Нағыз актер туралы аңыз...
Жұмахан Әбдіқадыров – актер... Театр және кино әртісі. Қазіргі көрермен Жұмаханды «Сұрапыл Сүржекей» мен «Батыр Баяннан» біледі. Ал театрдағы рөлдері өкінішке қарай, ұмытылған. Жұмаханды сахнада көрген көрермен де бүгінде санаулы шығар.
Борис Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз» кітабында Кеңес Одағының Батыры Алексей Мересьев туралы жазған. Онда ұшқыш Алексей өзінің кезекті тапсырмасында жау ордасын бомбылап жүріп, ұшағы құлап, өзі жау тылында қалады. Екі аяғы жаралы, әзер шығады қоршаудан. Дәрігерлер амалсыздан оның екі аяғын кесіп тастайды. Алайда өзіне деген сенім мен дос-жаранның көмегі оны штурвалға қайта отырғызады. Екі аяғына протез салған ұшқыш кейін сау кезінен де артық ерлік көрсетеді.
Бұл – соғыс кезіндегі батырлардың ерлігі. Неткен жанкештілік! Неткен өз-өзіне деген сенім. Мұндай ерлік тек соғыс кезінде ғана емес. Бейбіт кезде де болып жатыр. Көпшілік оның біреуін білсе, біреуін білмейді.
Ұйқысы ояу еді. Бір сәт ұйықтап кеткен. Түсінде шешесі Мөржан болу керек. Жұмаханды маңдайынан сүйіп жатыр. Аймалап жатыр.
– Сіз кімсіз? – дейді Жұмахан ұялып.
– Мен бе? Мен сенің анаңмын.
– Менің шешем басқа кісі ғой. Ділдәкүл...
– Жоқ, балам... Мен нағыз шешең Мөржанмын...
«А-а а, шынында да мына кісі менің өз анам ғой. Түрі қандай мейірімді еді. Апа... Апа...Мен сізді танымай қалдым... Кешіріңізші. Сіз көкке ұшып, біз жетім қалғанда мен 4-те ғана болғам. Түріңізді де ұмыта бастаған екем.... Апа... Апа...
Осы кезде құлағына тарс еткен дыбыстан шошып оянған. Алдымен санасы оянған. Қатты бір соққыдан басы мен белі үзіліп кетердей ауырған. Сосын мойны жұлынардай болған. Ары қарай қап-қара дүние. Сосын жарқ еткен күннің сәулесіндей жарықтан екі көзі көрмей қалған. Жо-жоқ...ұйықтап кеткен екен ғой. Жұмахан есінен танып қапты.
Таңғы сағат 6-ларда Павлодардан шыққан «Қазақфильмнің» уазигі Целиноград, Қарағанды, Семей, Үшаралды артқа тастап, Талдықорғанға асыққан. Кешке қалада «Батыр Баян» фильмінің тұсаукесері. Жұмаханның қасында фильмнің режиссері Сламбек Тауекел болған. Түнгі жауған кірбік қар, шаршаған шофер, қатты келе жатқан машинаның тежегіші ұстамай аударылған және Андреевканың осы жерлерінде сай көп. Машина екі-үш аударылып барып төңкерілген. Қатты соққыдан Жұмахан есінен танып қалды. Тіпті, оны машинадан қалай шығарып алғаны, оны Сарқандтағы ауруханаға қалай апарғаны да есінде еміс-еміс қалған. Бұл өнер айдынында жалауын жаңа көтерген кемедей Жұмаханның да жұлдызды сәтін жаңа бастаған кезі еді.. Ол осыдан бастап «мәңгі мүгедек болып, балдаққа сүйенем-ау, арбаға байланып қор болам» деп ойламаған болатын.
Кененбай бүгінгі спектакльді ерекше ойнады. «Біздің Ғанида» ол Ғаниды ойнайды. Актер Кененбай Қожабеков «Шабандоз Қыздағы» Айдар, Марк Донскойдың «Алитет уходит в горы» фильміндегі Айедан соң актердің шын мәнінде бағы жанған. Жас актер ТЮЗ-дің комсомол комитетінің басшысы, театрдағы басты рөлдерде де Кененбай. Болашақта Гамлетпен Пер-Гюнтті, Хлестаковты ойнаймын дейтін.
Қар аспаннан бүгін бір ерекше жауып тұр. Бұл қаңтар айының ортасы болатын. Кешке болашақ спектакльдің прогоны. Басталуына да уақыт аз қалған. Кененбай көңілі көтеріңкі, мына әлемді құшақтап, аймалап, бауырына басқысы келгендей күй кешкен. Ойда жоқта қарсы алдарынан бір топ ішіп алған жігіттер шықты. Қасындағы екі досынан алдымен темекі сұрады. Оларды боқтап, былапыттап, әжуалай бастады. Екі досы да театрда, киноға түсе бастаған жас актерлер болатын. Мазақтағандары аздай, әлгі бұзақылар енді оларға қол жұмсап, сабай бастаған. Кененбай бәріне төзсе де, мұндай қорлыққа шыдамады. Ол өмірде де, өнерде де әділетсіздікті сүймейтін. Оның үстіне досын ұрғанда қарап тұрсын ба? Кененбай да біреуін бір ұрған. Екіншісін теуіп үлгерді. Қып-қызыл төбелес. Тағы бір досы бар-тын. Бір сәт арт жағынан біреу кеп қылғындырғандай болды. Басқа ештеңе білмейді. Кененбайдың жұлынынан өткір біз қадалған болатын. Аппақ қар жауған көшеде жаралы Кененбайдың қанша жатқаны белгісіз...
Оған дәрігерлер отаны 5 сағат жасады. Тіпті, аяғына тұрып кетуі де екіталай болатынын ашық айтты. Бірақ Кененбай жұлынына сұғылған бізге де, тағдырдың тауқыметіне де қарсы тұра білді. Оны көп жұрт орнынан тұра алмас деген. Бірақ Кененбай осы жерде Пятигорскіде биік баспалдақпен жоғары шығуды қайта үйренді. Таяғына бірде сүйеніп, бірде сүйенбей, баспалдақпен шығып жүрді. Кененбай өзін-өзі қинады. Балдағын тастап, қайтадан киноға түссем, тағы да сахнаға шықсам деді. Әрине, оған досы Сұлтан Хожықов та күш берді. «Кәне, Кенен, еріккенді қой. Мен сенің орныңа басқа актер іздемеймін. Өзің бастаған фильмді өзің бітір, Пятигорскіден балдақсыз орал» деген сөзі үлкен күш берді. Сол үшін де Кененбай барын салған.
Жұмахан – батыр жігіт. Екі иығына екі кісі мінердей апайтөс азамат. Ол жас кезінен ұшқыш болуды армандаған. Бірақ әскери комиссия оның көзінен ақау тапты. Жалпы, әскерге, не танк, не артиллерияға барғысы келмеді. Оның үстіне, орысшаға шорқақ. Сөйтіп жүріп бір жылы бекер кетті. Ол кезде оқуға түсе алмау жігіт үшін үлкен сын-ды. Осылай жүргенде ауылдасы Махмуд Ибраев кездесе кеткен. Махмуд сөзшең. Жалбыраған шашы, кең балақ клещ шалбары, гүлді галстугі, оның болашақ нағыз әртіс екені «менмұндалап» тұрады. Оның үстіне, Махмудтың айтқанына сенсе, артист деген нағыз таптырмас мамандық көрінеді. Тек киноға түсіп, теледидарға шығып, ел аралап жүріп, құрметке бөленетін жұмыс екен. Әне Асадағы Тұңғышбай Жаманқұлов теледидардан анда-санда көрінеді. Ал Асанәлі Әшімов біресе Бекежан, біресе қызыл комиссарды ойнап, «Дутовты өлтіріп» жүр. Қысқасы, Жұмахан да мына сөзге еліктей берді. Тұңғышбай жөн сілтеп, болашақ мұғалімі Асқар Тоқпановпен кездескен. Сол жылы Жұмахан Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның театр факультетіне оқуға түсті. Бала кезінен спортқа қатысып, күрестен аудан, облыстық жарыстарда жүлделі орындар иеленген жігітке би, пластика, вокал сабақтары оңай болған жоқ. Ол кезде театр факультетінің студенттерінің барлығы дерлік жатақханада тұрады. Маңайдағы тентек жігіттер қала берді Жұбанов мектебін бітірген «қалалықтар» театр факультетіне маза бермейтін. Осындай кезеңдердің бірінде 4 жігіт кеп Жұмаханды дүкенге жұмсаған. Бірақ бес минуттан соң әлгі «крутой» төрт жігіт Жұмаханның алдында тізерлеп отырып кешірім сұраған. Алайда ішінде біреуі кек сақтап қалыпты. Алматының күзгі кешінің бірінде бір топ бандит жігіттер келіп, Жұмаханды «тәрбиелегісі» келген. Олар Жұмаханды көшеге шақырған. 15-20 жігітке ол жалғыз қарсы шықты. Абай көшесінің алды үлкен аллея... Бақ. Бұл жерде жарық та шамалы. Жұмахан қалтасындағы пышақты суырып алып, өз білегін, өзі кесіп жібергенде қып-қызыл шапшыған қанды көрген жігіттердің есі шыққан. «Қане, кім бар, маған шығатын? Келіңдер қане, қазір бәріңді қырайын!» дегенде 20 жігіт бет-бетімен тұра қашқан. Бұл – Жұмахан жайлы аңыздың басы.
Ол студент кезінде-ақ киноға түсті. Режиссер Шәріп Бейсембаевтың «Кәусәр» фильмінде басты рөлді ойнады. Жылқышы Абылай адал да, батыр жігіт. Медбике Әйгерім де оның осы қасиетін бағалаған. Сондықтан да пысық Боранбайға емес, сұлудың жүрегі Абылайға бұрған. Жұмахан бұрын атын ғана естіген, болмаса кинодан, не сахнадан ғана көрген әртістерімен серіктес болды. Әкесін Кәукен Кенжетаев, шешесін Әмина Өмірзақова, партнері болып Мұхтар Бақтыгереев, Досқан Жолжақсынов және жас актриса Гүлнәр Ералиева түскен. Жұмахан экранда керемет көрінді. Батыр денелі жігіттің атқа отырғаны ерекше-тін. Дәл бір ескерткіш іспетті. Қою қара өткір көздерінде батырлықтан басқа нәзіктік, жылулық, қорғансыздық, оның үлкен жүрегі адамды сүю, адамды құрметтеуден тұратын, табиғи талант екенін бірден дәлелдеген. Премьера «Кино үйінде» болды. Зал көрерменге лық толы. Ол кезде қазіргідей емес, ел-жұрт қуанышты бөлісуге асығатын кез. Біздер студенттер кино үйінің басқышына отырып бақытты боп жататын шақ болатын. Қараңғы залдағы экраннан бір сәт Жұмахан жарқ ете қалғанда, ішімізде екі-үш ұдай ой пайда болды. Біріншісі – таңғалу. Екіншісі – «Жұмаханның орнында мен неге болмадым екен?!» деген қиял... Үшіншісі –Жұмахан Әбдіқадыровпен бірге оқимын деген тәубешілік. Біз Жұмаханды сол кеште қайта тауып, қайта танысқандай болдық. Әсіресе, қыздар... Әншейіндегі театр факультетінің жігіттеріне мұрнын шүйіріп қарайтын музыкант қыздар да, жоғары курстың арулары да Жұмаханды кездессе, құр жібере салмауға тырысқан. Алайда біртоға, қызға қыры жоқ, олармен оңаша қалудан қашатын Жүкең қыз көрсе құтылуға асық болатын. Жұмаханның әкесі Әбдіқадыр өмір бойы наубайханада істеді. Баяғы ФЗУ-да біреулер электрик, біреулер шофер, комбайншы болып оқып жатқанда, Әбдіқадырды мұғалім наубайшының оқуына жіберген. Жұмахан сондықтан да керемет аспаз. Оның жуан саусақтарын көрген адам одан мұны күтпеуі мүмкін. Жұмахан етік те жамайды, жыртылған допты да өзі тігіп, бұзылған кез келген велосипед болсын, сағат болсын жөндей береді. Және сол үшін ешқашан ешкімнен бір тиын алмайды. Әсіресе, баяғыда Жұмаханды «мүгедек» деп театрдан шығарып жібергенде, ол жабырқаған жоқ. Сол маңайдағы автотұрақта күзетші болып істеді. Ел аяғы басылып, оңаша қалғанда көзмайы таусылып сағат жөндейтін. Бұл өзі қызық жұмыс. Әртүрлі тетік. Бірімен-бірі жалғасқан, бірін-бірі көтерген, итерген ұсақ дүниелер. Жұмахан ұзақ түндер ешкімге көрсетпейтін көз жасын, ешкім жоқта осылай төгетін. Жарымжан, мүгедек болып өмір сүрудің мұншалықты азап екенін, мұншалықты қорлық екенін ол ешкімге айтқан жоқ. Иә, иә ол талай рет өзіне-өзі қол жұмсасам деген. Бірақ кішкентай екі қызы мен жары Гүлшатты қалай тастамақ? «Жо-жоқ...» деген Жүкең. «Кеудемдегі жүрегім соғып тұрғанда өлмеймін» деген. Иә... Бұл да Жүкең жайлы аңыздардың бір тармағы.
Жұмахан – батыр жігіт. Екі иығына екі кісі мінердей апайтөс азамат. Ол жас кезінен ұшқыш болуды армандаған. Бірақ әскери комиссия оның көзінен ақау тапты. Жалпы, әскерге, не танк, не артиллерияға барғысы келмеді. Оның үстіне, орысшаға шорқақ. Сөйтіп жүріп бір жылы бекер кетті.
Кененбай 32 жасында мүгедек болып қалды. Алматыдағы киноактерлердің мектеп-студиясын өте жақсы тәмамдаған ол Марк Донскойдың «Алитет уходит в горы» фильміндегі басты рөлдің бірінде Айені ойнады. Бұл – Қызыл Армияның Чукоткіге келуі, ондағы большевизияның орнауы жайлы. Бұл фильмде ол атақты Георгий Жженов, Юрий Леонидов және қырғыздың дарынды әртісі Мұратбек Рысқұловтармен әріптес-серіктес болды. Жас актер үшін бұл әрі бақыт, әрі абырой еді. Бұл оның тек кино, театр ғана емес, қазақ өнерінің есігін еркін ашқан дарынды жас екенінің дәлелі болатын. Кейде пенде болған соң әттеген-ай дейсің ғой. Шіркін... Кенағамыз... Қадірлі Кененбай Қожабеков сау болғанда, экран мен сахнада қаншама образдар жасар еді деп ойлайсың. Әттең... Бірақ шүкір дейсің... Кененбай мүгедек болып жүріп те талай-талай образдар жасады. Әсіресе, «Қыз Жібектегі» Жібектің әкесі Сырлыбай хан, «Құлагердегі» Батырашты және Болат Жамшиевтің «Қасқырлар апанындағы» басты рөл Мұса Шәріповтың образы қазақ киносының алтын қорында қалды.
Жұмахан аз уақыттың ішінде Д.Манабайдың «Сұрапыл Сүржекейінде» Сүржекейді, Т.Өмірзақовтың «Әмина» фильмінде Әминаның әкесін, Қ.Қасымбековтың «Жамбылдың жастық шағы» фильмдеріне түсіп үлгерді. Бірақ ел ішінде оны «Батыр Баяндағы» Баян деп біледі. Фильм Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының желісі бойынша, Смағұл Елубаевтың сценарийімен түсірілген. Бұл тек кинематография үшін емес, жалпы еліміз үшін де өте бір қиын да, мұқтаж кезеңдер болатын. Режиссер Сламбек Тәуекел фильмді Көкшетауда түсірді. Осы фильмде Батыр Баянның туған інісі Ноянның жоңғар қызы Лағдаға ғашық болып, екеуінің қашатын сахнасы бар. Оны жас актер Кеңес Нұрланов пен актриса Амина Махметова ойнайды.
Батыр Баян туған інісі Ноянды да, оның сүйген қызы Лағданы да садақпен атып өлтіреді. Өлтірмеске амал жоқ. Туған ел, туған жер үшін, жау табанында тапталмас еркіндік үшін Баян бәріне баруы тиіс. Халқының болашағы үшін ол бәрін де құрбан етуге дайын. Олардың бар кінәсі бірін-бірі шексіз сүйгендігінде ғана. Таза, адал, махаббаттың құрбаны болған қос ғашық. «Батыр – аңғал» деген. Баян ызамен, лықсып келген ашуымен істерін істеп, жасарын жасап болған соң адами қалпына келеді. Батыр иен далада жалғыз өзі заң еңіреп жүр... Батыр Баян – Жұмахан бұл сахнаны керемет көрсете білді. Оның жан дүниесіне мына дүлей табиғатта тыныш тұра алмады. Төбеден нөсер құйылған. Жұмаханның інісі Бабахан да ер мінезді, ешкімнен тайсалмайтын қорықпайтын жігіт боп өсті. Әлі есінде Жұмахан інісі екеуі әкесіне наубайханаға барып кеш шыққан. Ол кезде Аса аудан орталығы болғанмен, көшелерінде шам жоқ. Қойындарында әкесі үйге беріп жіберген екі-үш бөлке ыстық нан бар. Осы кезде бұрыштан бір топ балалар шығып, бұлардың нандарын тартып алды. Бабахан өте намысшыл... Әлгі жасы үлкен жігіттердің көптігіне қарамай, төбелесті бастап кетті. .... Екеуін бір топ жігіттер әбден тепкіледі. Жұмахан сол сәтте өзі таяқ жеп жатса да, Бабаханды аяған. Оны іштен теуіп, әлгі бандиттер ұрғанда өзі үшін емес, інісі үшін жылаған. Батыр Баян да інісі Ноянды өлтірген сахнасы дәл соны еске түсіргендей. Оның үстіне інісі Бабаханның өмірден өткеніне көп уақыт болған жоқ-ты. Жұмахан бұл қиын сахнаға 1-ақ дубльмен түсті. Әншейінде актерлер камерада жылай алмаса, олардың көзіне глицерин тамызады. Болмаса басқа тамшылар құяды. Ал Жұмахан оған барған жоқ. Өзі жылады. Еңірегенде екі иығы дірілдеп тоқтай алмаған. Түсіру тобы да, оператор, режиссердан бастап жарық берушілер де Жұмаханмен қоса көз жасына ерік берді. Сол күні табиғатта ерекше бір тебіренгендей аспанды қара бұлт жаулап, күздің нөсері қоса құйылған. Жұмахан бұл сахнада тек Қазақфильмнің көгінде емес, әлемдік жұлдыздардың ғарышына көтерілді. Оның тек батырды ғана көрсетпей, білегіне сенген Баянды ғана баяндамай, адами жүрегі нәзік, бауырмал, өткеніне өкіне білетін жаны жаралы, жүрегі қарс айырылған, баһадүр батыр емес, бауырын жоғалтқан Баян болатын. Бұл да Жұмахан жайлы аңыздың бір тармағы.
Белгілі жазушы, сценарист Смағұл Елубаев: «Егер Жұмахан мына жағдайға тап болмағанда, батырлар галлереясын сомдайтын актер еді» дейді өкінішпен. Өте дұрыс айтылған сөз. Шіркін-ай дерсің... Жұмахан экрандағы Махамбетті де, Әбілхайырды да, Абылайды да, Қабанбайды да, яғни кез келген батырларды ойнайтын актер еді.
Кененбайға ең қиын тигені қыздай қосылған жары Риманың үйден кетуі болды. Ұлы Ильяс пен қызы Алена қолында қалған. Ал сүйген жары кете барды. Келіншегінің мүгедек адамның қасында ұзақ отыруға шыдамы жетпеді. Жо-жоқ... Қайта кеткені де дұрыс шығар. Беу дүние-ай... Шабандоз рөліне түскен жап-жас, қараса көз тоятын артистке көз тастамайтын қыз болмайтын. Бірақ Кененбайдың көңілі осы көк көз Римаға түсті. Әкесі Молдан іштей ұлының осы Римаға, өзге елдің қызына үйленемін дегеніне қарсы болғанымен, ештеңе деген жоқ еді. Қайран әкесі іштей сезген екен-ау. Алайда... алайда әттең дүние...
Гүлшат Қазақстанның халық әртісі Шолпан Жандарбекованың курсын тәмамдап келгенде 20-дан жаңа асқан болатын. Жалпы, Гүлшат – Алматы облысының тумасы. Сондықтан да ол оқу бітірісімен алысқа емес, Таразға келді. Қылдырықтай қыпша бел, ұзын бойлы, бидай өңді қыз келе сала театрдың «героинасы» болды. Ол келе сала М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Еңлікті, У.Шекспирдің «Отеллосында» Дездемонаны сомдады. У.Шекспирдің «Гамлетінде» Офелияны, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Анасында» Жер-Ананы т.б. Гүлшат жарының қиын-қыстау кезеңінде қасында сүйеу бола жүріп, театрда да 60-тан аса рөлде ойнады. Жатақханада көріп жүретін қара қызбен Жұмахан Таразда көп сөйлесетін. Екеуі де бірін-бірі ұнатқан... Көп ұзамай үйлі-жаранды болды. Үйелмелі-сүйелмелі Әсел мен Әнель өмірге келді. Тұп-тура Кененбайдың тағдырындай, Жұмахан да көп қиналды. Көп ойланды. Бірде түн ортасы ауғанда сол қорқынышын әйелі Гүлшатқа айтқан. Ал Гүлшат тек басын шайқап жылай берді, жылай берді. «Не болса да, мен сенің мәңгі қасыңдамын» деген. Кейде мен Жұмаханның бүгінде тірі жүруі де осы Гүлшаттың арқасы болар деп ойлаймын.
Бұл сәт, бұл түн Жұмаханды өмірге қайта әкелген. Сол түннен бастап Жұмахан өмір сүрудің не екенін өзіне де, жары Гүлшатқа да, өзге жұртқа да көрсете білді. Иә, Жүкең жайлы бұл да бір аңыз.
Жұмахан Әбдіқадыров бүгінде киноға да түспейді. Сахнаға да шықпайды. Омыртқасына бір емес, екі рет ота жасалды. Әсіресе, екінші рет ота жасауына Елбасы Н.Назарбаевтың да көмегі тиді. Елбасы Жұмахан жайлы газеттен оқып, Жамбылға келгенінде арнайы шақырып, сөйлесіп, Германияда жасалатын отаның ақшасын де шешкен. Өкінішке қарай, ол ота Жұмаханға көмектескен жоқ. Екі қызы бүгінде тұрмыста. Екеуі де Алматыда тұрады. Ал Тараздағы кішкене ғана екі бөлмеде Гүлшат екеуі қалды. Облыстық әкімшілікке рақмет, осыдан 10 шақты жыл бұрын кішкене машина берген. Бар тірегі тек сол. Ал атақ, орден-медаль жайлы сөз болса, Жүкең үнсіз. Баяғыда ойнаған рөлі үшін кім атаққа ұсынады дейсің?! Әттең дүние-ай... Бір бейнебаян не 2-3 ән айтқан пысықайлар «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерін» алып жатқанда, Жұмаханды еске аламын. Ал Жүкең оған философиялық тұрғыдан қарайды. «Мейлі жастар алсын, бізді қойшы» дейді ол.
Батыр денелі баяғыдай ақкөңіл, таза да дархан Жұмахан Әбдіқадыров күнделік жазады, кітап оқиды, жаңалық көреді, жастарға тілек тілеп, дұға жасап отырады. «Тек еліміз, жұртымыз,халқымыз аман болсын!» дейді.
Қазақстанның халық әртісі ұлы Кененбай Қожабековтің көрген қияметіндей, Жұмахан Әбдіқадыров та азапты күндерді артқа тастап, ертегінің батырларындай ұлы өмір көшінде ілесіп келе жатыр. Осы сәтте менде: «Ей, Алла, осындай азаматтың өмірін ұзақ ете гөр, азабын азайта гөр. Болашағының қуанышын көрсете гөр!» деп тілеймін. Оған пәтер де, атақ та, орден-медаль да емес, амандық бере гөр деймін!
Талғат ТЕМЕНОВ,
Қазақстанның халық әртісі, режиссер