Мемлекет тағдырын айқындаған құжат
Мемлекет тағдырын айқындаған құжат

Қазақстан КСРО құрамынан ең соңғы болып «шықты». Тәуелсіздігін де кеш жариялады. Алайда 1991 жыл­дың 16 желтоқсанында тәуелсіздігін жариялау арқылы Қазақстан ел аумағының тұтастығына, мемлекеттің тыныштығына, интеграциялық процестердің жүйелі жүргізілуіне  негіз болған  ұтымды шешім қабылдаған болатын. 

Тәуелсіздік: тарихи ауан

2020 жылғы 21 маусымда «Рос­сия-1» телеарнасы жариялаған «Россия. Кремль. Пу­тин» бағдар­­ламасында Ресей президенті В.Пу­тин КСРО-дан шығып жатқан республикаларға орыс халқы сый­лық жасағаны туралы түсініксіз, тосын мәлімдеме жасады. Көр­шінің көшбасшысы нақты бір ел­дің атын атамағанымен, ресейлік ұлтшылдар мұны Қазақстанға те­луге талпынды. Сонда бұған қарсы мемлекетіміз ақылды адам тоқтар аталы сөз, қуатты дәйек айтты: Қа­зақстан одақтан оны тіпті Ре­сейдің өзі тәрк етіп кеткен соң ғана шық­ты! Мұндай жағдайда Қазақстанға қатысты ешқандай территориялық талап болуы мүмкін емес! Қазақ елі өз тәуелсіздігін ерте рәсімдей алатын еді. Алайда азат­тығын еш дайындықсыз, асығыс жария етіп, оның арты қантөгіс пен жербөліске, сепаратизмге соқ­тыр­ған экс-одақтық респуб­лика­лар­дың қайғылы тәжірибелері мұ­ның дұрыс емесін байқатты. Оның үстіне, асыққан кімнің ісі екенін ата-бабамыз өсиет етіп айтып кеткен. Мысалы, «егемендік шеруі» нәтижесінде тәуелсіздікке қол жеткізген Молдовадан 1990 жылы орыстілділері басым, Ресеймен одақтасуды жақтайтын, әлем мойын­дамаған «Преднестровье Молдавия республикасы» (Нис­трения) бөлініп шықты. Грузиядан Абхазия мен Оңтүстік Осетияның іргесін аулақ салу ниеті де сол тұста күшейді. Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ үшін қан төкті. Орталық Азиямыздағы Тәжік­станда этносаралық қарулы қақ­тығыс ақыры 150 мыңдай адамның өмірін жалмаған азаматтық со­ғысқа ұласты. КСРО кезінде жасанды түрде «ұлттар лабораториясына» айнал­дырылған Қазақстан өзара қайшы қаншама мүдденің арпалыс алаңы­на айналып кеткен еді. Еліміздегі диаспоралар мемлекеттік мейрам күндері көшеде «тарихи отаны­ның», яғни шет мемлекеттердің туын желбіретіп жүрді. «Штрихи к портрету» деректі фильмінің екінші бөлімінде Қа­­­­зақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде сол кезде қалыптасқан тарихи ахуалдан сыр шертті. Елбасы еске алғандай, бұл өте күрделі кезең еді. Елді бей­берекетсіздік жайлады. Осы тұйық пен тығырықтан шығарар жол табу күрделі іс болатын. – Мен сол кездегі үзеңгі­­­лес­теріммен бірге елдікті сақтауға бар күшімді салдым. Құдайға шүкір, ол қолдан келді. Әйтпесе, бізде елді бөлшектеп алғысы кел­гендер бол­ды. Қай жерде қандай этнос шо­ғырланып тұрса, солар: «Ке­ліңіз­дер, осы мекенде өз алдымызға отау тігейік!» деп шықты. Бұл өте қауіпті құбылыс-тын. Оралда, Шығыс Қазақ­станда казактар басым бол­ғаны мәлім. Ресейден соларға ке­ліп: «Территориямен бірге бізге өтіңіздер!» деп үгіттеген аранда­тушылар кездесті. Мысалы, Өске­менде бір топ адам облыс әкім­дігін басып алып, Шығыс Қа­зақстан орнында «Алтай Рес­публикасын» жариялауға шешім қабылдапты. Уақытында білдік. Ол адамдар ұсталып, сотталды. Біз ондай соғыс болуына жол бере ал­майтын едік. Бірақ елдің, жердің тұтастығын Қарулы Күштер көме­гімен қорғауға тура келетін еді. Әс­керді тартпай-ақ ол қатерді жоя алдық, – деді Н.Назарбаев. Осындай тарихи ауанда Қа­зақстанға өз тәуелсіздігін жария­лауға тура келді.

Ұлттық мүдде үшін күрес

Жағымды жайт сол, Кеңес Ода­ғы ыдырады, демек жоқ одақ­тан Қазақстанның азаттық алуына еш­бір күш те қарсылық білдіре ал­майтын. Әйткенмен, олар қа­зақ­тың тілін, ұлттық дәстүрі мен мә­­дениетін дамытпауға күш салды: «бұл өзге этностарды кемсітеді» деп көлгірсіді. Мысалы, сол кезде «Де­мокра­тический Казахстан» деп аталатын қозғалыс егемендікті рәсімдейтін «баламалы» құжат ұсынды және оны Жоғарғы кеңес депутат­­­­тары­ның үлкен тобы қолдап шықты. Бұл құжатсымақ қабылданғанда, Қазақстанның тәуелсіздігі мен ұлттық ұстынына қатты нұқсан келетін еді. Қозғалыс идеяларын жақтаушы депутаттар құжаттың ресми жобасындағы «қазақ ұл­тының мәдениетiн, дәстүр-салтын, тiлiн қайта түлетiп, дамыту, ұлттық қадiр-қасиетiн нығайту – мем­лекеттiң аса маңызды міндеттерінің бiрi» деп келетін бапқа шүйлікті, оны қабылдатпауға тырысты. Негізгі жобадағы «қазақ ұлты біріктірген», «қазақ ұлты өзiн-өзi билеу хұқын растайды», тіпті «Қазақстан республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қам­қорлық жасайды» деген сөздер олардың жанына шаншудай қа­­­далды, тарихи құжаттан қазаққа қатысты бірде-бір сөзді көргісі келмей, кірпідей жиырылды. Бұл туралы 1990-1995 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің халық депутаты болған, «Егемендік туралы декларацияны» әзірлеген заңгер ғалым, академик, марқұм Салық Зиманов өз естеліктерінде еске түсірді. Абырой болғанда, Елбасының абырой-беделі, ұлт үшін жаны күй­ген қалаулылардың күш салуы арқасында Жоғарғы кеңес 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» консти­т­у­циялық заңының ресми нұсқасын қабылдады.

Елбасы заңға тікелей эфирде қол қойды

Экономист, саясаткер, 1991–1993 жылдары Жоғарғы кеңестің төрағасы болған марқұм Серік­­болсын Әбділдин өз естелігінде Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы конституциялық заңның жобасын талқылау қызылкеңірдек пікір­таласқа тұздық болғанын еске ал­ды. Тіпті, көптеген депутат ірі этностарға айрықша мәртебе бе­руді талап етіпті. Кейбір азамат Тәуелсіздік күнінің азаттық үшін күрестің биік бір белесі – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасымен тұспа-тұс келуінен символдық мән іздейді. Дегенмен дәл осы күні қабылдансын деген нұсқау болмаған. «Кесте бойынша Жоғарғы кеңес­тің барлық 360 депутаты жы­лына екі рет бірлескен отырысқа жиналатын. Сол жылы ел Пре­зи­­­дентін жалпыхалықтық сайлау­мен байланысты көптеген іс-шара өт­­­кізілді. Сондықтан біз Жоғарғы кеңестің кезекті шақырылымын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз лауазымына кі­рісуімен орайластыруға шешім қабылдадық. Тұңғыш Президенттің ұлықтау салтанаты 1991 жылғы 10 желтоқсанда өткені белгілі. Инау­гурацияға бірнеше сағат қалғанда Жоғарғы кеңес мемлекеттің атауын ҚазақКСР-інен Қазақстан Рес­публикасы деп өзгертті», – деп жазыпты саясаткер. Нәтижесінде, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Респуб­ли­­касының Президенті ретінде ант қабылдады. Ертесіне Жоғарғы кеңестің төрағасы Серікболсын Әбділдаұлы депутаттар отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Респуб­ли­­­касының мемлекеттiк тәуел­­сiз­дiгi туралы» конституциялық заңының жобасын енгізеді. Алайда депу­таттар оны бірден қабылдамай, талқылау ұзаған. Сондықтан Жо­ғарғы кеңес 14-16 желтоқсан күн­дері осы заңның жекелеген нор­маларына бөлек-бөлек дауыс беріп, қабылдайды. Осылайша, тарихи заң 16 желтоқсан күні әрең дегенде толық құпталған. Депутаттар, әсіресе құжаттың бірнеше бабы үшін жақ-жақ болып айтысты. Ескі империялық идео­логияны жақтаушы депутаттар орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе беруді, жекелеген этностардың мәртебесін бекітуді талап етеді. Заң шығарушылар тіпті «Қазақстан азаматы» деген ұғым үшін тар­­тысқан. «Отырыс 1991 жылғы 6 жел­­­­тоқсан күні, таңғы 10-да басталды. Жоғарғы кеңес заңды талқылауды аяқтап қалған. Жоғарғы кеңестің залында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі отырды. Кеш қарайған шақта мен мінберге шығып, депутаттардың маңызды конституциялық заңды қабыл­­­дағанын жарияладым. Жоғарғы кеңес төрағасы ретінде заңды күшіне енгізу туралы парламенттік қаулыға қол қойдым. Бұл тарихи құжатты Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қол қойып, оны күшіне енгізді», – дейді өз естелігінде С.Әбділдин. Бұл жаңалық тікелей эфир арқылы елге таратылды. Қуа­ныш­тан қанаттанған қазақстан­дықтар тарихи оқиғаға куә болғанын сезінді. Белгілі ғалым, заң ғылым­да­­­рының докторы, профессор Қаб­­­­дулсамих Айтхожиннің байла­­мынша, еліміз өз тәуелсіздігін дер кезінде жариялады. «Қазақстанның мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» консти­­­­ту­ция­лық заңының және 1995 жылғы 30 тамызда республикалық рефе­­­рен­думда жаңа Ата Заңның қа­был­дануымен бірге Қазақ­­станның азаттығын конституциялық рәс­ім­деу ісі түпкілікті аяқталды. Содан бергі жылдарда Қазақстанның мемлекеттілігін жан-жақты ны­­­­­­­ғайту шаралары қабылданып ке­леді. Еліміз демократиялық за­манауи республика атри­­буттарына қол жеткізді. Қазақ­­станды тәуелсіз мемлекет әрі әлемдік қауым­­дастықтың бөлінбес бөлшегі, то­лыққанды мүшесі ретінде барлық мемлекет мойындады. Әйтпесе, тарихта тәуелсіздігін ала сала құ­рып кеткен мемлекеттер болған», – деді ғалым. Қазақ халқының жаңа мем­лекеттілігінің іргетасын қалаған та­рихи заң Қазақстанның гүл­де­нуіне, ұлттық өрлеуіне қызмет ете­тін ұлттық құндылыққа ай­налды. Әрине арада өткен 30 жыл 1991 жылдың қарбалас сәттерін жас ұрпақтың сезінуіне мүмкіндік бер­месі анық. Сол сәттерді қайта­лау­дың да қажеті жоқ. Ел тарихына бір-ақ рет  жазылған Тәуелсіздікті жариялау сәті қазір естеліктерге айналған. Бірақ егемен елдің бола­шағын айқындаған, бүгінгі жетіс­тіктердің  қайнары болған кез еді. Сондықтан жалпы алғанда 1991 жылғы оқиғалар Қазақстан тари­хында алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Ал Тәуелсіздікті жария­ла­ғаннан кейінгі оқиғалар тізбегі бөлек тақырып.

Айхан ШӘРІП