Қарызын кешіру міндет пе?
Қарызын кешіру міндет пе?
146
оқылды

Қазақстанның қарыз кешіру баста­масы өзге елдердің де зор қызығу­шылығын ту­­дырды. Бұл шара бізде 2019 жылы аяқ­талғаны мәлім. Осы орайда Моңғолия президенті Халт­маагийн Баттулга телеар­налар ар­қылы таратылған жаңажылдық құттық­тауында 2020 жылы өз еліндегі барлық зейнеткерлердің кредит бойынша қарыздары кешірілетінін жариялады.

Өзге елдерде толқын тудырдық

 Моңғол жетекшісінің сөзі мемлекет бас­шы­сының ресми сайтында орналастырылған.

«Мен Моңғолияның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі берешек құрдымынан құтылуда көмектесу үшін барлық зейнет жасындағы азаматтардың несиелерін мемлекеттің өтейтіні туралы шешім қабылдағанын қуана хабарлаймын», – деп мә­лімдеді Халтмаагийн Баттулга.

Қазіргі кезде бұл елде 380 мың­нан ас­там адам зей­нетақы алады екен, оның жар­тысынан астамы – кредитке ие.

Таяуда Ресей Мемлекеттік ду­масының депутаттары да бұқара өкілдерінің берешегін есептен шығару туралы ұсыныспен шық­ты. Бұл бастаманы көтерген – көп­те­ген ойын Қазақстан тә­жі­ри­бесінен көшіретінін мо­йын­даған ЛДПР партиясының және оның пар­ла­менттік фрак­ция­сы­ның же­текшісі Владимир Жири­нов­ский. «Ре­сей­дегі барлық мик­ро­қаржы ұйым­дарын және кол­лек­торлық агент­тіктерді жа­буды қолдаймыз. Олар азамат­тарға жаппай қарыз қа­­мы­тын кигізді. Ресейліктердің бар­лық 40 мил­лиард рубль қа­рызын есеп­тен шы­ғарып, жою керек», – деп жазды Жириновский Twitter-дегі ресми аккаунтында.

Ресей үкіметінің жаңа бас­шысы Михаил Мишустин қара­пайым ресейліктер несиесін жа­уып беру идеясын қолдамайты­нын білдірді.

«Мұндай шешім банктер үшін жағымсыз салдар туындатады. Кре­­диттік міндеттемелерді есеп­тен шығару банкрот болған жеке тұл­ғалар санын еселеп арттырады. Бұл жағдайда еш кінәсі жоқ өзге тұл­ғалар ақшасын жоғалтып, зар­дап шегеді. Бұрынғы салықшы ре­тінде мұндай қадамды қолдай алмай­мын», – деді Мемлекеттік дума оты­рысында депутаттар сауалына жауап берген премьер М.Мишустин.

Рунетте осы идеяны талқыға салған ресейліктер көрші Қа­зақстанда бұл тәжірибе табысты жүзеге асқанын алға тартады. Пікір білдірушілер Ресейдің Африка елдерінің 20 миллиард доллар қарызын кешіргені туралы хабарға сілтеме жасай отырып, неге билік қарапайым халықты осындай қайырымдылығынан қағатынына наразылық танытуда.

Солтүстік көршіде банкрот болған азаматтар (оларда осындай рәсім қолданылады) саны 2019 жылы 57%-ға өсіпті. Ұлттық кре­диттік тарихтар бюросы (НБКИ) дерегінше, банкроттық алдында тұрған ресейліктер қатары –
1 миллион 31,4 мың. Олар 500 мың рубльден артық әрі 3 айдан бері төленбей келе жатқан проб­лемалы несиеге ие.

Ресей орталық банкінің төра­ғасы Эльвира Набиуллина жалпы бұл идеяға оң қабақ танытпа­ғанымен, Ресей банкі азаматтар­дың қарыздық жүктемесі көрсет­кішіне бағалау жүргізуді жос­парлағанын жеткізді.

 

Қарызды берген емес, алған батыр

Президенттің «Қазақстан аза­маттарының борыш жүктемесін азайту туралы» Жарлығы был­тырғы 26 маусымда қабылданды. Онда «қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өз отбасыларының қаржылық ахуа­лын айтарлықтай жақсартуға мүм­кіндік беру» мақсаты көз­делді. Мемлекеттің бұл қолдауы негізінен, аз қамтылғанды, оның ішінде 6 санатын – көпбалалы отбасыларды, асыраушысынан айырылуына байланысты төлем алатындарды, мүгедек балалы отбасыларды, АӘК алушыларды, жетім балаларды қамтыды.

Жарлыққа түсініктемеде бұл шара «біржолғы акция» екені, яғни қайталанбайтыны анық­талды. Содан жауапты органдар бұл міндет орындалғанын был­тырғы қыркүйекте жария етті.

Алайда қарыз кешіру талап­тарына толық жауап беретін адам­дардың біразы оған ілікпей қалғаны анықталды. Еңбек ми­нистрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің басқарма басшысы Аяжан Жан­ғабылова бұған мемлекеттік ақ­параттық жүйедегі ақау айыпты екенін айтты. Оның үстіне 2008 жылға дейін некеге отырған және бала туған адамдардың архивтік деректерін АХАТ органдары цифрландырмағаны әшкереленді. Ол құжаттарды «сканерлеу» ха­лықтың өзіне жүктелді.

Сондықтан Үкіметке шараны қайталауға тура келді. 18 қарашада «Қазақстан азаматтарының бо­рыш жүктемесін азайтуға бөлін­ген қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы» ел Үкі­метінің 2019 жылғы 15 шіл­дедегі қаулысына өзгеріс енгізген жаңа қаулы қабылданды. Ол қа­рыз кешіру мерзімін 26 желтоқ­санға дейін ұзартты. Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі қосымша тізім жасауға кірісті.

Мұны естіген кейбір бұқара өкілдері қайта басталған «қарыз амнистиясын» пайдаланып қалу үшін несиеге смартфон, тұрмыс­тық техника рәсімдеуге, банк­тер­ден қарыз алуға жүгірді. Ақпарат құралдары, тіпті бұрын кредит ал­маған адамдардың өздері «мем­лекет жауап береді екен» деп, осы дүрбелеңге бой алдырғанын ха­барлады. Бұл – жауапты құры­лым­дардың жұртшылық арасын­да тиісті түсініктеме жүргізбеуінің кесірі еді. Себебі кредит рақым­шылығының мерзімі ұзартыл­ғанымен, оған сол бұрынғыдай тек 2019 жылғы 1 маусымға дейін рәсімделген несиелер ғана ілікті.

 

Мәселеден мәселе туады

Үкіметтің мәлімдеуінше, өт­кен жылдың көктемі аяқталғанша тұтынушылық кредит алып үл­герген 6 санаттағы азаматтардың 98,4%-ы мемлекеттік көмекке қол жеткізді. Алдын ала деректер бойынша 507,3 мың адамның 300 мың теңге несиесі бюджеттен өтелді. Оларға 105 млрд 174,6 млн теңге жұмсалды. Бұл ретте 263,5 мың адамның (51,9%-ының) банк алдындағы барлық берешегі толық жабылыпты.

2020 жыл басында да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовке қазақстандықтардан несиесін өтеп беруді сұраған өтініш көп түсіп жатыр. Ведомство олардың бәріне: «Бүгінде азаматтардың борыш жүктемесін азайту туралы Президент Жарлығын орындау іс-шаралары аяқталды» деген бірдей жауап қайыруда.

Жарлықтағы тағы бір тап­сыр­маға сәйкес 2019 жылғы шілдеде банктер мен микроқаржы ұйым­дары кепілсіз тұтынушылық не­сиелер бойынша барлық қазақ­стандықтың – 1 млн 192 мың 834 адамның 33 млрд 620 млн теңге айыппұлы мен өсімпұлын кеші­ріп, есептен шығарған. Алайда бұл азаматтардың біразы негізгі қарыз бен пайыздық сыйақы со­масын ары қарай төлемеуі кесі­рінен айып­пұл мен өсімпұл көлемі қай­тадан шарықтай өсетін түрі бар.

Сарапшылар азаматтардың несиелерін кешіру дамушы елдер­ге ғана тән тәжірибе деп санайды.

«Әлемдегі озық дамыған ел­дердің бірде-бірінде біздегідей кең ауқымды қарыз кешіру ша­расы қолданылмайды. Дәрменсіз бол­ған заемшылардың проб­лемасы жеке тұлғаның бан­кроттығы ту­ралы арнайы заңнама аясында, құқықтық өрісте шешіледі», – дейді экономист, Мәжіліс депу­таты Дания Еспаева. Оның бай­ламынша, болашақта бізде де бе­решек батпағына бат­қан аза­мат­тарға көмек рақым­шылық аясында емес, банкроттық заң ар­қылы көрсетілуі тиіс.