Ауа ластайтын алпауыт
Ауа ластайтын алпауыт
141
оқылды

Жыл сайын экология ахуалы күрделеніп бара жатқанын көріп отырмыз. Оның ішінде ауаның ластануы тізгін бермей тұр. Бұл тұста Теміртау қаласын айтпай кетуге болмас. Бір ғана «АрселорМитталТеміртау» компаниясы бүтін қаланы зиянды қалдығы көп қою түтінге көміп жатыр. Өндіріс болғаны жөн-ақ, әйтсе де қазір қалдықты сүзгіден өткізіп, біраз мәселенің алдын алуға болатын мүмкіндік бар. Дегенмен алпауыт компания осы кезге дейін мұндай оңтайлы амалға көңіл бөлмеген тәрізді. Сөзімізді Экология министрлігі де растап отыр.

Кәсіпорын министрді менсінбей ме?

Жуырда ғана Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «Арселор­Мит­тал» компаниясының вице-пре­зиден­ті Вижай Гоялмен кездесті. Жиын кезінде министр компания бас­шылығына экология мәселесіне қатысты бірнеше міндет жүктеген. Кәсіпорынға шектен шыққанын ескерткені құптарлық. Әйтсе де, алды­мен біз көңіл аударған дүние­мізді тілге тиек етсек. Кездесуге ком­пания басшысының өзі емес, орынбасары келді. Осыған қарап, өндіріске қатысты басқосуларда жиі бой көрсетер басшысы экология мәселесіне келгенде кездесуге құ­лықсыз ба деп болжадық. 2019 жылы да кәсіпорын ауаны ластап отырғаны үшін осындай бір ескерту алды. Одан нәтиже шығарған компанияны көрмедік. Зиянды қалдық көлемін 60 мың тоннаға азайтуы тиіс еді, өз­геріссіз қалды. Салғырттық па? Сал­ғырттық. Қош, енді министрдің баса назар аударған мәселелеріне қайта оралсақ. Ведомство басшысының айтуы бо­йынша, «АрселорМиттал» метал­лургия кешені атмосфераға жылына 230 мың тоннадан (2020 жылы 250 мың тонна) астам зиянды заттар шығарады. Қаланың әр тұрғыны шамамен 11 тонна зауыт қалдығын «жұ­тады» екен. «Кәсіпорында тек қағаз жүзінде көзбояушылық үшін жұмыс істейтін тиімділігі аз табиғат қорғау шаралары енгізілген», – дейді министр. Ақыры жиын соңында Мыр­зағалиев «АрселорМиттал» бас­шы­лығына алдағы 4 жыл ішінде зиянды қалдық көлемін кемі 30 па­йызға азайтып, өндірісті жүйелеуді тапсырды. Дегенмен бұл тапсыр­малар орындала қоя ма, ол жағы беймәлім, уақыт еншісінде. Негізі, Қазақстан бойынша жыл сайын атмосфераға түрлі стацион­арлық көздерден 2,5 млн тонна улы газ бен заттар таралады. Соның 10 пайызын, 250 мың тоннасын «Арсе­лор­Миттал»-дың бір өзі шығарып отыр. Бұдан кейін «ауа ластайтын алпауыт» демей көріңіз. Компания экология үшін не істеді? Соңғы 5 жылдың ішінде кәсіпорын табиғатты қорғау бағытына 28 млрд теңге жұм­саған. Сондағы жетістігі – зиянды қалдық көлемін бар болғаны 0,08 пайызға ғана азайтыпты. Экология министрлігі 3 жыл бойы мониторинг жүргізген. 19 рет тексеріп, 50 мәрте жазбаша ескерту беріпті. Тіпті, компаниядан 5 млрд теңгеден астам айыппұл да өндірген. Экологияға мән беретін әлем елдерінде кәсіпорындар қалдықты өңдеп, технологияларын жаңартып отыруға міндетті. Жалпы, «Арселор­Мит­тал»-да зиянды түтінді тазалай­тын арнайы құрылғылар жоқ емес. Соған қарамастан құрылғы бұзылған уақытта кәсіпорын оны қалпына келтірмей қойған. Оның үстіне, әлі күнге дейін ескірген құрал-жабдық­тарды пайдаланған. Осы жайттарды ескерген Экология министрлігі жақында «АрселорМиттал»-ға тағы 1,8 млрд теңгеге экологиялық залал кел­тіргені туралы шағым айтқан болатын. Бірақ компания мұны да дауға айналдырды. Барлық өңірде экология мәселесі күрделі. Әр өңірдің экологиялық ерекшеліктері бар. Теміртауда ауа тым лас. Егер жөндеп зер салып, жүйе­лі іс атқарылса, бір-ақ жылдың ішінде мәселені шешуге болар еді. Жаңа Экология кодексі қабылдан­ғанын білеміз. Бірақ механизмдерді жетілдіруге тәжірибеміз жеткіліксіз. Ауа мәселесіне келгенде кәсіпорын­дар дұрыс жұмыс істемейді, болмаса ескі технологияларды қолданады. Кә­сіп­орындар стратегиялық бағы­тын қайта қарау керек. Халық алдын­да ашық болғаны жөн. Сол арқылы ауа құрамындағы улы газды азайту үшін міндеттеме алып отыруы қажет, - дейді эколог Елдос Абақанов. Жалпы, ауа мәселесі Теміртаудан бө­лек, кез келген аймақта оңып тұр­ған жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының 2018 жылы жаса­ған мониторингіне сенсек, халқы­мыз­дың 30 пайызы, яғни 5 млн-ға жуық қазақстандық атмосфералық ауа ластанған жерде өмір сүріп жа­тыр. Оның үстіне, 2 млн қазақстандық ауа­сы шамадан тыс ластанған аймақ­тардың аранында тұр. Энергетика ми­нистрлігінің болжамы бойынша, орташа есеппен елімізде ауа жыл сайын 0,28 градусқа жылынып бара­ды. Бұл да сол өндіріс нысандарының әсерінен. Ал Қазгидромет деректері мұны растап отыр. 2018 жылы Қазақ­станның 13 өңірінде ауаның өте лас екені анықталған. Қазақстанның осыдан бірнеше жыл бұрын «Париж» халықаралық келісіміне қол қой­ғанын білеміз. Енді еліміз 2030 жыл­ға дейін ауаға бөлінетін улы газдың мөлшерін 1990 жылдағыдай азайтуы тиіс. Яғни, парниктік газдар, соның ішінде көмірқышқыл газын мүмкін­дігінше шектеп, ауадағы мөлшерін кем дегенде 55 пайызға дейін түсіруі тиіс. Бірақ жоғарыдағы Қазгидро­меттің қорытындысына қарап бұл міндеттің орындалуы неғайбіл деген ойға қаласыз.

Мадияр ТӨЛЕУ