Соттардың Конституциялық кеңеске өтініш беруі мәселелері талқыланды
Соттардың Конституциялық кеңеске өтініш беруі мәселелері талқыланды
105
оқылды
26 ақпанда «Конституциялық кеңесте жалпы юрисдикция соттарының ұсыныстарын қарау» тақырыбында онлайн режимде халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Конституциялық кеңес Венеция комиссиясымен бірлесіп, Еуропалық Одақ пен Еуропа кеңесінің Орталық Азиядағы құқық үстемдігі жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған бірлескен бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырды. Дөңгелек үстелді аша отырып, Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәми атап өткендей, бүгінде қаралып отырған институт бірқатар еуропалық және басқа да елдерде кеңінен қолданылады. Тұтастай алғанда, бұл тетік құқық үстемдігін қамтамасыз етуге және Республика Конституциясының жетекшілігімен елдің құқықтық жүйесін дамытуға бағытталған. Қатысушыларды Венеция комиссиясының президенті Джанни Букиккио және Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігінің Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Стенбек Мадсен құттықтап сөз сөйледі. Форумда Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, адвокатураның өкілдері, құқықтанушы-ғалымдар, сондай-ақ Венеция комиссиясы және Францияның, Италияның, Кореяның, Молдованың және басқа да елдердің конституциялық бақылау органдары мен заң жұртшылығы атынан сарапшылар баяндама жасады. Дөңгелек үстелге қатысушылар заңдардың конституциялылығын тексеру адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңызды кепілі болып табылатынын атап өтті. Конституцияға сәйкес мұндай рәсім соттардың өтініштері бойынша қозғалады, олардың алдында сот процесіне қатысушылар тиісті өтініштерді мәлімдей алады. Конституциялық Кеңес осы институттың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар енгізді. Олар процестік кодекстерде соттардың аталған өтінішхаттарды егжей-тегжейлі қарау тәртібін, оларға қойылатын талаптарды белгілеуді, судья анықтайтын мәселелерді және оларды қанағаттандырудан бас тартудың нақты негіздерін айқындауды көздейді. Сарапшылардың ұсынымдары мен ұсыныстарын жұмыс тобы одан әрі жұмыс істеу кезінде ескеретін болады.