Ақ халаттылар алғысқа бөленді

Ақ халаттылар алғысқа бөленді

Нұр-Сұлтан қаласында «Ме­ди­циналық пойыз» жобасының үздік қызметкерлерін салта­нат­ты марапаттау рәсімі өтті. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Ахмет­жан Есімов пен Ден­саулық сақ­тау министрі Елжан Біртанов дә­рі­герлерге құрмет грамоталарын тапсырды.

Айта кету керек, «Медициналық пойыз» жобасын Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Са­мұрық-Қазына» қоры жүзеге асы­­рып жатыр. Жобаның мақсаты – шал­ғай аудандардың халқын тегін меди­циналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмекпен қамтамасыз ету. Биыл заманауи диагностикалық жабдық­тармен жарақталған «Денсаулық» және «Жәрдем» медициналық пойыздары дәрігерлік көмек көр­сетті. Жұмыс барысында 238 жоғары білікті дәрігер қиян түкпір­дегі 67 мыңнан астам тұр­ғынға емдеу-консультациялық қыз­мет көрсетті, оның 11 мыңнан астамы – балалар. 273 елді мекенді ара­лаған медициналық пойыздарда жиы­ны 209 249 дәрігерлік қабылдау ша­расы атқарылды. Жолдың жалпы ұзындығы 29 203 шақырым болды.

2018 жылы «Медициналық пойыз» жобасы 124 бекетті қам­тып, 42 306 тұрғынға медициналық көмек көрсетілген еді. Ал дәрігерлік қабылдауда болған азаматтардың жалпы саны 192 мыңнан асқан болатын.

Дәрігерлердің айтуынша, ме­ди­циналық пойыздар елімізді ара­лаған кезде онкологиялық ауру­лар, пневмония, несеп-қуық жол­дарына, өтке тас жиналу, жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының кең тарағаны байқалыпты. Көру қабілеті бұзылған, қант диабетіне, бронх демікпесі мен асқазан жара­сына шалдыққан науқастар да өте көп екен.

«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов дәрігерлерді жобаның ке­зекті маусымының аяқталуымен құт­тықтап, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қам­тамасыз ету маңызды мәселе болып қала беретінін айтты.

– Соңғы 5 жылда әлеуметтік маңызды жобаларға «Самұрық-Қазына» қоры 60 миллиард тең­геден астам қаржы бөлді, 1 мил­лионнан астам адам қамтылды. Осы жобаларды іске асыра отырып, біз азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, адамдардың медицина мен білімге қол жеткізуіне тыры­самыз. «Медициналық пойыз» жобасы еліміздің шалғай өңірлері тұрғындарына сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік береді», – деді Ахметжан Есімов.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, жоба барысында әрбір дәрігердің ерен еңбек сіңір­генін ерекше атап өтті.

«Самұрық-Қазына» қоры­ның құрмет грамотасымен «Меди­циналық пойыз» жобасының да­муына үлес қосқан 15 маман мара­патталды. Оларға 200 мың теңгеден ақшалай сертификаттар табысталды.


Ерсайын БАҒДАТ