Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің халық алдындағы есебі онлайн форматта өтті. Онда қала басшысы өткен жылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, осы жылға белгіленген жоспарларды баяндады. Мұрат Дүйсенбекұлы алдымен өткен жылдың бүкіл әлемді жайлаған індетпен күрес жағдайында өрбігенін, адам баласына үлкен қауіп төндіріп, өмір сүру дағдымызды өзгерткеніне тоқталды. «Сынақ сағымызды сындырған жоқ, керісінше біріктірді. Кемшін тұстарымызды көрдік, жаңа бағдар алдық, қарапайым қарым-қатынастың құндылығын түсіндік, той-думандап жүретін бейбіт заманның бағасын білдік», – деді ол. Осынау ел басына күн туған тұста Елбасы бастама көтеріп құрылған Biz Birgemiz қоғамдық қорынан қазақстандық 655 мың аз қамтылған отбасы көмек алса, оның 41 мыңы Шымкент қаласынан болған. Үшінші мегаполисте былтыр 26 мыңнан астам кәсіпкер мүлік және табыс салықтарынан босатылып, 1 482 кәсіпкердің 13 млрд теңге несие төлемі кейінге шегерілген.
Мәдениет саласының халыққа жұмыс істейтін кезі келді
Тышқан жылы сынаққа толы жыл болғанына қарамастан Шымкент қаласы жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтаған. Қала бюджеті 244 млрд теңгеден 463 млрд теңгеге дейін өскен. Қала тарихында алғаш рет 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы жүріп, инвестиция көлемі 41 пайызға артыпты. Басқа да салаларда жетістіктер жоқ емес. Мұрат Әйтенов шаһарды барлық көрсеткіш бойынша республикалық қала деңгейіне жеткізу үшін Шымкент қаласы тұрғындарының алдында адами капиталды өсіру, инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, баспаналы болу, Шымкент – халыққа қолайлы қала атты бес ортақ мақсат тұрғанын жеткізді. Үшінші мегаполистің ең басты артықшылығы қала халқының күннен-күнге өсіп келе жатқанын атап өткен қала басшысы осы тұста білім саласы басты назарда екенін тілге тиек етті. Халық санының өсуінен былтыр бір жылда мектеп оқушыларының саны 20 889 балаға көбейген. Бүгінде Шымкентте 14 үш ауысымды, 1 апатты мектеп бар. 13 тұрғын алабында мектеп мүлде жоқ. Осынау білім саласының инфрақұрылымын шешу үшін былтыр 5 жылға жоспар жасалып, 2025 жылға дейін 85 мектеп ашылмақ. Биыл 32 мектептің құрылысы басталады. Алдағы үш жылда Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілмек. Адами капиталды дамытуда денсаулық сақтау саласының маңызы зор. Былтыр Шымкентте 31 455 сәби дүниеге келген. Биыл қаладағы екі перзентханада күрделі жөндеу жүріп жатыр. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары дайындалуда. «Бастапқы медициналық көмекке көп көңіл бөлетін боламыз. Бұл салаға жеке инвесторлар келіп жатыр. Жеке емханалардан бөлек, биыл мың орындық заманауи аурухана құрылысын бастау жоспарда тұр», – деді Мұрат Дүйсенбекұлы. Сондай-ақ былтыр медицина саласына бұрын-соңды болмаған қаржы бөлінген. Мысалы, 2019 жылы шамамен 42 млрд теңге бөлінсе, 2020 жылы 80 млрд теңгеге жуық қаржы аударылған. Биыл да осы деңгейде қаражат қаралыпты. Өздеріңізге белгілі, биыл Шымкент қаласының мәдени-рухани өмірінде оң өзгерістер бар. Жыл басынан бері бұл салаға танымал, тәжірибелі жаңа мамандар келді. Қала басшысы осы тұрғыда оларға жоғары талап қойылып отырғанын жеткізді. «Мәдениет мекемелерінің жылдық бюджетінің 98 пайызын мемлекет беріп, 2 пайызын ғана мекемелер өздері тауып отыр. Биыл мәдениет мекемелеріне 30 пайызға дейін қаржы табу жүктелді. Мәдениет саласына халыққа, яғни нарыққа жұмыс істейтін кез келді», – деді ол.Шымкент инвестиция тартудан екінші орында
Жері ұлғайып, тұрғындардың қала шетіне қоныстануы көбейіп жатқандықтан, Шымкент қаласындағы үлкен проблемалардың бірі – инфрақұрылым. Қазір қаладағы 81 тұрғын алабының 69-ы орталық ауызсу жүйесіне қосылса, оның 5 тұрғын алабы кестемен, 7 тұрғын алабы суды тасып ішіп отыр. Ал қаладағы 81 тұрғын алабының 65-і сапалы электр қуатымен қамтылған. Биыл 10 тұрғын алабында электр желілерінің құрылысы пайдалануға беріліп, 21 мыңнан астам адам сапалы электрмен қамтамасыз етіледі екен. Сонымен қатар 40 тұрғын алап сапалы газбен қамтылған. Биыл 8 тұрғын алабына газ құбырын тарту жұмыстары басталмақ. «Кейбір тұрғындар «су жоқ, газ жоқ немесе жол жоқ» деп шағымданып жатады. Шағымдарыңыз орынды. Барлық проблеманы білеміз. Осы мәселелерді шешу үшін жоспарымыз бар. 2023 жылға дейін халық 100 пайыз сапалы ауызсуға, 100 пайыз табиғи газға, 2025 жылға дейін 100 пайыз сапалы электр қуатына қосылады» деп уәде берді қала басшысы. Одан бөлек, қалада жел тұрса жарықтың өшіп қала беруін электр желілерінің көп жерде аспалы екенімен, жаңадан тартылатын электр желілерінің басым бөлігі жердің астымен жүргізетінін жеткізді. Қала құрылысының дамуына да табиғи газдың жетіспейтіні, сапалы электр қуатының тапшылығы қолбайлау болып отырғанын жасырмады. Бұл тұрғыда АГРС пен Бозарық қосалқы стансасының құрылысы жүріп жатыр. Есепті жиында қалаға сапалы жылу беру үшін тозығы жеткен құбырларды кезең-кезеңімен ауыстыру қажеті де айтылды. Былтыр жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүрді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есеге артыпты. Биыл да бұл салада ауқымды шаралар атқарылмақ. Қалада үш өндірістік аймақ жұмыс істейді, тағы үш аймақ ашу көзделіп отыр. Үшінші мегаполисте кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, инвестиция тартуға басымдық берілген. Соның арқасында былтыр инвестиция көлемі 41 пайызға өсіп, 278,5 млрд теңгеге жеткен. Өсім бойынша, Шымкент қаласы республикада 17-орыннан 2-орынға шықты. Биыл қалаға 330 млрд теңгеден астам инвестиция тартылмақ. Есепті жиында баспана мәселесі де назардан тыс қалмады. Өткен жылы салынған үйлер бойынша қала тарихында рекордты көрсеткішке қол жеткізілген. Десе де, салынып жатқан үйлердің 85 пайызы мемлекеттік үйлер болған соң бюджетке тәуелді, сондықтан тұрғындарды коммерциялық үйлер тұрғызатын компанияларды қолдауға шақырды.Тағы 440 автобус келеді
Қала әкімдігінде Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да жақсы жолға қойылған. Қалада тәулік бойы тұрғындарға 109 желісі арқылы қызмет ететін iKomek байланыс орталығы іске қосылған. Ашылғалы бері халықтан 80 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Одан бөлек, қала басшысы Шымкентті бақ қалаға айналдыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Келешекте қаладағы ағаш қоры екі есеге өсіп, алты жарым млн түп ағаш егілмек. Халыққа қолайлы жағдай жасау үшін былтыр 590 жаңа автобус сатып алынса, биыл тағы 440 жаңасы келмек. Қала басшысы есепті баяндамадан соң қала тұрғындары жолдаған бірқатар сауалға жауап беріп, мазалаған мәселелерін шешуді тиісті сала басшыларына жүктеді.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы