«Ақылы жолға» күмән көп
«Ақылы жолға» күмән көп
119
оқылды

Елбасы бастамасымен салынған «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі бүгінде ел экономикасының күре­тамырына айналды. Қазір де қайнаған тіршілік осы күре­жолдың бойында. Пайдалануға берілген күннен бастап күрежол келешекте ақылы болатыны жұрт арасында айтылып жүрді. «Халық айтса – қалт айтпайды» дегендей бұл сыбыс ақыры шындыққа айналар түрі бар. Өйткені нарық талабы солай.

Біле білсеңіз, мемлекеттік бағдар­ламаға  сәйкес, 2024 жылдың аяғына қарай елдегі 11 мың шақырым жол, яғни республикалық маңызы бар тас­жолдың жартысы ақылы болады. Оның ішінде «Қарабұтақ–Қызыл­орда» және «Қызылорда–Шымкент» жол учаскелері бар. Бұл туралы Қы­зыл­орда қаласында өткен қоғамдық тыңдауда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілі Бауыржан Камаладин айтты. Қоғамдық тыңдауда жеңіл авто­көлік үшін ІІ-ІІІ техникалық санат­тағы жолдармен жүру тегін, ал І санат­тағы автожолдарға іргелес аудандар­дың тұрғындарына жылдық абонемент бойынша жеңілдікпен жол жүру ұсы­нылатыны туралы айтылды. Мы­са­лы, автодәліздің Қызылордадан батыс аудандар бағытындағы жол ІІ санатта болғандықтан, онда жүк авто­көліктері үшін ғана ақылы болмақ. Ал Шымкент бағытында жеңіл авто­көліктер үшін де төлем жасалады. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ  өкілдері жолдарда төлем қабылдаудың «ашық» жүйесі енгізілетінін назарға салды. Бұл ақылы учаскелерде шлагбаум­дардың болмауын көздейді. Яғни, көліктердің мемлекеттік нөмірлерін тіркеу, жүріп өткен жол үшін ақы алу бақылау аркаларына бекітілген арна­йы камералар және жабдықтардың көмегімен жүзеге асады. Жол ақысын төлеу үшін автокөліктің мемлекеттік нөмірі бойынша шотты толтырудың 20-дан астам түрі қарастырылған екен.

Түскен пайда қайда жұмсалады?

Бұған дейін елімізде ақылы жол ең алғаш рет 2013 жылы «Астана–Бурабай» бағытында ашылыпты. Бір жылда бір миллиардқа жуық қаржы түскен. Одан кейін «Нұр-Сұлтан–Теміртау», «Алматы–Қапшағай» және «Алматы–Қорғас» аралығында бар­лығы 682 шақырым болатын жол ақы­лы жүйеде жұмыс істеуге көшті. Өткен жылы осы жолдарды пайдалану нәтижесінде 5 млрд теңгеден астам қаржы түскен. Бұл қаржы жол учаске­лерін жөндеуге, оны жақсы жағдайда ұстап тұруға, сервистік қызметтерді жақсартуға және тағы басқа да игілік көзіне жұмсалған. Енді көп ұзамай «Қарабұтақ–Қы­зыл­орда» және «Қызылорда–Шым­кент» жол учаскелері ақылы жүйеге кө­шеді. Ақылы жүйені енгізу жүр­гізушілер мен жолаушылардың қауіп­сіздігін және жайлылығын қамтамасыз етуге, жол апатын азайтуға, жол инфрақұрылымының дамуына ықпал ететін болады.

Төлем жүйесі һәм тұрғындар уәжі

Барлық төлем жүйесі енгізілген автожолда міндетті түрде жарық­тандыру, үй жануарларының жолға шығып кетпеуі үшін қоршаулар, сондай-ақ түнгі уақытта жүргізуші­лердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы белгілер мен катафоттар орнатылады. Ал мониторинг жүргізу­дің заманауи смартжүйесі жолдағы көліктердің легі мен жылдамдығын бақылайды. Сонымен қатар арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді. Жүргізушілер тәулік бойы 1403 Сall-орталығына тегін қоңырау шалып, ақылы автожолдарға қатысты сұрақ­тарына жауап ала алады. Міне, ақылы жолдың бір тиімді тұсы осы болмақ. «Түнде автожолда мал көп жүреді. Көлікті ойдағыдай жүргізуге кедергі келтіреді. Осының кесірінен талай адам зардап шекті. Тағы бір мәселе, біздің аймақтың елді мекендері сонау Аралдан бастап Жаңақорғанға дейін осы ақылы болатын күрежолдың бойында орналасқан. Мұндағы халық күніне бірнеше рет әрі-бері өтеді. Олар да әр жүргеніне ақы төлей ме?» деген сауалды көлік жүргізушілері ортаға салды. Оған қатысты мамандар облыс аумағында тіркелген жеңіл автокөліктер үшін бір жылға 1 мың теңге абонементтік төлем қарастырыл­ғанын жеткізді. Ал қоғам белсендісі Талғат Нау­рызбаев: «Көлігің бар ма, жоқ па, бұл мәселе бәрімізге қатысты. Себебі кү­ріш пен тұздан басқа ештеңе шығар­майтын біздің өңірде барлық тауар мен зат осы жолмен әкелінеді. Ал енді осы жолды ақылы жолға айналдыру бағаның одан әрі өсуіне соқтырады. Сонымен бірге қалааралық автобус пен такси қызметінің бағасы да кө­теріледі. Жыл сайынғы көлікке төлеп отырған салығымыз қайда?! Ең бол­мағанда облыс тұрғындарының жеңіл көліктері тегін, ал қалған транзиттік және коммерциялық мақсаттағы кө­ліктерді ақылы түрде жүргізілуі ен­гізілсін» деген пікірді айтады. Осылайша, ақылы жол болуын қалайтындар да және оған қарсы пікір білдірушілер де табылды. Мамандар болса, ақылы жол нарықтық эко­номика­дағы елдер үшін қалыпты жағ­дай екенін алға тартады. Айта кетейік, ақылы жолды пай­да­лану тәжірибесінің табысты іске асуына байланысты 2019 жылы ин­фра­құрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мем­лекеттік бағдарламасы қабылдан­ды. Индустрия және инфрақұрылым­дық даму министрлігі «Алдағы 2025 жылы 11 мың шақырымдық жол ақылы негізге айналғанда жыл сайын 70 млрд теңгеден астам қаржы түсе­тінін» болжап отыр. Демек, қалай бол­ғанда да күрежол ерте ме, кеш пе ақы­лы болатыны анық. Дей тұрған­мен, жүйе жүзеге асу кезінде көпшілік­тің сауалдары мен ұсыныс-пікірлері де ескерілсе игі.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы