Ел халықаралық құжаттың құрбаны болмайды
Ел халықаралық құжаттың құрбаны болмайды
100
оқылды

Парламент Қазақстанның ұлттық мүддесін халықаралық деңгейде қорғауды күшейтетін заң қабылдады. Оған сәйкес, егер халықаралық шарттардың өзге қатысушылары міндеттемесін орындамаса, онда Қазақстан да сол келісімді не оның жекелеген ережесін іске асыруды тоқтатады. Бұл Сенат Төрағасы М.Әшімбаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста айтылды.

Осыны қарастыратын «Қазақстанның халықаралық шарттары туралы» заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын сенаторлар жалпы отырыста қабылдады. Жоғарғы палата Төрағасы бұл заң ұлттық мүддені қорғауға өз үлесін қосатынына сенім білдірді. «Бүгін қабылданған заң халықаралық деңгейде ұлттық мүдделерімізді қорғауға қосымша мүмкіндіктер береді. Бұдан былай халықаралық келісімнің екінші тарабы өз міндеттемелерін мүлдем орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда Қазақстан тарапына жауап шараларын қабылдауға жол ашылады. Құжатта халықаралық шарттардың не олардың жекелеген ережелерінің орындалуын тоқтата тұру туралы нормалар көзделген», – деді Мәулен Әшімбаев. Заң жобасы бейінді заңға мынадай нормалардың енгізілуін қамтамасыз етеді: ратификацияланған халықаралық шарттардың республика заңдарының алдындағы басымдығы және олардың тікелей қолданылуы; халықаралық шарттар мәртебесінің өзгеруі туралы жұртшылықты хабардар ету; шарттарды тоқтату тәсілін кеңейтіп, заңдағы олқылықтарды жоюды қамтамасыз ету. «Бұдан бөлек, заң жобасында контрәріптестер өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда шарттарды орындауды тоқтата тұру түріндегі Қазақстанның жауап шараларын қолдану мүмкіндігін көздейтін нормаларды енгізуі ұсынылады. Заң жобасын қабылдау Қазақстанның міндеттемелерін орындамайтын контрәріптестермен өзара қарым-қатынас­тарда мемлекеттің мүдделерін ес­керуді қамтамасыз етеді», – деді Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді. Сонымен қатар ел Парламенті «Қазақстан мен Корея арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты» ратификациялап, тиісті заң жобасын Президенттің қол қоюына жолдады. Оған сәйкес Оңтүстік Кореяда сотталған Қазақстан азаматтары енді мерзімінің қалған бөлігін Отанында өтей алады. Бұл жерде бірқатар шарттардың сақталуы маңызды болып отыр. Мысалы, адам жасаған құқықбұзушылық екі мемлекетте де қылмыс деп танылуы керек, оларды беруге екі ел де келісуі тиіс, ал сотталушының өзінен оралуға жазбаша келісім алу маңызды. Қазақстаннан шарт ережелерін іске асырушы орталық орган ретінде Бас прокуратура белгіленді. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің 20 азаматы Кореяда жазасын өтеп жатыр, ал Қазақстанда 1 корей азаматы түрмеде отыр. Сондай-ақ Сенат отырысында депутаттар «1993 жылғы 22 қазандағы Қазақстан мен Моңғолия арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара көмек туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Бұл құжатта азаматтық және қылмыстық өндіріс саласында құ­қықтық көмек көрсету бойынша сот және құқық қорғау органдарының нақты міндеттері көрсетілген.

Елдос СЕНБАЙ