Қазақстанда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын ресми түрде мерекелеу басталды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, мерейтойдың мемлекеттік комиссиясының төрағасы Қырымбек Көшербаев елордадағы Жамбыл ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының жаңа ғимаратында (санитарлық талаптарға сәйкес) өткен мерейтойлық жылдың салтанатты ашылуына ресми тұлғалармен, мәдениет және ғылым қайраткерлерімен, Алматы және Жамбыл облыстарының делегацияларының өкілдерімен бірге қатысты. Мерекелік кештің қонақтары жаңа театр фойесінде ұйымдастырылған Жамбыл Жабаев мұражайының экспозициясымен танысты. Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова салтанатты іс-шарада баяндама жасады. Ол Тәуелсіздігіміздің қалыптасуының сындарлы кезеңінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың ұлы ақындары Абай мен Жамбылдың 150 жылдығын лайықты атап өту туралы шешім қабылдап, мерейтойларға ерекше мәртебе мен маңыз берген ширек ғасыр бұрынғы тарихи сәтті еске салды. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы атап өтілуде. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен ұлы ақынның мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастырып, мазмұндық деңгейін қамтамасыз ету мақсатында арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл Жамбылдың бірегей мұрасын терең ұғыну, оны замандастарымыз бен жастарға түсіндіруге әрі оның өр рухты шығармаларының сұранысқа ие болуына ықпал етеді. А.Райымқұлова ұлтымызға болашақ ұрпақ үшін рухани қазынаны сақтау және ізгіліктің сан ғасырлық идеяларын бүкіл әлемге жеткізудің үлкен жауапкершілігі жүктелгенін атап өтті. Сондықтан «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасын одан әрі іске асыру Ұлы даланың рухани мұрасын танымал ету және Тәуелсіздігіміздің қасиетті құндылықтарын нығайту жөніндегі ауқымды жұмысқа бағытталатын болады. Салтанатты іс-шара Жамбылдың 175 жылдығына арналған мерекелік концертпен жалғасты. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының симфониялық оркестрінің артистері көрермендерге «Жыр алыбы-Жамбыл» атты театрландырылған қойылымын ұсынды. Ұлы ақынның баға жетпес мұрасын, өзіндік ерекшелігі мен дарынын ашып көрсететін әдеби-музыкалық композицияда оның атақты айтыстары мен әйгілі «Кең байтақ Қазақстаным», «Ақындарға арнау», «Күләшқа», «Ленинградтық өренім!» және т.б. шығармалары шырқалды. Мерекелік бағдарламада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің, «Жастар» театрының, «Астана Балет» театрының әртістері, «Қорқыт» этно-ансамблінің, «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының, «Акак» комузшылар ансамблінің (Қырғызстан) жеке орындаушылары өнер көрсетті. Атақты ақынның мерейтойына Қазақстан халықтары Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің әртістері, «Nomad» балалар хореографиялық ансамблі, «Вайнах» шешен-ингуш халық ансамблі және т. б. өз шығармаларын арнады. Кеше 25 ақпан күні, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында мерейтойлық іс-шаралардың жалпы республикалық жоспары бекітілді. Оның аясында бүкіл ел бойынша 500-ден астам әлеуметтік-мәдени, ағартушылық, ғылыми және білім беру жобалары іске асырылатын болады. Жамбыл мерейтойына арналған іс-шаралар республикамыздың барлық өңірлерінде және шетелде жыл бойы өткізіледі. Бүгін 26 ақпан күні еліміздегі және шет елдердегі қалалар мен елді мекендерде Жамбыл Жабаевтың ескерткіштері мен бюсттеріне гүл шоқтары қойылды, әртүрлі мәдени іс-шаралар өткізілді.