Құқық қорғау органдарына сенім азайды

Құқық қорғау органдарына сенім азайды

Халық сенімі – мемлекет жұмысы үшін қоғамдық индикатор. Оған биліктің заң шығару, атқару, қызмет көрсету, өкім ету тармақтарының қай-қайсысы да кіреді. Әйтсе де, сезімталдығы жағынан құқық қорғау саласының қызметіне деген жұрт­шы­лықтың талабы ерекше. Өйткені адамды қорғауға тиіс ор­гандар қоғамды қорлаушы болып шықса, басқасына не жорық?!

Шын сандар сөйлесе – сын ахуал көлбейді

Ranking.kz интернет-ресурсының соңғы жүргізген зерттеуі­нің бірі халықтың құқық қорғау органдарына деген сенім дәрежесіне арналыпты. Сонымен, 2019 жыл 31 мың, ал былтыр 18 мың респондент (үй қожалығы) қатысқан сауалнама қорытындысының негізгі көрсеткіштері келесідей: 2020 жылы өзін толықтай қауіпсіз сезінетін респондент саны 57,4%-ды құрапты. Бұл алдыңғы жылмен (49,6%) салыстырғанда көп. Ал айтарлықтай қауіпсіз сезінетіндер саны азайған. Өзін қауіпсіз сезінбейтіндер де азайған. 2019 жылы 5,4% болса, 2020 жылы 2,9%. Осы ретте өзін толықтай қауіпсіз сезінетіндер ерлер арасында 63,4% болса, әйелдер арасында 52%-ды құраған. Ал өздерін қауіпсіз сезінбейтін әйелдердің үле­сі – 3,5%, ерлер – 2,2%. Олар не­гізінен далада жүргенде біреу шабуыл жасауы мүмкін деп, жалғыз жүруге және жарығы жоқ жерлерден қорқады екен. Соның ішінде біреу шабуыл жасауы мүмкін деген қор­қыныш әйелдерден (44,6%) көрі ер адамдарда (47,4%) басым.  Ал далаға жалғыз шығуға көбіне әйелдер қорқады (36,5%). Респонденттердің банктегі шотынан немесе карталары­нан алаяқтар ақшамды алып кетуі мүмкін деген алаңдаушылығы бір жылда 31,8%-дан 41,8%-ға дейін өскен. Респонденттердің бұлай алаңдауының  да жөні бар. Өйткені соңғы кездері қаржы пирамидаларын құрушылар, банк картасындағы қаржыны түрлі әдіспен  қолды қылатындар жайлы деректер көбейді. Әрі мұндай қылмыстардың көбіне ашылмай қалатыны бұқараның құқық қор­ғаушыларға деген сенімін де төмендетіп отыр. Одан бөлек,  халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімі  өзге де себептерге байланысты азайып барады. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, полицияға толық сене­тіндер респонденттердің 37%-ын құрайды, прокуратураға – 35,9%, Антикорға – 24,5%, экономикалық тергеу қызметтеріне – 20,5%. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына мүлдем сенбейтіндердің үлесі де артып отыр. Сауал­намаға қатысқандардың поли­ция­ға мүлдем сенбейтіндері  2,7%-ға жеткен. Респонденттердің 1,8% кор­рупция­ға қар­сы қызметке, 1,6% прокуратура органдарына, 1,3% экономикалық тергеу қызметтеріне сенбейді. 2020 жылы сұраққа жауап бергендердің жартысына жуығы (49,9%) ешқашан экономикалық тергеу қызметтерімен жолығып көрмеген екен. Коррупцияға қарсы қызметке респонденттердің 42,1%-ының, прокуратураға  26,8%-ының, полицияға 15,6%-ының бір рет те болса күні түспеген. 2020 жылы құқық қорғау органдарына хабарласқан респонденттердің 92,2%-ының арызы қабылданған екен. Бұл алдыңғы жылмен шамалас, яғни 92,9%. Сәйкесінше, 2020 жылы 7,8%, 2019 жылы 7,1% респонденттердің арызы қабылданбаған. Олардың 2,9%-ының арызын ұсақ құ­қық­бұзушылық (бұзақылық, ұялы телефон ұрлығы және тағы басқалары) деп қабылдамаған болса, 2,4%-ына мәселесін ауызша шешуге уәде берілген, қалған 1,5%-на қылмыстық құрам болмағандықтан бас тартылған. Ал арызы қабылданғандар арасында жүргізілген тергеуге көңілі толатындар саны, халықтың құқық қорғау органдарына сенімі азайғанына қарамастан, бір жылда 49%-дан бірден 58%-ға дейін өсіп отыр.

Халық сенімі – басты капитал

Елімізде құқық қорғау органдарының ішкі тәртіп мәселесі өткір тұрғаны рас. Өйткені мұнда теріс әрекет немесе әрекетсіздік, бас-басына билік ету, қылмыс әле­мімен біте қайнасу, заңды белден басу сынды тағы да басқа жүгенсіздіктер асқынып барады. Оны мезгіл-мезгіл ақпарат көздерінен жиі көріп отырмыз. Мәселен, таяуда Ақтау қаласында полиция майоры 4 жылға сотталды. Ол пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде жезөкшелер борделіне «крыша» болған екен. Сол үшін бар болғаны 15 мың теңге алып үлгерген. Тізе берсе, мұндай мысалдар, өкінішке қарай жетіп-артылады. Прокуратура, коррупцияға қарсы қызмет саласында да өзінің «телі-тентектері» жетерлік. Өңірде олар – «кіші патша». Ал оларға шағым айту үшін Бас прокурордың қабылдауына кіре алмай жүргендер жетерлік. «Бас прокурордың қабылдауына кіру неге соншалықты қиын. Мен бұған дейін Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың қабылдауына екі рет кіріп шық­тым. Ешқандай бюрократияны көргенім жоқ. Азаматтардың әлеу­меттік желі болсын, пошта ар­қылы хаты болсын, кез келген нұсқадағы байланысына бірден ден қойып, жауап беріп отыр. «Еститін мемлекет» деген осы емес пе? Ал Бас прокурордың алдына жету мүлдем мүмкін емес. Мен сияқты көптеген адам проб­лемасын шеше алмай жүр», – дейді өскемендік Айгүл Баянбаева. Расында да, құқық қорғау органдарының бірінен көрген әді­летсіздігіне келесі бірінен әді­лет іздеп, сергелдеңде жүрген жандар жетерлік. Бір жаманы, оларды сенделтіп жүрген бір себеп – құқық қорғау органдарының бір-бірінің өкілетін иемденіп кету, құзыретті өз жа­ғына тарту әрекеті. Әрине, ешкімнің биліктен айырылғысы кел­мейтіні рас. Бірақ әділеттің ұшар басында жеке амби­циялар мен ведо­мст­волық емес, қоғам мен мемлекеттің мүддесі тұрса игі еді. Олар үшін басты ка­питал халық сенімі болуға тиіс.

Сенімнің жауы – қателік пен қаталдық

Полицияға деген халық се­німінің ең бір құлдыраған тұсы 2018 жылы шілдеде белгілі спортшымыз Денис Теннің өлімімен аяқталған оқиғамен тікелей байланысты. Оған дейін ішкі істер органдарының жұмыс сапасының нашарлығына қатысты қордаланып келген түрлі жайттар мен проблемалар осы жазда қоғамның наразылығы болып лықси шық­қан. Әлеуметтік желіде «Ішкі істер министрлігін реформалауды талап етеміз» тобы құрылды. Онда көптеген сараптама мен талқылау­дан соң шетелдік озық тәжірибелерге сүйенген, азаматтық бастама негізінде ұсыныс әзірленді. Ол 3 бөлімнен және 16 тармақтан тұратын еді. Әйтсе де, осы ұсы­ныс­та да, Жол картасында да көр­сетілген реформалық шаралар өте баяу жүзеге асып келеді. «Осы бастама қолға алынған соңғы үш жылда министрлікпен тығыз жұмыс жүргізіп келеміз. Ішкі істер саласында өзгерістер бар. Бірақ ол негізінен құрылымдық сипатта. Штат саны қысқарды, тән емес қызметтер алып тас­талды, фронт-кеңселердің ашы­луы, департамент бастықтарының аккаунттар ашып, халық­пен тікелей байланысқа шығуы және тағы да басқа оң өзгерістерді атап өтуге болады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Оның үстіне, осы жап-жақсы еңбекті шайып кететін келеңсіз жағдайлар да көп. Соның бірі – Мәжіліс сайлауы қарсаңында Алматы қаласында ойын білдірмекке алаңға шыққан екі топты арнайы жасақтың бірнеше сағат бойы қоршауға алып тұруы. Митинг дегеніміз – мемлекет пен азаматтардың диалог алаңы болуы керек. Өз ойын еркін жеткізе алған азаматтарда ертеңгі күнге, мемлекетке деген сенім қалыптасады. Ал бұл жерде полиция қызметкерлері үлкен қаталдық танытты және үлкен қателік жасады. Мұндай оқшаулау тәсілі жай азаматтарға емес, көшені қиратып, бассыздықтар жасайтын экстремисттерге қолданылса керек. Олар­­дың бұл әрекетін қоғам тыныштығын қамтамасыз етуден бұрын азаптау деп бағалауға болады», – дейді «ІІМ реформасын талап етеміз» тобының негізін са­лушы, қоғамдық белсенді  Ерлан Нұрпейісов. Егер қоғам тарапынан айтылып жатқан сын, мемлекет тарапынан тағылып отырған мін түзелмейтін болса, жақын жылдары полицияда қандай да бір болмасын өзгеріс болады деп, халық сенімі артады деп айту қиын. Өйт­кені қазір ішкі істер саласында қызмет ету идеясы соншалықты өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Полиция қызметкерлері әлі күнге дейін тек тікелей бастыққа бағыну принципін басшылыққа алады. Ал ол заңға, Конституцияға, қарапайым азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қайшы ма, жоқ па, ол жағына бас ауыртпайды. Ал ол басшылық көп ретте қара басын және баюды ойлайды. Бұл түптеп келгенде халық сенімінің төмендеуіне әкеледі. Сондықтан да Ішкі істер министрлігінің таяуда ғана жария болған ранкинг-статистиканы қаперге алғаны абзал-ау!

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ