Мұстафа Шентоп, Түркия парламентінің спикері: Армян геноциді болған жоқ
Мұстафа Шентоп, Түркия парламентінің спикері: Армян геноциді  болған жоқ
Мұстафа Шентоп – Түркия Конс­титу­циясы бойынша президенттен кейінгі екінші тұлға. Оның саяси ықпалы да сол деңгейде деген пікір бар. Саяси өмірге араласқанға дейін ол бірнеше универ­ситетте дәріс оқыды. Кейін Реджеп Тайып Ердоған басқаратын әділет және даму партиясында төраға орынбасары қызметін атқарды. Бірнеше рет парла­мент­ке депутат болып сайланды. Ал 2019 жылдың ақпан айында Түркия пар­ламентінің спикері қызметіне сайланды. Түркия сапарында Мұстафа Шентопты «Айқын­ның» сұхбатына шақырған едік.

– Күзде Түркия парламенті АҚШ Конгресінің армян геноци­діне орай қабылдаған резолюция­сын сын­ға алды. Бұл мәселеге қа­тысты рес­ми Анкараның ұстанымы қан­дай? Аталған мәселеде барлық пар­тия­лардың пікірі бір жерден шықты ма?

– Түркия парламентінде 5 пар­­тия бар. Аталған мәселе қарас­тырылғанда оның төртеуі Кон­гресс резолюциясын сынға алды. Тек бір партия ғана қалыс қалды. Олар өз ұстанымын білдірмеді. Не қолдамады, не қарсы шықпады. 1915 жылы Бірінші дүниежүзі соғысы Түркияның (Осман импе­риясы) шығыс бөлігінде жүрді. Соғыс болған соң түрлі жағдаяттар болған. Ол кезде түрік, араб, күрд ұлтының өкілдері де мыңдап қаза тапты. Сондықтан геноцид болды деп айта алмаймыз. Қазіргі пре­зидентіміз 2005 жылы премьер-министр қызметін атқарып тұр­ғанда осы мәселеге қатысты ар­хивті ашайық деп ұсыныс айтқан болатын. Өзім құқық тарихшысы ретінде 1326 жылға дейінгі құ­жаттарды қарадым. Себебі бізде мұрағат жақсы сақталған. Онда ақпарат мол. Біз бұл тақырыптың ақ-қарасын анықтау үшін Ар­ме­ния тарихшылары бізге келсін, Түркия тарихшылары Арменияға барсын деп ұсындық. Алайда біздің архив ашылғанымен, армян тарапы өз мұрағатын толық аш­пады. Сондықтан геноцид болды дегенге келіспейміз, оны құжат­пен дәлелдей аламыз.

– Түркия парламенті қазан айында Түркия әскерін Сирияда одан ары қалдыруға рұқсатын берді. Бұл шешім Таяу Шығыстағы ушыққан геосаяси жағдайды одан ары қиындатып жібермей ме?

– Негізі, бұл жаңа шешім емес. Бұл түрік қарулы күштерінің шет жерлерде әскери қимыл жүр­гізуіне берілетін рұқсат. Біз оны тек ұзарттық. Түркия бұған дейін шет жерде үш операция жүргізді. Парламенттің сол рұқсатты беруі үшінші операцияның жүзеге асу мерзімімен сай келіп қалды. Сондықтан ол жаңалық ретінде таралып кетті. Мәселен, біздің армия Күрд жұмыс партиясына (Partiya Karkerên Kurdistan) қарсы қимылды жүргізу үшін де парла­менттің келісімін алуы керек. Ал егер Сирия топырағында жүр­гізіліп жатқан операциялары­мызды алсақ, олар БҰҰ-да жа­салған келісімнің негізінде жүзеге асып келеді. 1988 жылы Сирия мен Түркия арасында Адана қа­ласында Адана келісімі жасалды. Оған сәйкес, Сирия Түркияға қар­сы күресетін террористік топ­тарды өз топырағынан шығаруы міндет. Егер Сирия оны жүзеге асыра алмаса, онда Түркия қа­­жет­ті шараларды қабылдайды. Бұ­ған байланысты та­ғы бір дүниені ай­та кеткен жөн. Егер АҚШ, Фран­­ция, Бри­тания коалиция ретінде Сирияға заңсыз басып кір­се, Түркия­ның әрекеті ха­лықа­ралық нор­ма­ларға сай жүруде.

– Ал Түркия әскері Сирияда әлі қанша уақыт қалуы мүмкін?

–Бұл күрделі сұрақ. Оған жауап біреу. Қазір Түркия жерінде тұрып жатқан Сирия азамат­тарына өз еліне оралуға жағдай жасалып, қауіпсіздік кепілдігі берілмей, Түркия шекарасының бойы қауіпсіз болмай, Түркия әскері сол елде қала бермек. Жалпы, біз мәжбүрлі түрде әскер ұстап отырғанымызды айта кет­кен жөн. Себебі Сирия өз шека­расын қорғай алса, бейбітшілікті қамтамасыз ете алса, біздің бұл іске араласуымыз қажет болмас еді. Енді өзге елде неге әскер ұстайсыздар деген сұрақ туындауы мүмкін. Оған жауабымыз мына­дай. Егер АҚШ сияқты елдер террористік ұйымдарға қарсымыз деп, алыстағы елде өз армиясын жасақтап жүрсе, онда біз де террористерден қорғану үшін шекарамызды қорғауға толық құқымыз бар.

– Түркия парламенті 2016 жы­лы Конституцияға өзгеріс енгізіп, мемлекеттік басқару формасын пре­­зиденттікке ауыстырды. Мұн­дай реформаға не түрткі болды?

–Негізі, бұл реформа 2017 жы­лы қабылданды. Мен ол кезде парламент мүшесі ретінде аталған реформамен айналысқан комис­сияның құрамында болдым. Бұл аяқастынан шыққан шешім емес. Жалпы, Түркияны парламенттік республикадан президенттік рес­публикаға өзгерту туралы алғаш­қы жиындар 2012-2013 жылдары өтті. Ол кезде комиссияға барлық партия мүшелері тең қатысты. Бұл мәселе тың дүние емес. Себебі мұн­дай идеялар 1960 жылдардан бері көтеріліп келе жатқан. Не де­сек те, бәрін халық шешті. Яғни, тек азаматтардың дауыс беруі ар­қылы ғана жүзеге асты. Ал рефор­маның себебіне көшсек, Еуропа­ның Германия, Нидерланд, Бель­гия секілді елдерінде парламенттік жүйелер дағдарысқа ұшырап жа­тыр. Мәселен, Германияда сай­лаудан кейін үкімет құру қиынға соқты. Бельгияда үкіметтің ор­нығуында біраз проблема бар. Парламенттік мемлекеттің үлгісі деп білетін Ұлыбританияда да Брексит мәселесінде қандай ке­дер­гілер туындағанын көріп отыр­мыз. Түркия дағдарыстарды көріп, оның алдын алу үшін жү­йе­ні өз­герту туралы шешім қабылдады.

– Арада біраз уақыт өтті. Қазіргі нәтиже қандай, бұл саяси реформадан түрік халқы не ұтты?

– Реформаның өткеніне 1,5 жыл ғана өтті. Яғни, жүйеміз жас. Оған баға беру ертелеу секілді. Бірақ қазіргі бар мәліметке қа­расақ, дұрыс бағыттамыз. Осы ре­форманы ұсынғанда жүйе то­лық іске қосылу үшін 2023 жылға дейін 5 жылдық мерзім қажет деп жоспарлағанбыз, яғни әлі біраз уақыт керек. Егер осы уақытта кем­шіліктер табылса, олар түзе­тіледі. Ал жаңа жүйе толық орны­ғуы үшін өзіндік дәстүр де қалып­тасуы керек.

– Желтоқсан айының соңында парламентте 2020 жылғы Түркия бюджеті талқыланып, бекітілуі мүмкін. Бұл мәселеде Ақ партияның ұстанымы қандай? Бюджет тал­қыланғанда парламенттегі қалған 4 партияның, әсіресе оппозицияның мүддесі ескеріле ме?

– Өзім Ақ партияның мүше­сімін. Бірақ парламент спикері ретінде басқа партиялардың жұ­мысына пікір білдіруім дұрыс болмас. Ал егер бюджеттің бөлі­нуіне қатысты айтсам, барлық мекемелер келер жылғы шығын­дарын шілде айынан бастап жоспарлап, ұсына бастайды. Содан кейін бұл жоспар бюджет комиссиясына ұсынылады. Ал қараша айынан бастап барлық партиялар мүше болатын басқа комиссия бюджет ұсынысын қарастырады. Осы комиссияда оппо­зициялық партияның да пікірі ескеріледі. Содан кейін ғана парламенттің негізгі құрамына ұсынылады. Негізгі жұмыс 20 желтоқсан мен 1 қаңтар арасында жүреді. Биылғы бюджет 2002 жыл­дан бері Ақ партия тарапынан жоспарланып отырған 18-бюджет. 2002 жылы бюджеттің қарыз көлемі 42 пайыз болса, қазір біз оны 10 пайызға дейін төмендеттік. Бұл жағынан Түркияның қарызы Еуропа елдерімен салыстырсақ, ең төменгілердің бірі болып есептеледі. Ал сыртқы қарызға келсек, ол ІЖӨ-нің 60 пайызынан аспауы керек. Еуропаның кейбір елдерінде бұл көрсеткіш 70 па­йызға жеткен, Түркияның қарызы 30 пайыз көлемінде.

– Әңгімеңізге рақмет!

   

Сұхбат 2019 жылы 11 желтоқсан күні жазылды.

Сұхбаттасқан Нұрмұхамед БАЙҒАРА