Биыл қаңтар айынан бастап желтоқсанның 31-не дейінгі аралықта елімізде қасқыр мен шибөрілерді ату шегі белгіленді. Әр өнірде әрқалай. Неге? Тарқатып көрейік.
Түз тағысы қысты күндері қорадағы малға, ауылдағы жанға ашықпаса шаппайды. Дегенмен қыс басталғалы қасқыр мен шибөрілер бірнеше ауылды шулатты. Былтыр күзден бері ит-құс Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты үш ауылдың елуден астам жылқысын жеп кеткен болатын. Өңірді аяз қысқалы бері түз тағысы ауылды торуылдайтын болып алған. 2017 жылы Қазақстанның төрт облысында, атап айтқанда Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе облыстарында қасқыр санының азайып кетуіне байланысты атуға мораторий жарияланған болатын. Осы шектеу де қасқырдың көбейуіне әкеп соққан. Ал өткен жылдың желтоқсан айында Алматы облысы Ұйғыр ауданының Кетпен ауылының тұрғыны қасқырға таланды. Ауылдықтардың айтуынша, оқиға былай болған, жыртқыш аң елді мекен көшесіне еркін кіріп, көшедегі жүргіншіге оқыстан шапқан. Жерлестерінің жанұшырған даусын естіген тұрғындар лезде жиналып, қасқырдан арашалап алыпты. Азулы жыртқыш жас жігіттің қолын тістеп, бет-жүзін тырнап үлгерген. Көмекке ұмтылғандар қасқырды ағаш тоқпақпен ұрып өлтірген болатын. Жамбыл облысында да малға қасқыр шабу оқиғалары жиілеп кеткен. Ашыққан жыртқыштар жайылымдағы түлікті былай қойып, қораға түсе бастаған. Жергілікті шаруалар «төрт түлікті қынадай қырған қасқырлармен күресуге дәрменсізбіз», деп шырылдағаны бар. Қасқырдан қорлық көрген шаруа Нұрбақыт Сейтқалидың қорасына жыртқыш бірнеше рет шабуыл жасап, 15 шақты қойын жеп кеткен.
Қасқыр атуға Ақмола – 4, Ақтөбе – 309, Алматы – 1 500, Атырау – 903, Шығыс Қазақстан – 510, Жамбыл – 453, Батыс Қазақстан – 57, Қарағанды – 28, Қостанай – 55, Қызылорда – 432, Маңғыстау – 276, Павлодар – 21, Солтүстік Қазақстан – 0, Түркістан облысына – 276, барлығы 4 824 лимит берілген.
Сонымен бірге тек қыс уақытында ғана емес, жазды күндері де өрістегі малға қасқыр мен шибөрінің шабуы тіркелгеннен кейін тұз тағыларын ату лимиті бекітілді. Әрі бұл қасқыр мен шибөрі санын реттеп тұруға арналған шара. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комиетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет: «Қасқыр мен шибөрінің санын реттеу үшін 2020 жылдың лимиті бекітілді. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы бойынша жыл сайын республика аумағында қасқыр мен шибөрінің саны реттеліп отырады. Қасқыр мен шибөрінің санын реттеуге рұқсат беру мемлекеттік қызмет көрсету болып саналады және оны облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы электронды портал арқылы жүзеге асырады. Яғни, кез келген аңшы электронды портал (www.egov.kz) арқылы онлайн түрде өтініш бере алады. Егер интернет жоқ болса, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан рұқсат алуға болады. Қасқыр мен шибөрі – санын реттеп тұруға тиіс аңдардың санатына жатады. Халықтың денсаулығы үшін және ауыл шаруашылығы жануарларының ауру-сырқауына тосқауыл қою үшін қасқыр мен шибөрінің санына бақылау жасау қажет», – дейді.
Жалпы, 2019 жылдың көрсеткіші бойынша еліміздегі қасқыр саны – 12 812, шибөрі саны – 24 629 екен. Он шақты жыл бұрын олардың саны 40 мыңнан асып кеткен. Статистика көрсетіп отырғандай, елдегі түз тағысының саны едәуір азайған. Елімізде мемлекеттік экологиялық экспертизаның қорытындысына сәйкес жыл сайын қасқыр атуға арнайы лимит бекітіледі. Мәселен, 2019 жылы 4 839 түз тағысын атуға рұқсат берілген. Ал 2018 жылы аңшылар 1 575 қасқырдың көзін жойған. Ал енді 2020 жылы Қазақстан бойынша берілген лимит санына көшейік. Ең көп лимит Алматы облысына берілсе, Солтүстік Қазақстан облысына мүлдем рұқсат жоқ. Қасқыр атуға Ақмола – 4, Ақтөбе – 309, Алматы – 1 500, Атырау – 903, Шығыс Қазақстан – 510, Жамбыл – 453, Батыс Қазақстан – 57, Қарағанды – 28, Қостанай – 55, Қызылорда – 432, Маңғыстау – 276, Павлодар – 21, Солтүстік Қазақстан – 0, Түркістан облысына – 276, барлығы 4 824 лимит берілген. Шибөріге көшсек, бұл жыртқышты атуға барлығы 11733 лимит тиесілі.
Қолына қару алып, түз тағысына қарсы шыққан аңшылардың құлағына алтын сырға. Егер сіз бір өңірде рұқсат алып, қасқыр не шибөрі атып алсаңыз, қомақты қаржы аламын деп дәметпеңіз. Өйткені әр аймақ сыйақыны өзі қояды. Ол туралы Сәкен Ділдахмет: «Республикалық деңгейде арнайы ставкасы жоқ. Министрлік тарапынан атылған қасқырға сыйақы ретінде арнайы бюджет бекітілмеген. Бұл әдіс Кеңес үкіметінде кеңінен қолданылған. Атылған қасқырдың терісі өндіріске жолданатын», – дейді. Мысалы, Алматы облысында аңшыларға сыйақы ретінде жергілікті бюджеттен 9 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бір қасқырға – 20 мың теңге, бөлтірік пен шибөріге 10 мың теңге аласыз.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 150 000 аңшы тіркелген. Тіркелмей-ақ, түз тағыларын қырып жатқандар да жетерлік. Бірақ оларды ату үшін міндетті түрде аңшының аңшылық билеті, қасқыр атуға рұқсат қағазы және қару ұстауға рұқсаты болуы керек. Егер жабайы аңға заңсыз қару қолдансаңыз, міндетті түрде Қылмыстық кодекстің 337-бабы бойынша жауапқа тартыласыз. Осыны ұмытпаңыз!