Сен салар да мен салардың соңы...
Сен салар да мен салардың соңы...
152
оқылды

Үшінші мегаполистің білім бас­қар­масына басшы құтаймай-ақ қойды. Басқарма бір жылдан бері бас педагогсіз отыр. Өткен жылдың басынан бері осы мекемеде жыл­дар бойы еңбек сіңірген Айгүл Текебаева басшының міндетін атқарып келеді. Бірақ оған бас ұстаз болуға сенім біл­діріл­мей келе ме, әлі басшылық лауазым ұсы­нылмады.

Басқарма басшыға жарымады

Мұнда ұстаздарға да, елге де сүйкімі артқан, салаға едәуір серпіліс алып келген басшы Жанат Тажиева болды. Обалы не керек, біраз жыл басқарды. Бүгінде Тажиевадан кейін болған білім басшыларының есімі ел есінде соншалықты қала қойған жоқ. Себебі бірі келіп, бірі кетіп сапырылысып жатқан соң, ес жиып үлгере алмай қалды. Олардың салаға жаңа серпіліс алып келетіндей де уақыты бола қойған жоқ-ау. Тәжиевадан кейін өңірдегі мемлекеттік қызметкерлердің тәртібін қадағалайтын Тәртіптік кеңес хатшылығында басшылық қызметтерде болған Ынтымақ Мадиев білім саласының тізгінін ұстады. Одан соң басқарманы саясаттанушы-заңгер, бірнеше жылдар бойы мәдениет және тілдерді дамыту саласында ысылған Мұрат Базарқұлов қолға алғанына 3 ай өтпестен Ғабидолла Әбдрахымов әкім болып келген соң, бас ұстаздықты «Болашақ» түлегі, шығысқазақстандық Ақерке Абылайханға тап­сырды. Ақерке ханым шымкенттіктерді жатсы­нды ма, ұзақ отыра қоймады. Бір жылға жуық аял­дап, енді-енді осы салаға бой үйрете бастағанда белгісіз себептермен еліне қайтып кетті. Ара-арасында осы саланың маңайында жүрген бірқатар азаматшалар мен азаматтар «уақытша міндетін атқарып» жатты.

Сонымен, осылайша тағы да Шымкент бас педагогсіз қалды. Сонда миллион халқы, 701 – білім беру мекемесі, 305 мыңнан аса жеткіншегі және 25 мыңнан аса педагогі бар үшінші мегаполистен бірде-бір білімді, білікті басшының табылмай отырғаны ма?


Жемқорлықтан кенде емес

Басшы тұрақтамаған ұжымда береке болмайтыны баршаға белгі­лі. Оған дәлел де көп. Есесіне, Шым­кент қаласының білім саласы сыбай­лас жемқорлық қылмысы бойын­ша жоғары орындардың бірін­де тұр.

Мәселен, былтыр тура осы уақыт­та білім басқармасы басшы­сы­ның орынбасары (тіпті бір кездері басшы міндетін уақытша атқарып та отырған) пара алғаны үшін құзырлы органның құрығына ілінді. Оған қалалық мектепте ас­хананы жалға беру мерзімін ұзарт­қаны үшін жеке кәсіпкерден ша­ма­мен бір жарым миллион теңге алды деп айып тағылды. Шым­кент қаласының Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызметі бұдан бұрын жемқорлық қылмысын жаса­ды деп күдіктелген Шымкент қала­­лық білім басқармасы бас­шы­­сы орынбасарының міндетін атқарушысы Ж.Б-ға қатысты тер­­геуді аяқтаған болатын. Ол орта мек­тептің білім жөніндегі мең­ге­ру­шісіне мектеп директорының лауазымына тағайындалу үшін тест тапсыруға жәрдем бергені үшін
400 мың теңге иемденді деген күдікке ілінген. Оған Еңбекші аудандық сотының шешімімен мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға өмір бойына құқығынан айыру мен
3 млн теңге айыппұл салынған. Міне, осылайша басшысы жоқ ұжымда балапан басымен, тұрымтай тұсы­мен әркім өз қалтасының қамын ойлап, жан-жаққа тартып, ырың-жырыңы шығып жату оқиғасы орын алуда.

Сондай-ақ алдыңғы жылы Шым­­кент қаласы №3 Балалар му­зы­ка мектебінің директоры кон­це­ртмейстер лауазымына жұ­мыс­қа қабылдау үшін 420 мың теңге пара алды деген айыппен сот­тал­ған болатын. Сот оны қыл­мыс жаса­ғаны үшін кінәлі деп танып, 14,7 млн теңге көлемінде айып­пұл төлеуге міндеттеді. Ал Қара­тау ау­дан­дық соты №131 орта мектеп ди­ректорының міндетін атқа­­ру­шы­сына үкім шығарды. Ол әлі директор болмаса да ақша табу­дың жолын меңгеріп үлгерген. Іс жүргізуші болу қызметінің құнын 50 мың теңгеге бағалапты.

Сонымен қатар №49 орта мек­­тептің бұрынғы директоры алаяқ­­тық бойынша істі болды. Ол қала тұрғынына мектепке мате­ма­тика пәні мұғалімі етіп жұмысқа орна­лас­ты­рамын деп уәде беріп, одан 500 мың теңге көлемінде ақша сұраған. Алайда ол іс жүзінде бұл кезде мек­теп директоры қызметінен босатыл­ған екен.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қала­сы бойынша департаменті бас­шысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев жиындарда бі­лім беру мекемелеріне жұмысқа қабыл­дау тетіктерін қайта қарау қаже­тін айтып жүр. Бұл оны білім сала­сындағы осындай шиеленісіп жатқан «кадрлық бизнестен» шо­шын­ған соң айтқан шығар. Ол кадр­­лық мәселелерді шешу кезінде бас­шылардың әсер етуін азайту тетік­­терін қарастыратын шұғыл және түбегейлі шаралар қабылдауды ұсы­­­нады.

Сонымен қатар қосымша са­ғат­­тар сату жағдайлары да кез­де­сіп тұрады. Бұған Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы қызметтің Call-орта­лы­ғына келген хабарламалар дәлел болмақ. Сондай-ақ орта мектептерді аттес­тациялау кезінде де сыбайлас жем­қорлық жағдайлары жиі кез­де­седі. Ол үшін мұғалімдер ара­сын­да тексерушілерге заңсыз сыйа­­қыларды жинау шаралары ұйым­­­дастырылады. Бұдан бөлек, бюд­жет қаражатын игеру және мем­лекеттік сатып алуды өткізу кезін­дегі заңбұзушылықтар, жалған аттестаттар мен сертификаттар беру оқи­­­ғаларын қосыңыз.


Мектепте оқулықтарға, кең­се заттарына және техника мен бас­қа да қажетті заттарға деп жыл басында оқушылардан ақша жи­нау тыйылмай келеді. Бюд­жет­тен қажетті құрал-жабдыққа толы­ғымен ақша бөлінетінін мек­теп директорлары әлі күнге дейін ескергісі келмейді. Айта кетейік, қазіргі таңда «біз емес, ата-аналар комитеті өздері шешім шығарып, өздері әкеліп беріп жатыр» деген сыл­тау шыққан. Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес ведомствосының қызметкерлері егер ата-аналар мек­тепке материалдық көмек көрсе­туге ниет білдірсе, онда олар демеушілік жарналарды арнайы ашылған шот­қа аудара алатынын айтады.


Қамқоршылық кеңестің рөлі қандай?

«Жалпы, мектептерде сыбай­лас жемқорлықты азайту үшін әр­бір мектеп жанынан құрылған қамқор­шылық кеңестің жұмысын қайта қарау қажет» дейді маман­дар. Шымкент қаласының Білім саласындағы бақылау департа­мен­ті­нің басшысы Жанат Тәжиеваның ақпараты бойынша, қамқоршылық кеңес Шымкент қаласындағы 133 білім беретін мекемеде құрылған. Олардың негізгі міндеті – білім беру мақсаты үшін қосымша қаржыны үйлестірумен айналысады. Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес ве­дом­ствосының қызметкерлері қам­­қоршылық кеңестің негізін ата-аналар құрауы тиіс, ал олардың бас­шылары мектеп әкімшілігімен тек қаржылық емес, басқа да көпте­ген мәселелер бойынша тығыз ынты­мақ­тастықта жұмыс істеуі керек деп санайды.

Орта білім беру ұйымдарында мін­детті мектеп формасына қойы­латын талаптар бойынша жүргі­зіл­ген тексеру кезінде 44 жалпы орта бі­лім беретін мектепте міндетті мек­­теп формасы сақталмағаны анық­­талған. Тіпті, осы бағытта әкім­шілік шара көрілген ата-аналар бір жылдың ішінде аталған әкімшілік-құқық бұзушылықты қайталап, нә­тиже шығармай жалғастырғаны үшін ӘҚБтК-нің 409-бабы 7-бөлігімен департамент тара­пы­нан 133 ата-анаға хаттама тол­ты­­рып, Шымкент қаласының ма­­ман­дандырылған әкімшілік сотына әкімшілік шара көру үшін жол­да­нып­ты.

Сондай-ақ аталған департамент бас­шылығы мегаполистегі №79 және №101 жалпы білім беретін мек­теп­тің апатты деп танылғанын ай­та­ды. Ал 19 білім мекемесі – үшауы­сымда оқитын мектептердің қата­рында. 23-і күрделі жөндеуді қа­жет етеді. Шымкентте оқушы­лар­ды компьютермен жабдықтау да талапқа сай емес. 11 691 компью­тер­дің 8 237-і ғана жарамды. Әлі 
9 000 компьютер керек.


Заңсыздықты айтқаны үшін жазаланды

Одан бөлек, жуырда Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұрғазы Бұхарбай   әлеуметтік желі­дегі парақшасына №10 «Достық» бөбекжай бақшасының шаруа меңгерушісі Жадыра Асановадан арыз түскенін жазды. Арызда негі­зінен балабақшадағы орын ал­ған заңсыздықтар көрсетілген. Арыз­данушы бөбекжай меңгеруші­сі­нің өзіне жала жауып, қызметтік хат толтырып, жұмыстан шы­ға­рып жібергенін айтады. Басшы қыз­мет­керінің бақша жұмы­сын­дағы заң­сыз әрекеттерін құзырлы орган­дар­ға айтқаны үшін жазалаған. Арызданушының айтуынша, ба­ла­лардың тамағының құнары тө­мендеп кеткен, қысқы жылуға ар­­­нал­­ған сұйық отынды бақша мең­герушісі қарауылмен келісіп сата­ды. Бақша суық болған соң ба­лалар қалың киіммен жүруге мәж­­бүр. Көп ауырады. Бұдан басқа да түрлі деректер бар. Бұл туралы қалалық білім басқармасына ша­ғым­­данғанымен тұшымды жауап кел­­мепті.


P.S.

Міне, сен салар да мен салардың соңы осындай бей-берекетсіздікке ұласып барады. «Басшысы жоқ ел жетім, балығы жоқ көл жетім» дегендей, басшы болмаған жерде жанашырлық болмайтыны да белгілі. Мұның салдары еліміздің болашағы – жас өскіндерге де тиіп кететіні сөзсіз.


Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы