ҰҚК үш қалада арнайы операция жүргізіп, 17 адамды ұстады
ҰҚК үш қалада арнайы операция жүргізіп, 17 адамды ұстады

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экономикалық қауіпсіздік қызметі Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Алматыда ауқымды арнайы операция жүргізді. 17 адам ұсталды, – деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

ҰҚК қызметкерлері мемлекетке айтарлықтай экономикалық шығын келтірген ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті.

«Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы қалаларында ауқымды арнайы операция жүргізілді. 17 адам ұсталды, 55 тінту жүргізілді. Электронды қолтаңба, ноутбуктер, кассалық аппараттар, жалған мөр мен құжаттар, компаниялардың шотын басқаруға арналған цифрлық кілттер тәркіленді. Шетелдік және ұлттық валютада ірі сомада ақша тәркіленді», – деп хабарлады комитеттен.

Күдіктілер 300 миллиард теңгеден астам қаражатты заңсыз жолмен қолма-қол ақшаға айналдырған. Қылмысты әшкерелеудің нәтижесінде мемлекет бюджетіне 3 миллиард теңге салық түсе бастады.

Бұған дейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Ақтау мен Жаңаөзенде бір топ ер адамды – «салафизм» деструктивті діни ағымын ұстанушыларды ұстаған болатын. Күдіктілердің тұрғылықты жерлерін тінту кезінде қару, сондай-ақ экстремистік сипаттағы діни материалдар табылып, тәркіленген.