы жануарлармен байланыс зообағында мүлдем жағдай жа­сал­­­маған. Олар ұйықтайтын оңа­ша күрке де жоқ. Сауда ор­нын­да кафель төселгендіктен, май­мылдар таңнан кешке дейін памперс киіп жүреді. Кішкентай бөл­менің ішінде ауа жоқ десе де бо­лады. Терезені күндіз-түні жауып қояды.

Әрине, мұндай зообақтар кішкен­тай балаларға қуаныш сыйлағанымен, жануарлардың күтіміне бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Зообақ иесі бұл сала­­да өзінің тәжірибесі аз еке­нін ескертіп, кемшіліктер түзе­ле­тінін айт­қаны­мен, қоғам белсенділерінің сенімі аз.


Шағын ғана аумақта еуропалық тиін, түрлі маймыл, құстар мен жыланның бірнеше түрі бар. Олар төрт мезгіл тамақтанады. Арнайы жеміс-жидек беріледі екен. Дегенмен қанша күтім жасалғанымен, қуықтай бөлме жануарларға еркіндік сыйлама­сы анық.

Бұл мәселе әкімдіктің де құлағына жетіпті. Олар: «Өкінішке қарай, мұн­дай мекемелердің іс-қызметі заңна­ма бойынша реттелмеген. Сон­дықтан біздің тарапымыздан Ауыл шаруашылығы министрлігіне хай­уанаттарға етене жақын болу зообағының жұмыстарына тыйым салу жөнінде заң әзірлеу бойынша ресмихат жіберіледі» деп отыр.

Жан-жануарларға жанашырлық танытып отырған еріктілердің ендігі үміті – Парламентте. Олар зообақ жұмысын жүйелейтін заң жобасын Парламентке ұсынғалы отыр. Әйтпесе, жабайы аң-құсты қолда ұстайтын бизнесмендердің көбі «тиісті талапты толық орындамауы мүмкін» деп ойлайды.


Гүл БЕКЗАТ