Лимитпен қасқыр кемиді
Лимитпен қасқыр кемиді
150
оқылды

Биыл қаңтар айынан бас­тап желтоқ­сан­ның 31-не дейінгі аралықта елі­міз­де қасқыр мен шибө­рілерді ату шегі бел­гі­ленді. Әр өнір­де әрқалай. Неге? Тар­қатып көрейік.

Түз тағысы қысты күндері қо­радағы малға, ауылдағы жанға ашықпаса шаппайды. Дегенмен қыс басталғалы қасқыр мен ши­бөрілер бірнеше ауылды шулатты. Былтыр күзден бері ит-құс Қа­рағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты үш ауылдың елуден астам жылқысын жеп кет­кен болатын. Өңірді аяз қысқалы бері түз тағысы ауылды торуыл­дайтын болып алған. 2017 жылы Қазақстанның төрт облысында, атап айтқанда Ақмола, Қара­ған­ды, Қостанай, Ақтөбе облыста­рында қасқыр санының азайып кетуіне байланысты атуға мора­торий жарияланған болатын. Осы шектеу де қасқырдың көбейуіне әкеп соққан. Ал өткен жылдың желтоқсан айында Алматы об­лысы Ұйғыр ауданының Кетпен ауылының тұрғыны қасқырға та­ланды. Ауылдықтардың ай­туын­ша, оқиға былай болған, жыртқыш аң елді мекен көшесіне еркін кіріп, көшедегі жүргіншіге оқыстан шапқан. Жерлестерінің жанұшырған даусын естіген тұр­ғындар лезде жиналып, қас­қыр­дан арашалап алыпты. Азулы жырт­қыш жас жігіттің қолын тістеп, бет-жүзін тырнап үлгерген. Көмекке ұмтылғандар қасқырды ағаш тоқпақпен ұрып өлтірген болатын. Жамбыл облысында да малға қасқыр шабу оқиғалары жиілеп кеткен. Ашыққан жырт­қыштар жайылымдағы түлікті бы­лай қойып, қораға түсе баста­ған. Жергілікті шаруалар «төрт тү­лікті қынадай қырған қасқыр­лармен күресуге дәрменсізбіз», деп шырылдағаны бар. Қасқыр­дан қорлық көрген шаруа Нұр­ба­қыт Сейтқалидың қорасына жырт­қыш бірнеше рет шабуыл жа­сап, 15 шақты қойын жеп кеткен.


Қасқыр атуға Ақмола – 4, Ақтөбе – 309, Алма­ты – 1 500, Аты­рау – 903, Шығыс Қазақ­стан – 510, Жам­был – 453, Батыс Қазақстан – 57, Қараған­ды – 28, Қостанай – 55, Қызылор­да – 432, Маңғыстау – 276, Пав­ло­дар – 21, Солтүстік Қазақстан – 0, Түр­кістан облы­сы­на – 276, бар­лығы 4 824 лимит берілген.


Сонымен бірге тек қыс уа­қытында ғана емес, жазды күндері де өрістегі малға қасқыр мен шибөрінің шабуы тіркелгеннен кейін тұз тағыларын ату лимиті бекітілді. Әрі бұл қасқыр мен ши­бөрі санын реттеп тұруға арналған шара. Бұл туралы Экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі комиетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет: «Қасқыр мен шибөрінің санын реттеу үшін 2020 жылдың лимиті бекітілді. Мемлекеттік экологиялық сарап­таманың қорытындысы бойынша жыл сайын республика аумағында қасқыр мен шибөрінің саны реттеліп отырады. Қасқыр мен шибөрінің санын реттеуге рұқсат беру мемлекеттік қызмет көрсету болып саналады және оны об­лыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспек­циясы электронды портал арқы­лы жүзеге асырады. Яғни, кез келген аңшы электронды портал (www.egov.kz) арқылы онлайн түрде өтініш бере алады. Егер интернет жоқ болса, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан рұқсат алуға болады. Қасқыр мен шибөрі – санын реттеп тұруға тиіс аңдардың санатына жатады. Халықтың денсаулығы үшін және ауыл шаруашылығы жануар­ла­рының ауру-сырқауына тосқауыл қою үшін қасқыр мен шибөрінің санына бақылау жасау қажет», – дейді.

Жалпы, 2019 жылдың көр­сет­кіші бойынша еліміздегі қасқыр саны – 12 812, шибөрі саны – 24 629 екен. Он шақты жыл бұрын олардың саны 40 мыңнан асып кеткен. Статистика көрсетіп отыр­ғандай, елдегі түз тағысының саны едәуір азайған. Елімізде мемлекеттік экологиялық экс­пер­­­тизаның қорытындысына сәй­кес жыл сайын қасқыр атуға арнайы лимит бекітіледі. Мә­се­лен, 2019 жы­лы 4 839 түз тағы­сын атуға рұқсат берілген. Ал 2018 жы­лы аңшылар 1 575 қасқырдың көзін жойған. Ал енді 2020 жылы Қазақстан бойынша берілген лимит санына көшейік. Ең көп лимит Алматы облысына берілсе, Солтүстік Қа­зақстан облысына мүлдем рұқсат жоқ. Қасқыр атуға Ақмола – 4, Ақтөбе – 309, Алма­ты – 1 500, Аты­рау – 903, Шығыс Қазақ­стан – 510, Жамбыл – 453, Батыс Қазақстан – 57, Қараған­ды – 28, Қостанай – 55, Қызылор­да – 432, Маңғыстау – 276, Пав­ло­дар – 21, Солтүстік Қазақстан – 0, Түр­кістан облысына – 276, бар­лығы 4 824 лимит берілген. Ши­бө­ріге көшсек, бұл жыртқышты атуға барлығы 11733 лимит тиесілі.


Қолына қару алып, түз тағы­сына қарсы шыққан аңшылардың құлағына алтын сырға. Егер сіз бір өңірде рұқсат алып, қасқыр не шибөрі атып алсаңыз, қомақты қаржы аламын деп дәметпеңіз. Өйткені әр аймақ сыйақыны өзі қояды. Ол туралы Сәкен Діл­дах­мет: «Республикалық деңгейде арнайы ставкасы жоқ. Министр­лік тарапынан атылған қасқырға сыйақы ретінде арнайы бюджет бе­кітілмеген. Бұл әдіс Кеңес үкі­метінде кеңінен қолданылған. Атылған қасқырдың терісі өнді­ріске жолданатын», – дейді. Мы­са­лы, Алматы облысында аңшы­ларға сыйақы ретінде жергілікті бюджеттен 9 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бір қасқырға – 20 мың теңге, бөлтірік пен ши­бөріге 10 мың теңге аласыз.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 150 000 аңшы тіркелген. Тіркел­мей-ақ, түз тағыларын қырып жатқан­дар да жетерлік. Бірақ оларды ату үшін міндетті түрде аңшының аңшылық билеті, қасқыр атуға рұқсат қағазы және қару ұстауға рұқсаты болуы керек. Егер жа­байы аңға заңсыз қару қолдан­саңыз, міндетті түрде Қылмыс­тық кодекстің 337-бабы бойын­ша жауапқа тартыласыз. Осыны ұмыт­паңыз!


Әдебиет.JPG    Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ