Бала асырап алудың стратегиясы керек

Бала асырап алудың стратегиясы керек

«Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» ха­лық едік. Бүгінде ел аума­ғында ата-ана қамқорлы­ғын­сыз қалған және жетім балаларға қамқорлық көр­сететін 167 мекеме бар. Мұн­да 4622 бүлдіршін тәр­бие көріп жатыр. Бұл – БҒМ ресми дерегі. Ал жақында осы балаларды отбасы­лар­ға беруге қатысты бірқатар өзгеріс енгізілді. Аталған заң ата-аналардың жауап­кер­шілігін арттырып, бала­лардың мекемелерге қайта қайтуын азайтуды көздейді. Жаңа тетіктерді биыл жазда іске қосу жоспарланған.

Атап айтсақ, «Неке және от­басы туралы» кодекске бірқатар өзгертулер мен толықтырулар ен­гі­зілді. Соның ішінде маңыз­ды­сы – 14-тараудағы «Бала асы­рап алу жөніндегі агенттіктерге және жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған бала­ларды Қазақстан азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйым­дарға аккредиттеу жүргізу» туралы өзгеріс. Бұған ата-аналардың бала асырап алу кезіндегі қағазбас­ты­лық, отба­сы­на көмек көрсететін мамандардың жетіспеушілігі себеп болған. Яғни, осыдан кейін бұл шаруа­лар­­мен арнайы агенттік айналы­сатын болады. Ал заңда мекеме­лердің мін­деттері мен құ­қықтары көрсе­тілген. Қалып­тас­қан жағ­дай жай­лы «Қазақстанның SOS Балалар ауылдары» КҚ бағ­дар­ламаларды дамыту директоры Ма­рия Чер­нова пікір білдірді. Ай­туынша, бала асырап алу те­тік­­терін қайта қарау керек. Се­бе­бі елімізде заң көбіне ата-аналар жағында болып шығады екен.

 

МАМАННЫҢ АРНАЙЫ КӨМЕГІ КЕРЕК

«Мысалы, біз ата-ананың дайын емес екенін көріп тұрсақ та, заң бойынша оларға баланы беруден бас тарта алмаймыз. Өйткені заң олардың жағында. Сонымен қатар көрсетіліп жатқан қызметтің сапасын қадағалайтын стандарттар да жоқ. Ондай стан­дарт болса, болашақта баламен қалай жұмыс істеп жатқанын тексеріп отыруға болар еді. Қам­қорлық жасайтын органдарда бала асырап алған отбасына кө­мек көрсететін мамандар жетіс­пейді. Өйткені ата-ана көп жағ­дайда жауапкершілікке, бала асырап алудың ерекшеліктеріне дайын болмай шығады».

Маманның айтуынша, бұл жағ­дайда оларға не істеу керегін, қалай әрекет еткен дұрысырақ екенін айтатын мамандар көмегі керек. Ондай болмаған жағдайда балаларды кері қайтаруы мүмкін. «Ана үйі» қоғамдық қорының жанындағы агенттіктің дерегі бойынша, орта есеппен асырауға берілген балдырғандардың 20 пайызы қайтып келеді екен.

«Жүйеге реформа керек. Қазіргі жүйемен тиімді жұмыс істей алмай отырмыз. Сондықтан бірыңғай мемлекеттік стратегия жасау керек. Оған мемлекеттік емес, сондай-ақ халықаралық ұйымдар кіріп, мемлекет басқаруы тиіс. Дұрыс жүйе болғанда ғана ба­лаларды қайтару азаяды. Был­тыр менің білуімше, бұл көрсеткіш он пайыз болған. Ал бізде 65 ба­ланың үшеуі қайтып келді».

Маманның айтуынша, екі жағ­дайда ата-аналар бейімделу кезе­ңінен өте алмаған. Үшінші­сінде ба­ланы қайтарып алуға отбасында­ғы қатыгездік себеп болыпты. Үш жағдайда да ата-ана психолог­тардың көмегінен бас тартқан.

 

АГЕНТТІК ӨЗ РЕСУРСТАРЫН ПАЙДАЛАНАДЫ

Мемлекет бұл мәселені мем­лекеттік емес органдардың көме­гімен шешпек. Ал агенттік бұған өз ресурстарын пайдаланады. Оның ішіне мекемелерге түскен баланың туыстарын іздеу, бала асырап алғысы келетін отбасы­ларды дайындау және асырап алған соң да бақылап, психоло­гиялық қолдау көрсету кірмек. «Бұл баланың жаңа отбасына сіңісіп кетуін жеңілдетеді» дейді мамандар. Бұған дейін аталмыш аккредиттеу жүйесі шетелдіктерге қызмет көрсететін агенттіктерге міндеттелген болатын.

«Жетімін жылатпайтын біз­дің елде асырап алған баланың жа­ңа отбасына сыймауы сана­мызды материалдық құндылықтардың билеуінде» деп санайды Елжас Ертайұлы. Яғни, рухани аспекті­лерге көңіл бөлуді ысырып қоюы­мыз үлкендер мен жас ұрпақтың арасында түсініспеушілік туын­дауының негізгі себебі болып отыр. «Өзге тұрмақ өз ұрпағының киімі көк, қарны тоқ болуын ғана көздейтін ата-аналардың баласын мейірленіп маңдайынан иіскеуге уақыты бола бермейді» дейді ол.

«Кейбір ата-аналар баласын жарқыратып киіндіріп, қолына смартфон ұстатқанына мәз болып жүр десек болады. Яғни, олар баланың ішкі жан-дүниесі мен рухани дамуы сияқты мәселелерге көп көңіл бөле қоймайды. Бұл балаға әсер етеді. Оның рухани тұрғыдан азғындауы болашақта тұлға болып қалыптасуына кедер­гі келтіруі мүмкін. Қазіргі бала тәрбиесінде негізгі мәселе – осы».

Маман сондай-ақ баланы бас­қаруға тырысу да оның ертеңіне кері әсер ететін әдіс дейді. Ал үшін­шіден, ересектердің бала тәрбиесіне немқұрайды қарауы мен ізденістің аз болуы да оң әсер етеді екен. Сондықтан «ата көрген оқ жонарын» әрдайым есте ұстауға кеңес береді.

«Ата-аналармен жұмыс істеп, осы саланы зерттеп жүрген адам ретінде айтарым, қазіргі таңда ба­лаларды тәрбиелеуден гөрі үл­кендерді тәрбиелеу көбірек қажет секілді. Мектептегі ата-аналардың чатына кірсеңіз, ата-аналардың мұғаліммен қарым-қатынасын бірден байқауға болады. Немесе ауладағы көршілердің болмашы нәрсеге бола жаға жыртысқанын да көріп жүрміз. Сондықтан үлкендердің өздерін тәрбиелеуі маңызды деген пікірдемін», – деп түйіндеді Елжан Ертайұлы.

Зерттеушінің сөзінің жаны бар. Бұл пікірмен бала қамқор­лы­ғы­мен айналысатын мамандар да келісіп отыр. Жетім балалардың от­басына сіңісіп кетуі үшін шексіз мейірімнен гөрі, олармен түсіні­су – маңыздырақ. Заңның бір тармағы көрсеткен ата-аналарға арналған міндетті дайындық курсы осыны көздейді. Жауапты қадамға бармай тұрып қиын­дық­тарға саналы түрде дайын бо­луы­мыз керек. Сонда балалар үйіне қайта оралатын балғындар мә­селесі өздігінен шешілмек.


    Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ