Түлектер Ресейге неге құмар?

Түлектер Ресейге неге құмар?

Жастар қандай универ­ситетті таңдауға болатынын түсіну үшін жан-жақты фак­торларды есепке алып, тал­қылайды. Елімізде мектепті бітірген шәкірттердің көбі шетелде білім алғысы келе­ді. 2018 жылы Ре­сей­дің жо­ғары оқу орында­рында 65 мың­­нан аса қазақ­стандық аза­­мат білім алды. Жастар­дың не себепті Ре­сейдің бі­лім ордаларына қызығу­шы­лығы артқа­ны­ның бірнеше себебі бар.  

Үгіт-насихат – үдере көшуге себеп

Көптеген ресейлік универ­ситет Орталық Азия елдерінің да­рынды жастарын түрлі жол­дармен шақы­рады. Өз кезегінде олардың бел­сенділігі еліміз үшін мәселеге айналып отыр. 2018 жы­лы сәуірде осы тақырып бо­йынша еуропалық Deutsche Welle порталы қазақ­стандық БАҚ мәліметтерін жария қылған. Павлодарға қонақ ретінде келген Новосібір мем­лекеттік техникалық универ­сите­тінің өкілдері жергілікті оқушы­лармен кездесу ұйымдастырып, ақылай тест өткізгісі келген. Мек­теп педа­гогтері әрекеттің заң­сыз екенін айтып, қарсылық біл­дірген соң тест өтпеді. Шынында да, Қазақ­стан аумағында мұндай шараларды заңға сәйкес білім басқармалары ғана ұйымдастыру керек. Солтүстік Қазақстан облы­сы жастарының басым бөлігі Ре­сейде оқығанды жөн санайды. Осы тұста белгілі болғаны, Қа­зақ­станның жоғары оқу орындары Солтүстік өңірге үгіт-насихат жұ­мыстарын өткіз­бейтін сы­ңай­лы. Белгілі болғандай, Ресейдің жоғары оқу орындарында оқыту­шы болып істейтін Орта Азия елдерінің азаматтары көп. Орта Азия елдеріне үгіт-насихат жүргі­зетін де – осы оқытушылар. Мы­салы, еліміздің солтүстік өңірін жақсы білетін бір оқытушыға 5-7 көмекші даярлап, қосады. Оқы­тушылар аймаққа келген соң да­рынды оқушыларды іріктеу үшін олимпиада немесе ақылай тест­тер­ді өткізеді. Жоғары білім беру­дегі ресейлік жүйеге қосы­лудың ба­сы осы болмаса деп тілеріміз анық. Бұл тақырып турасында Ре­сейде білім алып жатқан қазақ­стандық студент жастардың пікірі әртүрлі. Өскемен қаласының тумасы, бүгінде Ресейдегі Томск политехникалық ұлттық зерттеу университетінің студенті Асем Идришеваның пікірін сұраған болатынбыз. Ресейде қалғысы ке­летін студенттердің көп екенін айтқан ол, ұнамсыз жайттардың да барын жасырмады.

– Қазақстанда мектепті та­мам­дағаным болмаса, жоғары оқу орындарының білім беру жүйе­сінен хабарсызбын. Сондықтан салыстыра алмаймын. Шынымды айтсам, маған Ресейде оқу, Орта Азия елдерінде оқудың айырма­шылығы жоқ сияқты. Маған бұл елдердің білім жүйесі керексіз ақпаратпен уақытымды құртатын секілді көрінеді. Осы жақта қа­луым да, қайта еліме оралуым да мүмкін, – дейді студент.

 

Білікті кадрлар мәселесі

Ресейде білім алған азамат­тар­дың үштен бірі елге оралмай, сол жақта қызмет бабымен қалады. Тағы бір мәселе – Орта Азия ел­дерінің азаматтары «Ресейде оқы­сақ, қызметте тез көтерілеміз» деп ойлайды. Солтүстік өңірден Ресейде оқып, қалып қоятын аза­маттардың көпшілігі – этникалық орыс ұлтының өкілдері. Мектепті аяқтағаны жайлы анықтама алып, ресейлік білім ордаларына оқуға тапсырады. Жоғарыда оқыту­шы­лар арқылы Ресей жоғары оқу орындарының үгіт-насихат амалы қалайша іске асатынын баян­да­дық. Аталған жұмыстар үшін ­қар­жы құйылатыны белгілі, бір сөз­­бен – келешек кадрлардың ір­ге­­тасын қалау. Ресейде білім алып, маман ретінде қайта елге оралған азаматтардан оқу орны шәкірт­терді көптеп тартуға ықпал етуін сұрайды. Алайда Ресей жоғары оқу орындарын бұл тұста кінәлай бе­руіміз жөнсіз секілді. Қандай білім ордасы болмасын, ақша қамын күйттемесе, ұлтына қара­мастан дарынды жастарды оқы­туға ниетті. Ал Қазақстанда жо­ғары оқу орын­дарының білім сапасы қандай?  

Сатылатын диплом – жұмыссыздық бастауы

Ranking.kz сарапшыларының дерегінше, еліміздегі әрбір 10 сту­денттің жетеуі ақылы оқиды. Жо­ғары оқу орнын бітірген 2 000-нан астам азамат жұмыссыз жүр. Жұ­мыссыздар шеруін дизайн, химия, филология, стоматология маман­дығын тамамдағандар бас­тайды. ЖОО-ның түлектерінің көбі жұ­мыс берушілерге қажет емес. Себебі дәрігерлерге жыл сайын мемлекеттік гранттардың үлкен пайызы бөлінеді. Демек, бюджет ақшасы текке кетуі мүмкін деген сөз. Гранттарды бөлу ережелеріне өзгеріс енгізу қажеттілігі осы тұста байқалады. Шетелдік универси­теттерде мектептегі жоғары сы­нып оқушыларын белсенді түрде шақырып отыратын үрдіс қа­лыптасса, отандық университеттер гранттар мен мемлекеттік тапсы­рысты күтеді. Қазақстандық жо­ғары оқу орындары мектептерге барып, кездесулер өткізуіне кім кедергі? «Еуразиялық мони­то­ринг» аналитикалық зерттеу ор­талығының мәліметінше, елімізде жұмысқа қабылданар алдында ре­сейлік ЖОО-ның дипломы сұ­ра­нысқа ие. Жоғары білім беделін көтеру үшін Қазақстан Білім және ғылым министрлігі де еңбектеніп жатыр. Өткен жылдың соңында ведомство кейбір қазақстандық жо­ғары оқу орындарының лицен­зияларын қайтарып ала бастады. Бұдан былай гранттарды бөлу жө­ніндегі комиссия рейтингі тө­мен ЖОО-дан бас тартуға құқылы болады. Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетов жо­ғары оқу орындарын жүйелеп, тазарту бағытында жұмыстар ат­қарылатынын айтқан болатын.

– Біз бірінші курсқа 5 студент келіп, 150 студент аяқтап шығатын ЖОО бар екенін көріп отырмыз. Екінші, үшінші курста оқу орын­дары жосықсыз басқа оқу орны­нан шығып қалған студенттерді қабылдай береді. Жоғары оқу орындарына талап күшейтіліп, білім беру саласында тәртіп орна­тылатын болады, – деді министр.

 

Түйін:

Ресейге білім алуға барып, тұ­рақтап қалатын Қазақ­стан азамат­тардың көбі – этника­лық орыс ұлтының өкілдері. Әр адам өзінің тарихи Отанын аңсай­тыны белгілі. Дегенмен басты мәселе – еліміз үшін дарынды жастар мен білікті мамандар керек-ақ. Жоғары оқу орындары мемле­кеттік тапсырыс пен қаржының көзіне қарамай, білім саласын жетілдіріп, лайықты мамандар даяр­ласа екен деген ниет. Ол үшін мектеп қабырғасында оқып жатқан шәкірттерді еліміздің универ­ситет­тері лайықты дәрежеде қатарына қоса алуы тиіс.

    Мадияр ТӨЛЕУ