Алматыда ҰБТ бойынша қоғамдық мониторингтің қорытындысы шығарылды

Алматыда ҰБТ бойынша қоғамдық мониторингтің қорытындысы шығарылды

21 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Алматының бес жоғары оқу орнында Ұлттық бірыңғай тестілеу өтті. Қоғамдық мониторинг барысында өткізу ережелерін бұзудың көптеген фактілері анықталды. Бұл туралы Алматы арнайы мониторинг тобының жетекшісі Нұрлан Жазылбеков Antikor Ortalygy-нда өткен кеңес барысында айтты.

Кеңеске мемлекеттік органдардың, Бірыңғай ұлттық тестілеу орталығының, қаланың арнайы мониторингтік тобының өкілдері және ЖОО проректорлары қатысты. Тест тапсырудың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы мониторингтік топтың өкілдері мен Алматы қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері ҰБТ өткізу шарттарының сәйкестігіне, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолын кесуге, сондай-ақ тестілеу кезінде барлық санитарлық нормалардың сақталуына тексеру жүргізді.

Тестілеу барысында емтиханға қатысушылардың 45-інен ұялы телефондар, смарт-сағаттар, құлаққаптар мен шпаргалкалар тәркіленіп, ҰБТ тапсыруға жіберілмеген. Емтихан кезінде тыйым салынған заттарды пайдаланғаны үшін 49 үміткер аудиториядан шығарылды. Сондай-ақ тестілеуге кіргізу кезінде 8 жалған тұлға анықталды.

Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының өкілі соңғы 2 жылда тестілеуді өткізу ережелерін сақтауда бұзушылықтардың төмендегенін атап өтті. Сонымен қатар орталық өкілі ҰБТ-ға «жалған тұлғаны» тартқан оқуға түсушінің тестілеуге жіберілмейтінін және бір жылға шеттетілетінін атап өтті. «Талапкерлердің эмоционалдық жүктемесін төмендету мақсатында ҰБТ-ны 4 рет тапсыруға мүмкіндігі бар. Қаңтар, наурыз және тамыз ҰБТ нәтижелерімен ЖОО-ға ақылы негізде түсуге болады. Ал маусым айындағы ҰБТ нәтижелерімен мемлекеттік білім гранттарын тағайындау үшін конкурсқа қатысуға болады», – деп түсіндірді білім басқармасының өкілдері. «Біз оқитындарға жақсы жағдай жасауымыз керек. ҰБТ-ны өткізу жұмысында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы жоқ. Жұмысты үйлестіру, әрбір мемлекеттік органның міндеттерін айқындау және осы нұсқаулық бойынша жұмыс істеу керек», – деп қорытындылады Нұрлан Жазылбеков кеңес соңында.