Елбасы бастамасымен салынған «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі бүгінде ел экономикасының күретамырына айналды. Қазір де қайнаған тіршілік осы күрежолдың бойында. Пайдалануға берілген күннен бастап күрежол келешекте ақылы болатыны жұрт арасында айтылып жүрді. «Халық айтса – қалт айтпайды» дегендей бұл сыбыс ақыры шындыққа айналар түрі бар. Өйткені нарық талабы солай.
Біле білсеңіз, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, 2024 жылдың аяғына қарай елдегі 11 мың шақырым жол, яғни республикалық маңызы бар тасжолдың жартысы ақылы болады. Оның ішінде «Қарабұтақ–Қызылорда» және «Қызылорда–Шымкент» жол учаскелері бар. Бұл туралы Қызылорда қаласында өткен қоғамдық тыңдауда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілі Бауыржан Камаладин айтты. Қоғамдық тыңдауда жеңіл автокөлік үшін ІІ-ІІІ техникалық санаттағы жолдармен жүру тегін, ал І санаттағы автожолдарға іргелес аудандардың тұрғындарына жылдық абонемент бойынша жеңілдікпен жол жүру ұсынылатыны туралы айтылды. Мысалы, автодәліздің Қызылордадан батыс аудандар бағытындағы жол ІІ санатта болғандықтан, онда жүк автокөліктері үшін ғана ақылы болмақ. Ал Шымкент бағытында жеңіл автокөліктер үшін де төлем жасалады. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері жолдарда төлем қабылдаудың «ашық» жүйесі енгізілетінін назарға салды. Бұл ақылы учаскелерде шлагбаумдардың болмауын көздейді. Яғни, көліктердің мемлекеттік нөмірлерін тіркеу, жүріп өткен жол үшін ақы алу бақылау аркаларына бекітілген арнайы камералар және жабдықтардың көмегімен жүзеге асады. Жол ақысын төлеу үшін автокөліктің мемлекеттік нөмірі бойынша шотты толтырудың 20-дан астам түрі қарастырылған екен.Түскен пайда қайда жұмсалады?
Бұған дейін елімізде ақылы жол ең алғаш рет 2013 жылы «Астана–Бурабай» бағытында ашылыпты. Бір жылда бір миллиардқа жуық қаржы түскен. Одан кейін «Нұр-Сұлтан–Теміртау», «Алматы–Қапшағай» және «Алматы–Қорғас» аралығында барлығы 682 шақырым болатын жол ақылы жүйеде жұмыс істеуге көшті. Өткен жылы осы жолдарды пайдалану нәтижесінде 5 млрд теңгеден астам қаржы түскен. Бұл қаржы жол учаскелерін жөндеуге, оны жақсы жағдайда ұстап тұруға, сервистік қызметтерді жақсартуға және тағы басқа да игілік көзіне жұмсалған. Енді көп ұзамай «Қарабұтақ–Қызылорда» және «Қызылорда–Шымкент» жол учаскелері ақылы жүйеге көшеді. Ақылы жүйені енгізу жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін және жайлылығын қамтамасыз етуге, жол апатын азайтуға, жол инфрақұрылымының дамуына ықпал ететін болады.Төлем жүйесі һәм тұрғындар уәжі
Барлық төлем жүйесі енгізілген автожолда міндетті түрде жарықтандыру, үй жануарларының жолға шығып кетпеуі үшін қоршаулар, сондай-ақ түнгі уақытта жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы белгілер мен катафоттар орнатылады. Ал мониторинг жүргізудің заманауи смартжүйесі жолдағы көліктердің легі мен жылдамдығын бақылайды. Сонымен қатар арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді. Жүргізушілер тәулік бойы 1403 Сall-орталығына тегін қоңырау шалып, ақылы автожолдарға қатысты сұрақтарына жауап ала алады. Міне, ақылы жолдың бір тиімді тұсы осы болмақ. «Түнде автожолда мал көп жүреді. Көлікті ойдағыдай жүргізуге кедергі келтіреді. Осының кесірінен талай адам зардап шекті. Тағы бір мәселе, біздің аймақтың елді мекендері сонау Аралдан бастап Жаңақорғанға дейін осы ақылы болатын күрежолдың бойында орналасқан. Мұндағы халық күніне бірнеше рет әрі-бері өтеді. Олар да әр жүргеніне ақы төлей ме?» деген сауалды көлік жүргізушілері ортаға салды. Оған қатысты мамандар облыс аумағында тіркелген жеңіл автокөліктер үшін бір жылға 1 мың теңге абонементтік төлем қарастырылғанын жеткізді. Ал қоғам белсендісі Талғат Наурызбаев: «Көлігің бар ма, жоқ па, бұл мәселе бәрімізге қатысты. Себебі күріш пен тұздан басқа ештеңе шығармайтын біздің өңірде барлық тауар мен зат осы жолмен әкелінеді. Ал енді осы жолды ақылы жолға айналдыру бағаның одан әрі өсуіне соқтырады. Сонымен бірге қалааралық автобус пен такси қызметінің бағасы да көтеріледі. Жыл сайынғы көлікке төлеп отырған салығымыз қайда?! Ең болмағанда облыс тұрғындарының жеңіл көліктері тегін, ал қалған транзиттік және коммерциялық мақсаттағы көліктерді ақылы түрде жүргізілуі енгізілсін» деген пікірді айтады. Осылайша, ақылы жол болуын қалайтындар да және оған қарсы пікір білдірушілер де табылды. Мамандар болса, ақылы жол нарықтық экономикадағы елдер үшін қалыпты жағдай екенін алға тартады. Айта кетейік, ақылы жолды пайдалану тәжірибесінің табысты іске асуына байланысты 2019 жылы инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Алдағы 2025 жылы 11 мың шақырымдық жол ақылы негізге айналғанда жыл сайын 70 млрд теңгеден астам қаржы түсетінін» болжап отыр. Демек, қалай болғанда да күрежол ерте ме, кеш пе ақылы болатыны анық. Дей тұрғанмен, жүйе жүзеге асу кезінде көпшіліктің сауалдары мен ұсыныс-пікірлері де ескерілсе игі.Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы