29 мұғалім жалған дипломмен сабақ берген
29 мұғалім жалған дипломмен сабақ берген
Қызылорда облысы бойынша педагогика саласында қызмет ететін 29 маманның жалған диплом жасатқаны анықталды. Жалған құжат дайындап, білім беріп келген мұғалімдерге қатысты тексеру жұмыстары одан әрі жалғасуда. Қызылорда облысы Білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова кейбір ұстаздар арасында педагогика этикасына қайшы келетін, мұғалім абыройын түсіретін осындай фактілер орын алып жатқанын жеткізді.
«Қызылорда облыстық білім басқармасы білім процесін жүргізу бағытында ашықтық принципін ұстанады. Білім саласының беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеу мақсатында басқарма тарапы жалған құжаттамалар, жалған дипломдарды алу әрекеттеріне қатысты зерделеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Университеттерге сұрау салу мониторингі нәтижесінде бүгінгі күні облыс бойынша педагогика саласында қызмет ететін 29 маманның жалған диплом алғаны анықталды. Басқарма аталған деректерді құзырлы құқық қорғау органдарына тапсырды. Құқық қорғау органдары өз құзіреті шегінде тиісті шешім шығарады. Білім басқармасы жалған дипломдарды анықтау жұмыстарын әлі де жүргізеді. Бұл ретте педагогтардың теріс әрекеттерге жол беріп, заңсыз негіздегі дипломдарды алмауын талап етеміз», – дейді басқарма басшысы.
Әрине, ұстаздық – Ұлы мамандық. Бірақ, мамандықты игермей, оқып-тоқымай-ақ жалған диплом жасатқандар білім саласындағы ұстаздар қауымына ортақ абыройға көлеңке түсірері анық. Сонда олар кімді алдап, кімді оқытпақшы болды? Осы мәселеге қатысты бірер жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл сорақылықты тоқтату керек деп, диплом басып шығаратын ЖОО-ларды жабу мәселесін табанды түрде әрі барынша қысқа уақытта шешуді тапсырған еді. Содан кейін Білім және ғылым министрлігі  білім беру талаптарына сай келмейтін жоғары оқу орындарын анықтап, олардың жұмысын тоқтату ісіне кірісті. Министрліктің мәліметінше, 2025 жылға дейін елімізде білім беру жүйесі түбегейлі реформаланады. Үздіксіз ізденіске, өсу мен дамуға үндейтін жаңа заманның талабы бұл. Президент айтқандай, бұл саланың маңызы артып, тіпті экономиканың өзі ілім-білімге тәуелді болмақ. Сондықтан отандық білімнің сапасын арттыру, университеттердің материалдық базасын нығайту, қазақстандық білім беру жүйесінің беделіне нұқсан келтіретін оқу орындарын жабу мәселесіне баса көңіл бөлінбек. Ал жалған дипломмен сабақ беріп келген қызылордалық ұстаздардың әрекетіне құзырлы органдар тексеру жүргізіп жатыр. Саладағы олқылықтарды одан әрі анықтау жұмыстары да жүйелі жүргізіліп жатқанын да айта кеткен жөн.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,

Қызылорда облысы