Әлеуметтік сала депутаттар назарында
Әлеуметтік сала депутаттар назарында
105
оқылды

Өткен жылы адамзат бала­сына төнген індеттің салмағы оңай болған жоқ. Жүздеген адам жақындарынан айырыл­ды, әлемдік экономика дағда­рысқа тап болды. Сондай қиын-қыстау шақта ел азаматтары ын­­ты­мақ­тастық пен жаппай жан­­қиярлық танытты. «Nur Оtan» партиясы және оның бел­сенді мүшелері Biz birgemiz ак­ция­сын ұйым­дастырып, көптеген мұқтаж жанға көмек қолын созды. Осы кезде «Nur Otan» жетекші саяси ұйым екенін тағы бір дәлелдеп, нақты істердің партиясы екенін көр­сетті.

Өздеріңізге белгілі, жуық арада ғана өткен «Nur Otan» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясының кеңейтілген отырысында сайлауалды бағдарламаны орындау жөніндегі «Жол картасы» таныстырылды. Партия Лидері, Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Жол картасын» әзірлеуге Мә­жіліс депутаттары, Үкімет мүшелері, партия өкілдері белсенді қатысты. Бұл бағдарлама елімізді одан әрі өркендетуге, заңдылық пен тәртіпті сақтауға, уақытша қиындықты еңсеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталды. Яғни, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын және партияның бағытын іске асыруға мүмкіндік береді. Онда Тұңғыш Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, барлық сала бойынша, әсіресе әлеуметтік мәселелерді шешудің нақты шаралары көрсетілген. Басқаша айтқанда, көптің көкейінде жүрген сан тарау ойдың тамырын тап басты деп білеміз. Енді міне, экономикадағы қиындықтарға қарамастан, «Nur Оtan» Үкіметпен бірге 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы аясында алдағы бес жылдықта аталған бағ­дарламаны жүзеге асыру үшін 21 триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бағдарлама еліміздің әлеуметтік дамуын ілгерілетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шаралардың тиімді кешенін қамтиды. Бұл құжат жұртшылық тарапынан келіп түскен барлық ұсыныстар мен талап-тілектерді ескеріп, жан-жақты зерделеніп әзірленді. Атал­ған бағдарлама төрт басымдықты, яғни баршаға тең мүмкіндік беру, зияткер, дені сау және саламатты ұлт, тұрақты экономика, есеп беретін мемлекет пен жауапты азаматтар қалыптастыру сияқты ауқымды бағыттардан тұрады. Бірінші бағыт бойынша «Ең бастысы – әлеуметтік әділдік». Онда мұқтаж жандарға қамқорлыққа баса мән беріліп, әлеуметтік саясатты жүргізгенде қиындыққа тап болған азаматтарға атаулы көмек көрсету күшейтіледі. Ал бағдарламаның екінші бағыты – «Зияткер, дені сау ұлт қалыптастыру». Алдағы уақытта білім мен ғылымға, денсаулық сақтау саласына, мәдениет пен спортқа бөлінетін қаржы ұлғаяды. Мәселен, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің 5%-ынан кем болмайды. Еліміздің басты қалалары Нұр-Сұлтан мен Алматыда 2 ғылыми-инновациялық клиника салынады. Ал өңірлерде 20 заманауи медицина орталықтары бой көтермек. Елді мекендердегі аурухана-емханалар қажетті қондырғылармен жабдықталады. 2023 жылы дәрігерлердің жалақысы 2,5%-ға өседі. Сонымен қатар 2022 жылы Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша Петропавл және Шымкент қалаларында 2 озық өңірлік жоғары оқу орны құрылады. Бұл Шымкент қаласының дамуы мен халқының өсуіне және білім сапасының артуына ықпал ететін болады. Ауылдық округтерде спорт нұсқаушы қызметі болады. Спорт жаттықтырушыларының да айлығы 100 пайызға көбейеді. Бұл – өте қуантарлық жаңалық. Ендігісі осы мақсаттарға жету үшін бес жылға қойылған жоспарды тиімді іске асыру қажет. Бұл ретте Жол картасының барлық бағыты Мәжілістің комитеттеріне бөлініп, бағдарламаның нақты тармақтарына бақылауды күшейту үшін «Nur Otan» фракциясының депутаттары бекітілді. Бұл Жол картасындағы әрбір орындалуға тиіс жұмыс қатаң бақылауға алынды деген сөз. Біз егемен мемлекет болғалы қаншама қиындықты бірге еңсеріп, татулықты сақтап, бірлігімізді нығайтып келеміз. Қазір елді игілікке апаратын төрт бағытты саралап берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық жоспарын тиімді орындасақ, болашағымыздың жарқын болары сөзсіз.

Ғани ТАШҚАРАЕВ, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі