Айдабол зауыты жабылмайтын болды

Айдабол зауыты жабылмайтын болды

Ғасырдан астам уақыт жұмыс істеген Айдабол спирт зауыты жабылмайтын болды. Бұл туралы зауыт директоры Петр Ольферт хабарлады. Оның айтуынша, жергілікті билік жағатын отын бағасын тұрақтандыруға көмектеспек,– деп хабарлайды " Aikyn.kz порталының тілшісі. Таяу күні ауыл тұрғындарының дау-дамайынан кейін мәселеге облыс әкімі араласыпты. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев зауыт басшысын кездесуге шақырып зауыттағы мән-жай толық талқыланған. Өңір басшысы бұл кездесуден кейін айдаболдықтарға қол ұшын созуға және мазут отынының бағасын белгілеп, дайын өнімнің сатылуы үшін көмектесетінін жеткізген. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің айтуынша жергілікті билік зауыттың одан әрі жұмыс істеуіне ықпал ету үшін барынша көмек қолын созбақ.

«Зауыт жұмысын одан әрі де жалғастыра береді. Барлық жұмыс орындары мен олардың жалақылары толықтай сақталатын болады. Біз мазуттың бағасына қатысты Энергетика министрлігіне алдағы апта басында арнайы хат жібереміз. Қазіргі уақытта облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының энергетик мамандары қажетті мазут мөлшерін, қандай тәртіпте беру мәселелерін есептеп жатыр. Сонымен қатар, зауыттың құрылтайшы компаниясымен де келіссөз жүріп жатыр" , – деді Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Мырзабек Мырзахметов.
"Біз жұмыс бұрынғы режимде істеуді жалғастыра береміз. Дегенмен алдыда бірқатар мәселелер бар. Әкімдік жанармай – мазут бағасын төмендету бойынша жауапкершілікті өз мойнына алды. Мұндай шешім мектепті, екі балабақшаны жылытып, халыққа тегін быламық (этил спирті өндірісінің қалдықтарын) таратуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда кәсіпорын жылына 300 миллион теңгеден астам сомаға қызмет көрсетеді. Әкімдік мазутқа жұмсалатын соманы бюджет желісі бойынша азайту мәселесін пысықтауға уәде етті", – деді спирт зауытының директоры Петр Ольферт.
  Атақты Айдабол зауыты классикалық технологияларды, табиғи шикізат пен ферменттерді пайдалана отырып өнім шығаратындығына қарамастан бәсекелестікті еңсере алмай отыр. Сол себепті өнімнің сатылымы азайып кеткен. Себебі бүгінде елімізде спирт шығаратын сегіз зауыт бар. "Алдағы уақытта дөңгелек үстел өткізіледі. Олар келесі аптада Grand ROYAL BOTTLERS өкілдерін шақырады. Оларды жұмыс істеуге көндіруге тырысамыз. Яғни, бұл мәселе де шешілетін болады. Кем дегенде, біздің зауыттың өнімдерін сату мәселесін шешуге әрекет жасалады, біз оларға жағдайды осылай жеткіземіз", – деп түсіндірді зауыт басшысы. Естеріңізге сала кетейік, Айдабол спиртзауытының құрылғанына 113 жыл. Кәсіпорын жылына қуаты-600 мың декалитр өнім шығарады. Жақында Айдабол зауытының жабылып, ауыл жұртының қиналып қалғаны жөнінде хабарлаған едік.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы