ҚызҰПУ магистранты жүлдегер атанды
ҚызҰПУ магистранты жүлдегер атанды

Оқу орнының баспасөз қызметі «Оқушыларға шет тілдерін меңгертуде аудио-видео материалдарды қолданудың тиімділігі» тақырыбындағы жоба бүгінде өте өзекті екенін айтады.

Жоба авторының айтуынша, ғылыми жұмыс мектеп оқушыларының бірнеше тілді меңгеруде аудио және видео материалдарды қолданудың тиімділігін айқындайды.

– Басты мақсатымыз – оқушылардың тілдік даярлығын арттыруға септесу. Осы міндетті нақты жүзеге асыру үшін пандемия жағдайында түрлі мультимедиялық құралдарды қолдана отырып, тілдік құзіреттілігін дамытуды негізгі назарға алдық, – дейді Айсана Анарбай.

Жобада видеофрагментпен жұмыс істеу кезінде мұғалімнің барлық оқушылардың қызығушылығы мен ынта-ықыласын арттыру жолдары қарастырылған. Сонымен қатар тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым сияқты коммуникативтік қызметтің түрлері жан-жақты түсіндірілген. Жас ізденушінің ғылыми жетекшісі Шетел тілдерін оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Ақшайым Жалалованың пайымдауынша, ағылшын тілі сабақтарында аудио және видео материалдарын пайдалану оқушылардың тілді тез меңгеру қабілетін дамытып, білім көкжиегін кеңейтеді. Айта кетейік, халықаралық байқауды Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мен Түркияның Ататүрік атындағы Эрзурум университеті бірлесіп ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – жоғары оқу орындары арасындағы корпоративтік байланыстар мен академиялық коллаборацияны дамыту, білім алушылардың ғылыми қызметте және шеттілдік даярлықта ынтасын арттыру.

Конкурсқа ұсынылған жұмыстар ғылыми жаңашылдығы, материалды баяндаудың толықтығы мен логикалық реттілігі және алынған нәтижелердің практикалық маңыздылығы бойынша сараланып, зерделенді.