Атырауда пандемия басталғалы есігі тарс жабылып, әлі ашылмаған кәсіпкерлік нысандар бар. Қаладағы бильярд, боулинг, компьютерлік клубтар, балалар ойын алаңдары бір жылдан бері жабық тұр. Атырау аймағы «Жасыл дәлізде» болса да, карантин жеңілдетілсе де, оларға жұмыс істеуге рұқсат берілмей отыр. «Шыдамның да шегі бар» дейді кәсіпкерлер. Рұқсат етілмесе, Президентке шағынуға ниетті екенін жеткізуде.
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресовке оннан аса кәсіпкер келіп, мұңын шақты. Олар өздерінің шағын бизнесінің тұралап қалғанына шағым айтып, қарамағындағы нысандардың ашылуына рұқсат сұрады. «Фанки Таун» ойын-сауық кешенінің менеджері Жанаргүл Жолдығұлованың айтуынша, пандемия басталып, ойын-сауық кешені жұмысын тоқтатқан 1 жылда 30 адам жұмыссыз қалып отыр. «Бейнеойын, лабиринт аппаратының барлығы – германиялық. Бұл апараттарды сатып алған несиемізді төлеуіміз керек. Оларға айына 1 миллионнан аса несие төлейміз. Ұзақ қолданыста болмаса, бұл аппараттар жұмыс істемей қалуы мүмкін. Коммуналдық төлемдеріміз де шарықтап барады. Жұмысшылардың жеке несиелері бар. Сондықтан бізге тым болмаса, 50 пайызға жұмыс істеуге рұқсат берсе екен», – дейді Ж.Жолдығұлова. Ал «Алтын сарай» ойын-сауық кешенінің өкілі Бибігүл Шитенованың айтуынша, боулинг орталығы мен шағын банкет залдары бар кешен елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап жабылған. Қызметін тоқтатқан бір жыл ішінде аспаздар өзге жұмыс іздеуге мәжбүр болған. Күз-қыс айларында қосылатын жылыту жүйелері де кәсіпкерлердің қалтасын жұқартып, қарыздануға дейін жеткізіп отыр. «Карантин шаралары жеңілдетіле бастағанда әкімдікке де бардық. Монша, театр, асханалар ашылып, шектеулі талаппен халыққа қызмет көрсете бастады. Ал бізге рұқсат бермей отыр», – дейді Б.Шитенова. – Біз жүргізген сараптама бойынша облыста 16 бильярд орталығы бар, оның 6-уы толық жұмысын тоқтатқан. 2 боулинг орталығының бірі жабылған, екіншісі жұмыс істеуге рұқсат берер деген үмітпен отыр. Қалада пандемия басталғалы жабулы тұрған онға жуық компьютерлік клуб бар. Кәсіпкерлердің талаптары дұрыс деп ойлаймын. Олар заңды аттамай, бір жыл бойы жұмыстарын тоқтатты. Аймақта карантин шаралары жеңілдетілгенде шектеуді талап ете отырып, бизнестің өзге салаларына жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Сондықтан осы салаға да жалпы санитарлық талаптарды сақтап, алгоритмге сәйкес рұқсат беру керек. Себебі бұл жерде бірнеше адам жұмыс істейді, олар жұмыстың ашылуын күтіп отыр. Төлейтін несиелері бар, салықтан жеңілдік күтеді, сонымен қатар қыс мезгілінде коммуналдық қызмет тоқтаған жоқ. Мемлекет тарапынан берілген көмек өткен жылы бітті, биыл көмек жоқ. Біз бүгін бизнес субъектілердің арызын қабылдадық. Арызды облыстық әкімдікке және республикалық аймақаралық комиссия бар, соған ұсынамыз, проблеманы көтереміз. Барлық ұсынысты жинап, облыстың бас санитар дәрігерімен келіссөз жүргізетін боламыз, – деді Атырау облысы кәсіпкерлік палатасының директоры Абдолла Идресов.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы