Шымкенттің даму көрсеткіші жоғары
Шымкенттің даму көрсеткіші жоғары
207
оқылды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің халық алдын­дағы есебі онлайн форматта өтті. Онда қала басшысы өткен жылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, осы жылға белгіленген жоспарларды баяндады. Мұрат Дүйсенбекұлы алдымен өткен жылдың бүкіл әлемді жайлаған індетпен күрес жағдайында өрбігенін,  адам баласына үлкен қауіп төндіріп, өмір сүру дағдымызды өзгерткеніне тоқталды. «Сынақ са­ғымызды сындырған жоқ, керісінше біріктірді. Кемшін тұс­тарымызды көрдік, жаңа бағдар алдық, қарапайым қарым-қа­тынастың құндылығын түсіндік, той-думандап жүретін бей­біт заманның бағасын білдік», – деді ол. Осынау ел басына күн туған тұста Елбасы бастама көтеріп құрылған Biz Birge­miz қоғамдық қорынан қазақстандық 655 мың аз қамтылған отбасы көмек алса,  оның 41 мыңы Шымкент қаласынан болған. Үшінші мегаполисте былтыр 26 мыңнан астам кәсіп­кер мүлік және табыс салықтарынан босатылып,  1 482 кәсіп­кердің 13 млрд теңге несие төлемі кейінге шегерілген.

Мәдениет саласының халыққа жұмыс істейтін кезі келді

Тышқан жылы сынаққа толы жыл болғанына қарамастан  Шым­кент қаласы жылды жақсы көрсет­кіштермен аяқтаған. Қала бюджеті 244 млрд теңгеден 463 млрд теңгеге дейін өскен. Қала тарихында ал­ғаш рет 1 млн шаршы метрден ас­там тұрғын үй құрылысы жүріп, инвестиция көлемі 41 пайызға ар­тыпты. Басқа да салаларда жетіс­тіктер жоқ емес. Мұрат Әйтенов шаһарды барлық көрсеткіш бо­йын­ша республикалық қала дең­гейіне жеткізу үшін Шымкент қа­ла­сы тұрғындарының алдында адами капиталды өсіру, инфра­құрылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, баспаналы болу, Шымкент – халыққа қолайлы қала атты бес ортақ мақсат тұрғанын жеткізді. Үшінші мегаполистің ең басты артық­шылығы қала халқының күн­нен-күнге өсіп келе жатқанын атап өткен қала басшысы осы тұс­та  білім саласы басты назарда еке­нін тілге тиек етті. Халық саны­ның өсуінен былтыр бір жылда мектеп оқушыларының саны 20 889 балаға көбейген.  Бүгінде Шым­кентте 14 үш ауысымды, 1 апатты мектеп бар. 13 тұрғын ала­бында мектеп мүлде жоқ. Осынау білім саласының инфра­құры­лымын шешу үшін былтыр 5 жылға жоспар жасалып, 2025 жылға дейін 85 мектеп ашылмақ. Биыл 32 мектептің құрылысы бас­талады. Алдағы үш жылда Шым­кент­те үш ауысымды мектеп мә­селесі толық шешілмек. Адами капиталды дамытуда ден­саулық сақтау саласының ма­ңызы зор. Былтыр Шымкентте 31 455 сәби дүниеге келген. Биыл қала­дағы екі перзентханада күр­делі жөндеу жүріп жатыр. Денсау­лық сақтау саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары дайындалуда. «Бастапқы меди­цина­лық көмекке көп көңіл бөле­тін боламыз. Бұл салаға жеке ин­вес­торлар келіп жатыр. Жеке ем­ханалардан бөлек, биыл мың орын­дық заманауи аурухана құ­рылысын бастау жоспарда тұр», – деді Мұрат Дүйсенбекұлы. Сондай-ақ былтыр медицина са­ла­сына бұрын-соңды болмаған қаржы бөлінген. Мысалы, 2019 жылы шамамен 42 млрд теңге бөлінсе, 2020 жылы  80 млрд теңгеге жуық қаржы аударылған. Биыл да осы деңгейде қаражат қа­ра­лыпты. Өздеріңізге белгілі, биыл Шым­­кент қаласының мәдени-рухани өмірінде оң өзгерістер бар. Жыл басынан бері бұл салаға та­ны­мал, тәжірибелі жаңа мамандар келді. Қала басшысы осы тұрғыда оларға жоғары талап қойылып отырғанын жеткізді. «Мәдениет мекемелерінің жылдық бюджеті­нің 98 пайызын мемлекет беріп,  2 пайызын ғана мекемелер өздері тауып отыр. Биыл мәдениет меке­мелеріне 30 пайызға дейін қаржы табу жүктелді. Мәдениет саласына халыққа, яғни нарыққа жұмыс істейтін кез келді», – деді ол.

Шымкент инвестиция тартудан екінші орында

Жері ұлғайып, тұрғындардың қала шетіне қоныстануы көбейіп жатқандықтан, Шымкент қала­сын­дағы үлкен проблемалардың бірі – инфрақұрылым. Қазір қаладағы 81 тұрғын алабының 69-ы орталық ауызсу жүйесіне қо­сылса, оның 5 тұрғын алабы кестемен, 7 тұрғын алабы суды тасып ішіп отыр. Ал қаладағы 81 тұр­ғын алабының 65-і сапалы элек­тр қуатымен қамтылған. Биыл 10 тұрғын алабында электр желі­лері­нің құрылысы пайдалануға беріліп, 21 мыңнан астам адам сапалы электрмен қамтамасыз етіл­еді екен.  Сонымен қатар 40 тұр­ғын алап сапалы газбен қам­тыл­ған. Биыл 8 тұрғын алабына газ құбырын тарту жұмыстары бас­талмақ. «Кейбір тұрғындар «су жоқ, газ жоқ немесе жол жоқ» деп шағымданып жатады. Шағым­дары­ңыз орынды. Барлық проб­лема­ны білеміз. Осы мәселелерді шешу үшін жоспарымыз бар. 2023 жылға дейін халық 100 пайыз сапа­лы ауызсуға, 100 пайыз табиғи газ­ға, 2025 жылға дейін 100 пайыз сапалы электр қуатына қосылады» деп уәде берді қала басшысы. Одан бөлек, қалада жел тұрса жарықтың өшіп қала беруін электр желі­лері­нің көп жерде аспалы екенімен, жаңа­дан тартылатын электр желі­лерінің басым бөлігі жердің ас­тымен жүргізетінін жеткізді. Қала құрылысының дамуына да табиғи газдың жетіспейтіні, сапалы элек­­тр қуатының тапшылығы қол­бай­лау болып отырғанын жа­сыр­мады. Бұл тұрғыда АГРС пен Бозарық қосалқы стансасының құрылысы жүріп жатыр. Есепті жиында қалаға сапалы жылу беру үшін тозығы жеткен құбырларды кезең-кезеңімен ауыс­тыру қажеті де айтылды. Был­тыр жол жөндеу жұмыстары қар­қын­ды жүрді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есеге артыпты. Биыл да бұл салада ауқымды шара­лар атқарылмақ. Қалада үш өн­дірістік аймақ жұмыс істейді, тағы үш аймақ ашу көзделіп отыр. Үшінші мегаполисте кәсіпкер­лікке қолдау көрсетіп, инвестиция тартуға басымдық берілген.  Со­ның арқасында былтыр инвес­тиция көлемі 41 пайызға өсіп, 278,5 млрд теңгеге жеткен. Өсім бойынша, Шымкент қаласы рес­пуб­ликада 17-орыннан 2-орын­ға шықты.  Биыл қалаға 330 млрд теңгеден астам инвестиция тар­тыл­мақ.  Есепті жиында бас­па­на мәселесі де назардан тыс қалма­ды. Өткен жылы салынған үйлер бо­йынша қала тарихында рекорд­ты көрсеткішке қол жеткізілген. Десе де,  салынып жатқан үйлердің 85 пайызы мемлекеттік үйлер бол­ған соң бюджетке тәуелді, сондық­тан тұрғындарды коммерциялық үй­лер тұрғызатын компанияларды қолдауға шақырды.

Тағы 440 автобус келеді

Қала әкімдігінде Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемле­кет» тұжырымдамасы да жақсы жолға қойылған.  Қалада тәулік бойы тұрғындарға 109 желісі арқылы қызмет ететін  iKomek бай­ланыс орталығы іске қосылған. Ашылғалы бері халықтан 80 мың­нан астам өтініш келіп түскен. Одан бөлек, қала басшысы Шым­кент­ті бақ қалаға айналдыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Келешекте қаладағы ағаш қоры екі есеге өсіп, алты жарым млн түп ағаш егілмек. Халыққа қолайлы жағдай жасау үшін былтыр 590 жаңа автобус сатып алынса, биыл тағы  440 жаңасы келмек. Қала басшысы есепті баян­дамадан соң қала тұрғындары жолдаған бірқатар сауалға жауап беріп, мазалаған мәселелерін шешуді тиісті сала басшыларына жүктеді.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы