Жиылсын қазақ, құйылсын көшің...
Жиылсын қазақ, құйылсын көшің...
156
оқылды

1992 жылдың күзінде 33 елден келген қазақтар Дү­ниежүзі қазақтарының тұң­ғыш құрылтайына жиналған болатын. Сөйтіп, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі бір жылдың ішінде жүзеге асырған теңдессіз іс-шара­ларының қатарына осынау басқосу да қосылды.

Негізі, Қазақстан билігінің шетелдердегі қазақ диас­пора­сымен байланыс орнатып, олар­дың атажұртқа оралуын ұйым­дастыру жұмыстары тәуелсіздік алардан бұрын басталған болатын. Нақты айтқанда, 1991 жылдың наурыз айында сол кездегі Тал­ды­қорған облысының Сарыөзек стансасына Моңғолиядан ал­ғашқы 7 отбасы көшіп келді. Сол жылы жаз бен күзде «еңбек күші» ретінде келген қазақтар саны күрт артты. Ал Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың ұсы­нысымен Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі шешім қабылдап, 1991 жылдың 18 қара­шасында Ми­нистрлер кабинеті «Өзге рес­публикалар мен шетел­дерден Қа­зақстанға келіп, ауыл шаруа­шылығында еңбек етуге тілек білдірген жергілікті ұлт өкіл­дерін көшіріп алу тәртібі мен жағ­дайлары туралы» қаулы қабыл­дады. Сол жылдың 31 желтоқ­санында Елбасы радио арқылы дүниежүзіндегі қазақтарға үндеу арнады да, ол 1992 жылдың 1 қаң­тарда «Егеменді Қазақстан» га­зе­тінде жарияланған еді. Сол жылдың күзінде дүниежүзіндегі қазақ диаспораларының өкілдері Алматыға жиналды. Бұл отыз жылға жуық уақыт ішінде ұйым­дастырылған 5 құрылтайдың алғашқысы еді.

Жазушылар Одағына жүктелген міндет еді

Алғашқы құрылтайды ұйым­дастыруға атсалысқан, сол кезде Президент Әкімшілігінің қыз­меткері болған жазушы Әлібек Асқар әу баста жиынды ұйым­дастыру Жазушылар одағына жүк­телгенін, алайда одақ іс-шараны ұйымдастыруға қауқарсыз болғанын айтады. Сондықтан жиын­ды ұйымдастыру үшін Үкі­меттің қаулысын шығартыпты. «Құрылтайдың алғашқы қо­­нақтары тұтас бір ұшақпен 25 қыр­күйекте Германияның Ганно­вер қаласынан келетіні белгілі болды. Яғни, арада бір ай ғана уақыт бар. Ал қаржылық, құ­қық­тық, кедендік, тағы басқа толып жатқан кедергілері бар халық­аралық масштабтағы мұндай іс-шара үшін бұл тым аз уақыт еді. Жазушылар одағынан біздің аппаратпен жақсы араласып жүр­ген елгезек ағамыз Сұлтанәлі Бал­­ғабаевты шақыртып, дереу Үкі­мет қаулысын дайындауға кірістік. Қаулысыз қаржы да бө­лінбейді, қаулысыз басқа ми­нистрліктер сенің құрылтайыңа пысқырып та қарамайды. Қаулыға министрлердің виза­сын алу деген ол кезде де оңай шаруа емес болатын. Әр министр­лік бес күн қарауы тиіс. Өйтер болсаң, әлі екі ай виза жинаумен сандаласың. Шүкіршілік, қаулы­ның мәтіні дайын болған кезде Мырзатай ағамыз барлық министр мен ведомство басшыларын бөл­месінде жинады да, мәселенің мән-жайын түсіндіріп, белден басып, бәрінің қолтаңбасын күш­пен алып берді. Сөйтіп, 1992 жыл­ғы 27 тамызда Премьер-Министр Сергей Терещенко қол қойған Үкімет қаулысы жарыққа шықты. Құрылтайды әзірлеп, өткізу жө­­нінде Мырзатай Жолдасбеков басқарған Үкіметтік ұйымдастыру коммиссиясы құрылды» деп еске алады Әлібек Асқар. Сөйтіп, 1992 жылы күзде әлемнің 33 мемле­­­кетінен келген 800-ден астам қазақ Алматыда бас қосты. Жалпы, Дүниежүзі қазақ­­та­­рының құрылтайлары қандас­тардың атажұртқа оралуына, келгендердің жаңа ортаға бейім­делуіне, диаспоралармен әлеу­­меттік, экономикалық, рухани-мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған шараларды талқылап, пысықтайтын алаң еді. Оның үстіне, алғашқы құрылтайда Дү­ниежүзі қазақтары қауымдас­тығы құрылған болатын. Жиынға қа­тысушылар қауымдастықтың Төрағасы етіп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаған еді. Ал екін­ші құрылтай араға он жыл салып, 2002 жылы Түркістан қа­ласында өтті. Одан кейінгі құрыл­тайлардың барлығы елордада 2005, 2011 және 2017 жылдары өткен еді. Бұл құрылтайларда түр­лі шешімдер қабылданғанымен, олардың арасында жүзеге асқан­дары немесе аяқсыз қалғандары да болды.

Көші-қон саясатын жүйелеуге ықпал етті

Дегенмен соңғы құрылтай көші-қон саясатын жүйелеу, шетелдердегі қазақ диаспораларын қолдаудың тың тетіктерін қарас­тыру тұрғысынан маңызды болды. «Отандастар» қоры құрылып, жұмыс істеп жатыр. «Оралман­дардың республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Қайрат Бодауханның айтуына қарағанда, Дүниежүзі қазақтары құрылтайлары шеттегі қазақты қолдаудың, олардың атажұртқа оралуын қолдауға ықпал ету те­тіктері қарастырылатын жиын ретінде құнды. «Ел экономикасының нары­қ­тық қатынастарға аяқ басып, адамдар санасының өзгеріп, эко­­номикалық қайта құру басталған сәттерде құрылтай­­­­лар­дың мән-мақсаты заман талабына сай өзгере түсуі керек еді. 90-жыл­­дардың аяғынан құрылтай осы өзгерістерге сай жаңа бетбұрыстар жасай алды деп айту қиын. Соңғы құрылтай осы жайт­тарға қорытынды жасап, Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығы­ның жұмысын жаңа сатыға көтеру мақсатын алға қойды. «Отандастар қоры» КеАҚ құру жөнінде шешім қабылдады. Бұл шеттегі қазақты қолдаудың, елге оралуға ниетті ағайындарға ықпал етудің, келген қандастарды дұрыс жайғас­­­тырудың заман талабына сай тетіктерін жасау, мемлекеттің көші-қон және демографиялық саясатына ықпал ету мақ­­­са­тындағы маңызды шешім болды деп есептеймін», – дейді Қайрат Бодаухан. Алайда кейде құрыл­тайлар өз миссиясын атқармай қалған да кездер болды. Әрі соңғы жылдары этникалық көші-қон да саябырсыған. «Соңғы құрылтайдың маңыз­­­ды шешімдері іс жүзінде көңіл көншітпейді. Оның да түрлі объек­­­­тивтік және субъективтік себептері бары айқын. Дегенмен 4 жыл уақыт ішінде шеттегі қазақтың квота арқылы Отанға оралуы бұрынғыдай сан мыңдаған отбасы емес, тіпті мыңжарым адамнан да аспауы (жылына 300-400 отбасы) осының айқын дә­лелі», – дейді «Асар» қоғамының төрағасы. Әрине, дүниежүзі қазақ­­­­та­рының басын қосып, олардың атажұртқа оралуына ықпал ету, көші-қон процесін дұрыс ұйым­дастыру оңай шаруа емес. Де­­генмен Дүниежүзі қазақтары құ­­­­рылтайларын ұйымдастырудың моральдық-психологиялық аста­ры бар екенін де назарда ұс­таған дұрыс. Осынау іс-шараларды ұйымдастыру арқылы Қазақстан әлемдегі қазақтарға ғана емес, олар мекендейтін мемлекеттердің ресми органдарына месседж жолдайды. Тіпті, диаспораларды түрлі мемлекеттермен қарым-қа­тынас жасауда байла­ныс­тырушы тетік ретінде пайда­­­ланудың да мүмкіндігі бар. Сонымен бірге эт­никалық көші-қон саясатын жүргізуде жастарға көбірек көңіл бөліне бастағанын да атап өту керек. Қазақстан қазір шетелдегі қазақ жастары үшін жоғары білім алуға мол мүмкіндік ұсынып отыр. Бұл да диаспорамен бай­­ланыс үшін таптырмас тетік. Ал мұның барлығы алғашқы құрыл­тайдан басталған еді.

Шетелдегі қандастарды қолдау тәжірибесі

Отыз жылға жуық уақыт ішін­де еліміз шетелдердегі қандас­тардың атамекенге оралуына мүд­делі болумен қатар, оларға түрлі деңгейдегі қолдау көрсету мәселесін де назардан тыс қал­дырған емес. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Қазақстан бұл бағыттағы іс-шараларды жүйелеу үшін бірнеше бағдарлама мен жоспар әзірлеген болатын. Ай­талық, 1992 жылы «Көшіп келу туралы» заң қабылданса, 1996 жылғы 31 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың №3308 Жарлығымен «Қазақстанның шет елдердегі отандастарды қол­дауының мемлекеттік бағдар­­ламасы» бекітілді. 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заң қабылданып, 2005 жылдың 21 қарашасында Президенттің №1673 Жарлығымен «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» бекітілді. Соңғы бағдарлама 2009 жылға дейін жұмыс істеп, сол жылдың 18 маусымында Елба­­сының №829 Жарлығымен күші жойылды. Дегенмен 2018 жылғы мамырда Үкіметтің №280 қау­лысымен «Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілген еді. Қазір Үкімет аталған жоспар негізінде әрекет етіп жатыр. Міне, бұлар шетелдегі қазақтарды қол­даудың құқықтық-норма­тивтік негіздері. Одан бөлек, Қазақ­станның ұрымтал сәттерде диас­пораның мәртебесін көтеріп тас­таған кездері де болды. Айта­лық, Майра Мұхамедқызы, Шұ­ғыла Сапарғалиқызы тәрізді өнер­­паздардың, Қанат Ислам тәрізді спортшылардың, Дөр­бетхан Сұраған қатарлы ғалым­­дардың атажұртта еңбек етіп, өз мүм­кіндіктерін паш етулеріне ықпал етті. Ал 2016 жылы Баян-Өлгей аймағында болған селден аза­маттар зардап шеккенде Ел­ба­сының тапсырмасымен сол кез­дегі Премьер-Министр К.Мә­­­­­сі­мовтің аталған өңірге баруы да диаспораға қажет кезінде ма­те­риалдық қолдау көрсетуге даяр екенімізді дәлелдеген оқи­ға еді. Жалпы, шетелдердегі қазақ диаспораларын қолдау мен этникалық көші-қонды ұйым­­дастырудың нәтижесінде 1991-2021 жылдар аралығында ата­жұртқа 1 миллионнан астам қан­дасымыз көшіп келді. Олар­дың атажұртта өсіп-өнгені тағы бар. Бұл тәуелсіздіктің елең-алаң ша­ғында ұйымдастырылған ал­ғашқы құрылтай мен этникалық көші-қонның жемісі болса керек.

Ардақ СҰЛТАН