14 мың пәтер пайдалануға беріледі
14 мың пәтер пайдалануға беріледі
126
оқылды

«Nur Otan» фракциясының депутаттары Павлодар облысы орталығындағы ірі нысандардың құрылысын қоғамдық бақылау­ға алды.

Партияның сайлауалды бағдар­ламасын орындау жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында құра­мында облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, партиялық бақылау комиссиясы мүшелері бар жұмыс тобы мемлекеттік органдар­дың өкілдерімен бірге Павлодар қаласындағы құрылыс нысандарын аралады. Жұмыс сапары барысында пар­тия мүшелері Сұлтанов атын­дағы облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінің, Мойылды ауылындағы қолданыстағы мек­тепке 100 орындық жапсарлас құ­рылыс, Жетекші ауылындағы және Сарыарқа шағынауданындағы жаңа мектептердің салыну бары­сымен танысты. Сондай-ақ жұмыс тобы Сарыарқа және Достық шағынау­дандарында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын тексерді. Жасалған шарттарға сәйкес, барлық объекті ағымдағы жыл ішінде пайдалануға берілуі тиіс. Алайда кейбір мердігерлік ұйымдар жобалау сатысында кемшіліктер салдарынан белгіленген мерзімге сәйкес келмеу қаупін арттырады. Әрлеу материалдарының сапасы, жекелеген объектілердегі құрылыс бригадаларының жұмыс кестесі де қатаң сынға алынды. Алдағы бес жылда Жол карта­сында өңірде 2 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 14 мың пәтер, 5 жаңа мектеп және жұмыс іс­теп тұрған мектептерге 5 қосымша құрылыс, 10 балабақша, 3 медици­на­лық нысан және 28 спорт ныса­нын салу көзделген. Ауқымды құ­рылыс жобаларының орындалуын бақылауды депутаттар тұрақты не­гізде жүзеге асырады. Аталған жұ­мыс сапарының қорытындысы бойынша 2 наурызда «Nur Otan» фракциясының отырысы өтеді. Онда проблемалық мәселелер егжей-тегжейлі қаралады және оларды шешу жолдары бойынша тиісті ұсынымдар беріледі.

 Әбілмансұр ЖАСАН