Азат елдегі азаматтық қоғам

Азат елдегі азаматтық қоғам

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан азаматтық қоғам құрудың барлық алғышартын қа­лып­тастырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаматтық қоғам құрудың өзектілігін ұдайы назарда ұстап келді. Сөйтіп, Қазақстан тәуелсіздік алғанда нәбәрі 100-дей ғана үкіметтік емес ұйым тіркелген бол­са, қазір олардың саны 22 мыңға жетті. Ал бүгін 27 ақпан- Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні.

Негізі, кез келген қоғам үшін «үшінші сектор» аталатын үкіметтік емес ұйымдардың қызметі маңызды саналады. Өйткені үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамның ажы­рамас бөлігі әрі мемлекет пен халықтың арасын байланыстырушы тетік саналады. Мемлекет бірқатар мәселені осы ұйымдардың көме­­гімен шешеді. Содан да болар, Ел­­­басы азаматтық қоғамды дамы­туға айрықша назар аударды. Тіпті, Тәуелсіздік алған жылдардан бері «үшінші сектор» Нұрсұлтан Назарбаев­тың сенімді серігі болды деуге де негіз бар. Елбасы үкіметтік емес ұйымдарға сенім артып, олар­­­дың дамуына қолдау білдірді. Со­­­ның нәтижесінде Тұңғыш Прези­­­­дентіміздің көптеген бастамасы «үшін­ші сектордың» қызметінің арқа­сында толық жүзеге асты. Мем­лекет те әлеуметтік тап­­­сы­рыс­тар көлемін арттырды. Тек 15 жыл­дың ішінде, атап айтқанда 2003-2018 жылдар аралығында мемле­кет­тік әлеуметтік тапсы­рысты қар­жы­ландыру 65 есе өсіп, 20 млрд тең­геге жеткен. Мұны «Аза­маттық қо­ғам және мемлекет: Диалог. Се­рік­тестік. Сенім» тақы­рыбында өт­кен VIII азаматтық форумның жал­пы отырысында сөйлеген сө­зін­де Елба­сының өзі атап өткен болатын.

Елбасы үнемі қолдау жасады

Тіпті, елімізде азаматтық фо­­­румдар ұйымдастыру бастамасын да Елбасы көтеріп, мұндай жиын алғаш рет 2003 жылы өткен-ді. Демек, Тұңғыш Президент Қа­зақстанды дамытуға ықпал ететін барлық тетікті қарастырып, аза­­маттық бастамалардың қоғамда лайықты орнын табуына ықпал етті. «Қазірде Қазақстан, басқа елдермен салыстырғанда, бір мез­гілде демократияның, азаматтық қоғамның және мемлекеттің не­гізін қалап жатыр. Ал өзге елдерде демократия дамыған азаматтық қоғамның негізінде қалыптасқан болатын. Бұл жолда үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан ең­бегі ерекше, олар елдің саяси мә­дениетін көтеруге, либерал құн­дылықтар мен демократияны дамытуға көп еңбек сіңіріп жүр» деп атап өткен еді алғашқы фо­­румда Елбасы. Ал азаматтық қоғам өкілдері Елбасының бастамаларын ұдайы қолдап келеді. Нұрсұлтан Назарбаев та: «Азаматтық форум­дар өзінің жеке еңбегімен, ел да­муының маңызды міндеттерін ше­шетін бастамаларымен қазақ­стандықтардың жалпыұлттық қоз­ғалысын қалыптастырды. Аза­маттық қоғамның рөлін арттыру – 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» ұлт жоспарының маңызды мақ­саттарының бірі» деген «үшінші сектордың» рөліне баға берген болатын.

Уақыт сынында шыңдалған институт

Жалпы, Қазақстандағы аза­маттық қоғамның дамуын бірнеше кезеңге бөліп қарастырған дұрыс. Алғашқы кезең 1995 жылға дейінгі уақыт. Ол кезде елімізде мем­ле­кеттік емес сектор қалыптасудың бастапқы кезеңін өткізді. Одан соң 2003 жыға қарай үкіметтік емес ұйымдар қалыптасып, белсенділік таныта бастады. Сол жылдары шетелдік гранттар арқылы дамуды көздеген ұйымдардың қарасы мол еді. Кейін, дәлірек айтқанда 2003 жылдан 2019 жылға дейінгі ара­­лықта қоғамдық ұйымдар толық қалыптасу деңгейіне жетті. Осы жылдарда мемлекеттік «үшінші секторды» қолдауы да еселеп артты. Үкіметтік емес ұйымдардың қыз­мет бағыты да кеңейді. Мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың ара­сындағы байланыстар жүйеленіп, өз жемісін берді. Арнайы бағ­дар­­­ламалар қабылданды. Мәселен, Қа­зақстан Президентінің 2006 жылғы 25 шілдедегі №154 Жар­лығымен «Қазақстан Респуб­­­ли­касында азаматтық қоғамды да­­мытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қа­былданған еді. Дегенмен Қазақ­­­станда азаматтық секторды қалып­­тастыруда әлеуметтік бағыттағы ұйымдар белсенді әрекет етті. Ерек­ше қажеттіліктері бар аза­мат­тарды қолдау, әйелдер мен бала құқын қорғау, құқықтық немесе ақ­параттық сауатты арттыру, шетелден келген қандастарды бейім­ду сынды сан түрлі бағытта жұмыс жүргізілді. Мұны үшінші сектор өкілдері де қолдап отыр. «Үміт» қоғамдық қорының дирек­торы Аманбике Ерғалиеваның сөзіне қарағанда, осы жылдар ішінде «үшінші сектор» табысты жұмыс істеп келеді. Мемлекеттің қолдауы да молая түсуде. «Тәуелсіздік алғаннан бергі жыл­­­дардағы үкіметтік емес ұйым­дардың дамуы сөз жоқ, көңілімізден шығады. Құдайға шүкір, біз «үшінші секторда» табысты жұмыс істеп жатырмыз. Елбасының тіке­лей бас-көз болуының арқа­­сында мемлекет те ұдайы көмектесіп кел­ді. Қазір де бұл қолдау жалғасып жатыр. Әрбір үкіметтік емес ұйым­ның өзіндік бағыт-бағдары бар. Біздің қор да қатардан қалған жоқ. Біз қандай мәселе көтерсек те, атап айтқанда мүгедектердің құқы, оларды қолдау сияқты дүниелерді алға тартсақ, Үкімет оларды әр­қашан шешіп келеді. Сонымен бірге мұндай ұйымдар алғаш құ­рылған кездермен салыстырғанда қазір көп өзгеріс бар. Технология жетістіктерін де пайдаланып ке­­леміз. Мәселен, біз қордың ме­кен­жайын ауыстырар кезде өті­нішті кеңсемізден шықпай-ақ элек­тронды түрде бердік. Ол қабыл­данды. Бір сөзбен айтқанда, осы жылдар ішінде «үшінші сектор» қарыштап дамыды. Ал қоғамның мұндай ұйымдар қызметіне көз­қарасы жайлы сөз етер болсақ, өзі­мізге қатыстысын ғана айтайық, біздің ұйымның бағыты саналатын құлағы естімейтін азаматтармен жұмысқа олардың туыстары дән риза. Олар бізден қажет кезінде көмек алып, ұдайы байланыс орна­тып жатады. Ал демеушілерге келе­тін болсақ, ол жағынан әлі де азды-көпті олқылықтар кездеседі. Со­­­нымен бірге жұмыс берушілердің ерекше қажеттіліктері бар азамат­тарды жұмысқа қабылдауы мәсе­лесінде кенжелеп қалған тұстар бар. Бірақ уақыт өте келе бәрі реттелер деген пікірдемін», – дейді Аманбике Ерғалиева. Ал «Ұлт тағдыры» қоғамдық қорының төрағасы Дос Көшім болса азаматтық қоғам тек үкі­мет­тік емес ұйымдардан құрал­май­тынын, бірақ қоғамдық ұйым­дар мұндай қоғамды қалып­тасты­­руда шешуші рөл атқаратынын айтады. Әрі Тәуелсіздік жылдарына аза­маттық қоғамды қалып­тастыруда айтарлықтай жетістіктер болғанын атап өтті. «Азаматтық қоғам Қа­зақстанда баяу дамып келеді. Бірақ азаматтардың белгілі бір мақсат-мүдде жолында топтасуы жақсы деңгейде. Тіпті, қаталеспесем, 1991 жылы «Коммерциялық емес ұйым­дар туралы» заң қабылданды. Бұл заң сол кездерде қабылданған са­палы құықтық құжаттардың бірі еді. Жалпы, Қазақстандағы үкі­меттік емес ұйымдар қызметіне назар аударсаңыз, Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда, әсіресе әлеуметтік бағыттағы ұйымдар өте жақсы дамыды. Бүгінде түрлі әлеу­меттік топтың мүддесі қор­ғайтын үкіметтік емес ұйымдар та­бысты жұмыс істеп келеді. Ал демок­ратиялық процестерді же­­тілдіруге бағытталған ұйым­дардың жұмы­сына қатысты олай айта алмас едім. Сонымен бірге қазақ­тілді үкіметтік емес ұйым­дардың білігі мен дамуы әлі де көңіл көншітпейді», – дейді Дос Көшім. Әрине, дамыған елдер жүздеген жылда әрең қол жеткізген же­тістіктер Қазақстанда отыз жыл ішінде мінсіз деңгейде орныға қал­мағаны анық. Себебі азаматтық қоғам дегеннің өзі ұдайы жетіліп отыруды қажет етеді. Сондықтан заман талабы мен түрлі сын-қатер көбейген сайын «үшінші сектор­дың» фунциясы да құбыла бермек. Оған соңғы жылдардағы оқиғалар нақты дәлел.

Азаматтық қоғамның жаңа дәуірі

Айталық, былтыр коронавирус пандемиясы басталған кезде ерік­тілердің еңбегі ерен болды. Қа­зақ­станда жастар және волонтерлер жылы белгіленіп, жастардың қо­­ғам­дық жұмыстарға белсене қа­­­­тысуына ықпал ететін іс-шаралар ұйымдас­тырылды. Сөйтіп, қоғамда қайы­рым­дылық жасау тренді қа­­­лыптасып келеді. Волонтерлер ұйымдары кей жағдайда тұтас құ­­­­ры­­­­­лымдар орындай алмайтын мін­деттерді сәтті атқарды. Ал 2019 жылдан бастап қоғамды демо­­кратияландыру үрдісі жүріп жатыр. Бұл сарапшы Дос Көшім айтқан олқылықтардың орнын толтырары сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырымдамасы да азаматтық қоғамның жетіле түсуі­не, бұқараның қоғамдық-саяси бел­сенділігінің артуына ық­пал ете­ді. Өйткені бұл тетіктер мемле­кет пен халықтың ара­­­сын­дағы диа­логті нығайтып келеді. Одан бөлек, «Қазақстан Рес­­публикасын­да 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамытудың тұжырым­да­масы» дайындалып жатыр. Қысқасы, Қазақстан азаттық алғаннан бергі жылдар ішінде аза­маттық қоғам институттары қыз­метін дамытудың заңнамалық ба­за­сы да әзірленіп, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына түрлі мүм­кіндік жасалды. Кәсіподақтар, қоғамдық кеңестер, қорлар мен бірлестіктер, мемлекеттік әлеуеттік тапсырыстар мен гранттар бөлу, бейбіт шерулер өткізу және басқа да мәселелерге қатысты заңна­ма­ның жетілдірілуі сөзімізге айқын дәлел. Демек, Елбасының сал­­мақты саясат Қазақстанда өзіндік сипаты бар азаматтық қоғам қа­лыптастыруға бастап келе жатыр.

Ардақ СҰЛТАН