Жер шетелдіктерге сатылмайды
Жер шетелдіктерге сатылмайды
169
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V оты­рысында сөз сөйлеп, кеңес жұмысын талқыға салды. Алқалы жиынның еліміздегі ауқымды өзгерістерге жол ашып отырғанын айтты. Яғни, әу баста қызметін консультатив-кеңесші орган ретінде бастаған сенім кеңесі қазір ауқымы кеңейіп, жаңа реформалар ұсынатын маңызды құрылымға айналып отыр. Оған дәлел ретінде Ұлттық кеңестің ұсынысы бойынша қабылданған 13 заңды айтуға болады.

Президент күн тәртібіндегі бірнеше мәселеге тоқталып, әр­қайсысын жеке-жеке топқа бөліп, талдап берді. Оның ішінде ең біріншісі – тұрғын үй және экономика саясатын жетілдіру. Зей­нетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік берілгенінің арқасында бүгінде азаматтар баспаналы болып үлгерді. Әрі бұл процесс жалғаса береді. «Жаңа бастаманың жүзеге асқанына бір ай ғана уақыт  өтті. Соның өзінде мыңдаған азамат көптен күткен баспанасын алды. Ипотекасын өтеді немесе несиесін азайтты. Бұл әділетті қоғам қағидатын жүзеге асырудың нақты қадамдарының бірі деп те айтуға болады. Көп­шілікті қуантқан осы шешімді Ұлттық кеңес қолдағанын атап өту қажет. Дегенмен тұрғын-үй мәселесі азаматтарымыз үшін әлі де өзекті болып отыр. Былтыр тұрғын үй құрылысының қарқыны 11,2 пайызға өсті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ өңірлердің ахуалы әркелкі. Мысалы, пайдалануға берілген дайын үйлердің 40 пайызы тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында. Оның үстіне, бұл үйлердің көпшілігінің бағасы әлі де қымбат. Мен Үкіметтің қаңтар айындағы кеңейтілген отырысында тұрғын үй саясатын жетілдіру үшін жаңа ұсыныстар әзірлеуді тапсырдым. Үкімет айтарлықтай тиімді ұсы­ныс­тар берді. Жалпы, бұл ұсыныс­тарды қолдаймын», – деді Тоқаев. Әйтсе де, нарықтың өз ережелері барын ескерсек, құ­рылыс компаниялары арзан үй салуға мүдделі емес. Сондықтан олармен алдын ала сатып алу келісімін жасауға ұсыныс жасалды. Сонымен қатар аймақтардың да әлеуетін арттыру керегіне тоқталды. Бұған дейін баспана мәселесін Ұлттық кеңестің өткен оты­ры­сында Ләззат Қожахмет көтерген еді. Сон­­дай-ақ ауылдық жер­­­лердегі тұр­ғын үй мәселесін де шешу маңызды. Пре­­­­­зиденттің айтуынша, жеке шаңы­­раққа ие болған жастар ауылда тұрақтап қалудан қашпаса керек. «Жалпы, ауылдық жерде үй салу баспана мәселесін ғана шеш­пейді. Мұндай жұмыс экономи­калық белсен­ді­лікті арттыруға және тұр­­­мыс сапа­­сын жақсартуға септігін тигі­з­етіні сөзсіз. Сондықтан мемле­­­кет ба­рын­­­ша қолдау көрсетуге тиіс. Баспана мәселесі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен ғана ше­­шілмейді. Бұл іске әлеуметтік жауап­­кершілігі бар жұмыс беру­­­шілерді жұмылдыру керек. Кә­сіпкер өз жұмысшыларына ар­нап ауылда үй салса, мемлекет оған кеткен шығынның 50 пайызына дейін қай­­­­таратын болады. Бұл қай жағы­­нан алып қарасақ та, бәріне пайдалы. Жұмысты дұрыс жолға қоя алсақ, осы бастама ауылды д­а­­мытуға жан-жақты септігін ти­гізеді. Сондай-ақ қажетті ма­­ман­­­­дарды, ең алдымен мұғалімдер мен дәрі­герлерді, мал дәрігерлерін ауылға тартуға мүмкін­­­дік береді. Үкімет бұл тәсілді осы жылдың екінші жартысынан қал­­­дырмай қолда­нысқа енгізуі керек», – деп ұтымды ұсыныс айтты Мемлекет басшысы.

«Білім» тарифі қашықтан оқуға жол ашты

Қасым-Жомарт Кемелұлы кө­­­­­терген екінші мәселе білім беруге байланысты. «Білім беру жүйе­сінде ақпараттық-коммуни­­­ка­циялық технологияның рөлі ай­рықша. Бұл, әсіресе індет ке­зінде анық байқалды. Мобайл опе­раторлардың «Білім» тарифі ка­рантин уақытында қа­­­­шықтан оқытуға кеңінен жол ашты. Со­ның арқасында Қазақ­­станның 600 білім беру ресурсын шектеусіз пайдалануға мүмкіндік туды. Бұл қадам оқушылардың арасындағы цифрлы теңсіздікті азайтуға ай­тар­лықтай ықпал етті. Қашықтан білім беруді дамытудың осы әдісін тоқ­татпай, жалғастыра беру қажет деп санаймын», – деді Мемлекет бас­шысы. Сондай-ақ педагогика және медицина кадрларын даяр­­лаудың маңызы да айтылды. Бұдан кейін инклюзив қо­­­ғам­дық орта қалыптастыру жайы қозғалды. Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты тоқтатпау керегін атап өтті. Ерекше бала­ларға арналған жан-жақты ке­шенді реабилитация қажет еке­ніне тоқталған Президент зама­науи стандарт пен аймақтар спе­ци­­­фикасын есепке ала отырып, осы саладағы нормативтерді жаңар­­­­­­туды тапсырды. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандар да на­­­зардан тыс қалған жоқ. Ең алдымен барлық санаттағы мүге­дектікті анықтау рәсімдерін түбе­гейлі жеңіл­­дету керегі белгілі. «Бірың­­ғай ақ­­­параттық қор (база) құрып, жұртқа ыңғайлы әрі жұмыс істеуге оңтайлы жүйені неге жаса­масқа? Денсаулық сақтау ми­нистрлігі мен Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау минис­­трлі­­гінің ақпараттық жүйелерін бірік­тіру керек. Бұл жұ­мысты же­­дел­дету қажет. Аза­­маттар өздеріне қажетті қызметтің бар­­­лығын бір ғана медициналық мекемеден алу­ға тиіс. Осы жобаны биылғы 1 шіл­­деден бастап сынақ ретінде, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап толық­қанды жүзеге асыруды тап­сыра­мын», – деді Тоқаев.

Адам құ­­қығын қорғаудың маңызы зор

Мемлекет басшысы адам құ­­қығын қорғаудың да маңызды мә­­селе екеніне тоқталды. Оның ай­­­туын­­­­­ша, әсіресе кәсіптік қатер­лерді бағалау және оларды рет­теудің тиімді жүйесін құру – ай­рықша на­зарда. Еңбек қауіп­сіздігін қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту бары­­сында осы қағи­даттарды негізге алып, 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын әзірлеуге тапсырма берді. Сондай-ақ әлеуметтік кеселдердің қата­рына соңғы кезде қосылған құ­­мар ойындары жайлы да сөз қозғады Мемлекет басшысы. Өс­келең ұр­­пақ­­­­тың денсаулығына «әлеуметтік кеселдер» залалын тигізеді. «Бала­­­ларды және кәнігі құмарпаздарды ойынға тартқан немесе сондай жағ­дайға жол берген заңды тұл­ғалар әкімшілік жауапкер­шілікке тар­­тылуға тиіс. Қажет болса, олар­ды ли­­­цензиясынан айыра­мыз. Қазір осындай заңсыз қыз­меті үшін жеке тұлғаларға 200 айлық есептік көр­­­сеткіш көле­мінде ғана айыппұл са­лынады. Шетел аза­маттарының ел аума­ғында құмар ойындарды заңсыз жүргізіп, ло­терея ұйым­дас­тыру арқылы табыс табуына тыйым салу керек. Лудо­манияға жан-жақты тос­қауыл қоюға тиіспіз» деп шегелеп айтты Президент. жер

Зорлық-зомбы­лықтан қорғайтын бөлімшелер

Одан бөлек, әйелдерге қа­тыс­ты тұрмыстық зорлық-зомбы­лық та айтылды. Осы орайда Ішкі істер министрлігіне әйелдер мен бала­­­ларды зомбылықтан қорғау бойын­­ша арнайы бөлімшелер штатын қайта қолға алуды тап­сырды. Мем­­лекет басшысының назарына ілінген тағы бір мәселе – саяси реформаларды жүйелі не­гізде жүзе­ге асыру. «Ұлттық кеңес бастамашы болған рефор­малар­дың екі топтамасы еліміздің қо­ғамдық-саяси өміріне тың серпін берді. Біз қазірдің өзінде сол маңыз­ды бастамалардың жемісін көріп отырмыз. Жетінші шақырылымдағы Пар­­­­­ламенттің бірінші сес­сия­сы­ның ашылуында мен саяси рефор­­­малардың үшінші топта­масын ұсындым. Оған Ұлттық кеңес мүшелерінің, саяси партия­лардың, сарапшылар мен аза­мат­­тық қоғам өкілдерінің ұсы­ныстары негіз болды. Қазақ­стан­ның саяси жүйе­­с­ін одан әрі дамы­тып, адам құқы­­ғын қорғау жүйесін жетілдіру үшін тың бас­тамалар көтеру өте маңыз­­ды. Сондай-ақ бұл саяси бәсекені күшейтеді, аза­маттардың мем­лекеттік сая­сатқа ықпал ету мүм­кіндігін арт­тырады», – деді Тоқаев. Биыл шамамен тамыз-жел­тоқ­­сан айларында кент, ауыл және ауылдық округ әкімдерінің тіке­лей сайлауы өтеді деген жоспар бары белгілі. Бұл еліміздің қоғам­дық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болары сөзсіз. Мемлекет басшысы 2024 жылы келесі қадам ретінде аудан әкімдерінің тікелей сайлауы өтуі керек деген пікірде. Осылай­ша, демократиялық қоғам орныға түседі. Сондай-ақ қос азаматтық мәселесі де айтылды. Бізде бұған тыйым салынғанымен, тіпті мем­лекеттік қызметкерлерде де қос азаматтық барын Тоқаев атап өтті. Анықталған жағдайда, ондай қыз­меткерлер жұмыстан босаты­латын болады.

Жерді сатуға тыйым салуды тапсырды

Жер мәселесі айтыла қалса, дереу дауға ұласып кетеді. Осыған байланысты Президент мынадай нақты шешімдер ұсынды. Бі­ріншіден, шетелдіктерге және шетел­дік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Тоқаев мұны жедел түрде жүзеге асыру керегін баса атап өтті. Екіншіден, бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісу керегін айтты. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкіл­дерін және жер мә­селесін жетік білетін сарап­шылар қо­сылуы керек. Үшін­­шіден, Үкі­метке биыл­ғы тамыз айының соңы­на дейін жер рефор­масының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауға тапсыр­ма берілді. Сәй­кесінше, комиссия жұмысы­ның әр кезеңі бойынша халықты ха­­бардар етіп отырады. «Басты міндеттің бірі – комиссия жұмы­­сының және ше­шім қа­былдаудың мейлінше ашық­тығын көрсету. Біз жерге қа­тысты қоғам тара­пынан көте­рілген барлық мәсе­лені дұрыс және тиімді шеше аламыз деп сенемін. Бұл ше­­­шім­дер, ең алды­мен ел эко­но­ми­ка­сын дамытуға және аза­­мат­тардың тұрмыс сапа­сын арт­тыруға ар­налған. Ең бас­­­­тысы, жер шетел­діктерге са­тыл­май­­тыны туралы түбегейлі ше­шім қабылданды», – деді Президент. Отырыс барысында осы сияқ­ты ауқымды әрі маңызды мәселе­лер талқыланды. Елімізді жүйелі реформалауға қажетті нақты ша­ралар айқындалып, тиісті ше­шімдер қабылданды. Мемлекет басшысы егемендіктің 30 жылдық белесінде кез келген қиындыққа дайын болу керек екенімізді де атап өтті. «Еліміздің болашақтағы даму жолы осы сыннан сүрінбей өтуімізге байланысты. Біз жос­парлаған өзгерістерді ойдағыдай жүзеге асыруға күш-жігерімізді салуымыз керек. Барлық негізгі бағыттар мен салалар бойынша алға ілгерілеуіміз қажет. Бұл мақ­сатқа сындарлы және өзара се­німді диалогтың арқасында қол жеткізуге болады», – деді ол. Сонымен қатар жиында Қа­зақстан Республикасы Прези­дентінің Көмекшісі Ерлан Қарин, сондай-ақ, Ұлттық қоғамдық се­нім кеңесінің мүшелері Марат Ши­бұтов, Қайырбек Арыс­­тан­беков, Эмин Аскеров және Мак­сим Рожин сөз сөйледі.

Айша ЕРСҰЛТАН