Жәрдемақы бала жасына байланысты ма?
Жәрдемақы бала жасына байланысты ма?

Былтыр жыл басында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі бала күтіміне байланысты 1 жасқа дейін берілетін жәрдемақы мерзімін ұзарту туралы жап-жақсы ұсыныс айтқан. Сол кездегі министр Нұрымбетовтің аузынан шыққан сөз әзірге іс жүзінде орындала ма, жоқ па белгісіз. Әйтсе де, демографиялық дүмпуді қаласақ, бұл мә­се­леге бейжай қарамай, реформа жасаған да жөн болар. Сарапшы­лар­дың бұған қатысты пікірі мен ұсыныстарын да білдік.

Алдымен қазіргі жай-күй жайлы бірауыз айта кетсек. Бүгінде ба­ла күтіміне байланысты бері­ле­тін жәрдемақы көлемі әйелдің жұ­мыс істейтіні не жұмыссыз еке­ніне қарай белгі­ленеді. Яғни, егер декретке шыққанға дейін әйел­дің тиісті төлемдер түсіп тұрған тұрақты жұмысы болса, жүктіліктің 30-аптасында еңбекке жарамсыз болғанына байланысты демалысқа шы­ғады. Босанғанға дейін бері­летін бірреттік жәрдемақы мөлшері әркімде табысына қарай әртүрлі. Былайша айтқанда, жолақы көле­міне қарай анықталады. Бұл – жұмысы бар әйелдерге ғана берілетін жәрдемақы. Ал енді жұмыссыз әйелдер бұдан үміт­тенбесе де болады. Өйткені ол салық төлеп, зейнетақы жинағына ай сайын ақша салып тұрған жоқ-мыс. Аналарға берілетін жәрдемақының ендігі түрі – бала өмірге келгенінде төленетіні. Ол бәріне бірдей көлемде, нақты айтқанда 2021 жылы бірінші, екінші, үшінші балаға – 110 846 теңге, төртінші және одан да көп балаға – 183 771 мың теңге. Әлбетте, егіз, үшем не төртем өмірге келген жағдайда әр балаға жеке төленеді. Жөргекпұлдың бұл түрі жұмыссыз, жұмысы бар әйел екеніне қарамастан беріледі. Үшінші жәрдемақы – бала күтіміне байланысты, 1 жасқа дейінгі берілетіні. Мұнда да жұмыс істейтіні не істемейтіні есепке алынады. Егер жұмыссыз болса, баланың жасы бірге жеткенше бі­рін­ші балаға – 16 802 теңге, екінші ба­лаға – 19 865 теңге, үшінші бала­ға – 22 889 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 25 962 теңге көлемінде бекітілген. Ал декретке шыққанға дейін жұмыс істеген әйелдердің соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысы 24 айға бөлініп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтіледі. Одан шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасы алынады. Былай қарасаңыз, жүйе әділ секілді. Яғни, еңбек етіп, табыс тапсаңыз, экономикалық бел­­сенді азамат болсаңыз, сәйке­сінше жәр­демақы да жоғары болады. Де­генмен Қазақстанның демогра­фиялық ахуалды түзетіп, халық санын көбейткісі келетін дамушы ел екенін ескерсек, тіпті жұмыссыз әйелдердің өзіне бала тууға құл­­шыныс қажет-ақ. Со­нымен бірге жұмыс істеген әйел­дердің келесі баланы боса­нардан бұрын кемі бір жыл жұмыс істеп, қор ретінде ақша жинап барып жүктілікті жос­­парлауына тура келетіні тағы бар. Яғни, босан­ғанына байланысты декретке шыққан жұмысы бар әйел дек­ретте отырған сәтте тағы бір бала туатын болса, ендігісіне ол жұ­­мыссыз әйел есебінде шы­ғады. Тиісінше, минимал сомадағы жәр­демақы иеленеді. Болмаса ба­ласы бірге толғаннан кейін қай­тадан жұмысқа шығуға мәж­бүр болады. Ал мемлекеттік ба­ла­бақшалардағы орын же­тіс­пеу­шілігін айтпағанда, үш жас­тан кейін ғана қабыл­­­дайтыны тағы бір мәселе. Бүгінде бір жастан асқан балаларды қа­былдайтын тоддлер топтары бар жеке ба­ла­­бақ­ша­­лардың айлық ақысы бас қалада орта есеппен 100 мың теңге ша­масында. Ал бала күтушісінің айлығы да жұмыс іздеуге арналған ресурстарда ең аз дегенде 120-150 мың теңге ша­­­­масында. Мұны екінің бірінің қалтасы көтеруі екі­талай. Әлеуметтанушы Айсұлу Мол­дабекова өзге елдермен салыстыра келе бізде жәрдемақы көлемінің жеткіліксіз екенін айтып отыр. «Көп елдерде бала күтіміне бай­ланысты төленетін жәрдемақы әйел­дің жалақысына байланысты беріледі. Мысалы, Норвегия, Латвия, Швецияда айлығының 70-80 пайызы төленеді. Немесе төлеу мерзімі ұзақ елдер де бар. Айталық, Ресейде 3 жасқа дейін беріледі екен. Бір жарым жасқа дейін кө­бірек, кейін азайтылады. Ұлы­британияда он жасқа дейін тө­ленеді. Әрине, көлемі көп емес. Дегенмен кішігірім қолдау мақ­сатында берілсе керек. Өз басым, әйел бала күтімімен үш жасқа дейін отыратын болса, сол мерзім бойы төленуі қажет деп есептеймін. Ке­зең-кезеңімен жалақысына бай­ланысты берсе болады. Бұл де­геніміз, бір жасқа дейін ай­лығының 100 пайызын, екі жасқа дейін – 80 пайызын, үш жасқа дейін 60 пайызын бергені жөн. Жұмыс істемейтін әйелдерге де жәр­­­дем­ақыны баланың үш жасына дейін төлеу керек. Байқасақ, туу көр­сеткіші бойынша бізде ауыл­дық жерлерде статистика жоғары. Оның себебі – қазіргі бала санына бері­летін жәрдемақының стимул болып отырғаны. Қазақстан үшін демо­графия – стратегиялық маңы­зы бар мәселе. Оны жан-жақты қолдау қажет. Әр баланың өмірге келуі ол отба­сындағы әлеуметтік жағдайды, мәселен баспана мәсе­лесін шешетін болса, бізде көп­­балалы болуға ұмтылатындар кө­бейеді. Жүр­гізілген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесінде негізгі құндылықтың үштігінде отбасы, бала және ден­саулық тұр. Сонымен бірге бізге Ресейдегідей ана капиталын енгізіп, әр балаға 1 млн теңге көлемінде қаражат бө­лінсе демографиялық дүмпу бо­лады деп ойлаймын», – дейді сарапшы. Осыдан 9 жыл бұрын, 2012 жылы сол кездегі сенатор Ғани Қасымов осы мәселені көтерген. Қазақстанда бэби-бум болуы үшін ана капиталы қажет деген бола­тын. Кем дегенде 2 млн теңге кө­лемінде қаражат берілсін деген депутат азық-түлік бағасының шарықтауы, медициналық қызмет пен дәрі-дәрмек бағасының қым­бат екенін алға тартқан. Де­генмен Қасы­мов­тың бұл ұсы­нысы елеусіз қал­ған. Сол жылдары Президент жанын­дағы Әйелдер істері және отба­сылық-демографиялық сая­сат жө­­ніндегі ұлттық комис­сияның төрағасы болған Гүлшара Әбді­қалықова бұдан айтарлықтай нә­тиже болмауы мүмкін деген еді. Былтыр бала күтіміне байланысты жәрдемақы мерзімін ұзарту мә­селесі көтерілгенімен, әзірге бұ­ған қатысты алға жылжу байқал­­­майды. Сала министрлігіне жол­­даған сауа­лымызға «елдегі экономикалық ахуалға байланысты қосымша қарастырылуы мүмкін. Өйткені қаражат талап етеді» деп жауап берді. Күні кеше, 20 ақпан күні Жам­был облысы Талас ауданындағы Үшарал ауылында Әбдімәліковтер отбасы кәмелетке толмаған бес ба­ласын жерлеген еді. Сарысу ау­­даны Жаңатас кентіндегі пә­­­терде шық­қан өрт салдарынан бес бүл­дір­шіннің ғұмыры үзілген. Мұн­­дай жағдай бізде бірінші болып тұрған жоқ. Ситер отбасы туралы да жа­рыса жаздық. Бәрінің аста­рында әлеуметтік жағдай жа­тыр. Яғни, бала-шағасын асы­­раудың қамын істеген ата-ана ақыры сан соғып қалды. Егер әр анаға ба­­­ласын адам қатарына қосқанша жанында еш қамсыз отыруға мүм­­кіндік жасалса, мұн­­дай қай­­ғылы жағдайдың саны азайып, бала саны әлдеқайда артар ма еді?!

Жадыра АҚҚАЙЫР