«Азия Авто»: 1 969 жұмысшы қайда барады?
«Азия Авто»: 1 969 жұмысшы қайда барады?

Кейінгі жылдары Шығыстағы кө­лік құрастырушы ең ірі кәсіпорын­дардың бірі «Азия Авто» кәсіпорнына қатысты түрлі пікір айтыла бастады. Жақтау­шылардан даттаушылардың басым түскенін де жасыра алмаймыз. Осы аптада облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы жиын өткізіп, зауыт­тан 10 наурыздан бастап жұмыстан боса­тылуы мүмкін 1 969 қызмет­кердің мәселесін талқылады. Бұл туралы сәл кейінірек, әуелі бұған дейін дүркіреп тұрған «Азия Автоның» бұл кепке қалай тап болғанына аз-кем тоқталайық.

Кәсіпорын мемлекет алдындағы міндеттерін орындамаған

 Жасыратыны жоқ, «Азия Авто» талай қазақстандықтың көлікті болуына әсер еткені рас. Несиеге алынған «Лада Гранта» мен «Приора» талай қазақтың отбасын асырап жүргені де шындық. Бұл – бөлек әңгіменің өзегі. «Азия Авто» төңірегіндегі әртүрлі әңгіменің шығуы былтыр зауыт басшылығының Үкіметке көмек сұрап хат жазғанынан басталған секілді. «Бипэк Авто – Азия Авто» компания тобы сол кезде Премьер-Министрдің атына, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне, Парламенттің қос палатасының депутат­тарына үндеу жариялап, қанша адамның жұмыссыз қалғалы отырғанын жеткізген болатын. «Кәсіпорын іске қосылғаннан бері мемлекеттік бюджетке 511 млн доллар көлемінде кіріс түсірдік. Осы саладағы ең ірі салық төлеушілердің біріміз. Қазақ­станның шикізаттық емес экономикасын қалыптастыруға үлесімізді барынша қосып келеміз. Толық циклді өндірістің құ­рылысына 74 млн доллар жұмсалды. Холдингтің қаражаты есебінен тағы 90 млн доллар салынбақ» деген еді «Азия Авто Қазақстан» АҚ бас директоры Ержан Мәндиев. Алайда былтыр Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министрлігінің өкілдері «Азия Автоға» қаншама жыл бойы мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, көмек көрсетілгенімен, кәсіпорын өзіне жүктелген міндеттерді дұрыс орын­дамағанын мәлімдеді. «Кәсіпорын қыз­метін бастағалы Қазақстанның заңнама­сына сәйкес қосымша құн салығынан және кедендік төлемдерден босатылып, мемле­кеттік преференциялар алып келді. Сон­дай-ақ төленген утилизациялық алымды қайтару түрінде ынталандырылды. 2010 жылдың 24 маусымы мен 2017 жылдың 1 маусымы аралығында «Азия Авто» АҚ-мен шанақты балқытып біріктіру және бояу бойынша технологиялық операцияларды ұйымдастыру міндеттемесімен бірге 8703 ТН ВЭД ТС (жеңіл автомобильдер) тауар позициясымен моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қойылды. Бірақ аталған міндеттеме орындалған жоқ. Сондай-ақ 2012 жылдың 28 желтоқсаны мен 2019 жылдың 1 жел­тоқсаны аралығында «Азия Авто Қазақ­стан» АҚ-мен шанақты балқытып біріктіру және бояу бойынша технологиялық операцияларды ұйымдастыру міндет­темесімен бірге 8703 ТН ВЭД ТС (жеңіл автомобильдер) тауар позициясымен моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қойылды. Бірақ аталған міндеттеме де орындалмады» деген ақпарат таратқан болатын 2020 жылы аталған министрлік. Байқауымызша, мемлекет «Азия Автоның» көп еркелігіне көнген секілді. Зауыт өз міндеттерін орындамай жүрсе де, келісімшарт мерзімін бірнеше мәрте ұзартқан. Соңғы рет министрлік 2017 жылдың 7 сәуірінде министрлік аталған кәсіпорынмен келісім аясындағы міндеттемелер мерзімін 2019 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуға мүмкіндік беретін көпжақты келісімге қол қойыпты. Әрине, шыдамның шегі бар ғой.  Бұл келісім де орындалмаған соң министрлік 2020 жылдың сәуірінде «Азия Авто» мекемесіне сын-ескертпелер 1 айдың ішінде жойылмаса, келісім бұзылып, жеңілдіктер беру тоқтатылатынын айтып, хабарлама жолдапты.  Кәсіпорын басшылығының Үкіметтен көмек сұрап хат жазғанына осы хабарламаның келуі себеп болғаны анық.

Кәсіпорын иесі жауапкершіліктен құтылатын сыңайлы

Министрліктің «Азия Автоға» қатысты таратқан осындай ақпараттарынан кейін қоғамда «бұл кәсіпорын мемлекетке қаншама жыл масыл болды, жауып тастаса да артық етпес еді» дегенге саясатын пікірлер көп айтылды. Экономист әрі блогер Денис Кривошеев: «Үкімет келісімді бұзу туралы шешімді тым созып жіберді. 2003-2019 жылдар аралығында кəсіпорын 350 гектар жер көлемінде жəне 340,7 млрд теңге шамасында жеңілдетілген грантқа ие болды. 2019 қараша айы мен 2020 жылдың наурыз айы аралығында 40,5 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бұл банктердің алдындағы 106 млрд теңге мөлшеріндегі қарызды есепке алмағанда» деп жазды былтыр өзінің Facebook-тегі парақшасында. Азия Авто 106 млрд демекші, осы жылдың ақпан айының басында Жоғарғы Сот «Азия Авто» мемлекетке 174 млрд теңге қайтаруы тиіс деген шешім шығарды. Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 173 млрд 979 млн 726 мың теңге көлеміндегі шығынды республикалық бюджетке қайтаруды талап етіп, сотқа жүгінген болатын. Сот министрліктің бұл арызын қабыл алып, зауытты қаржыны қайтаруға міндеттеді. Бұдан бөлек, кәсіпорын жергілікті бюджетке 5 млрд-тан астам қаражатты өтеуге тиіс. Осы ақпарат шыққан соң Денис Кривошеев Facebook-тегі парақшасына тағы да пост жариялап, «БИПЭК Авто – Азия Авто» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Анотолий Балушкинге тиесілі активтерді де назардан тыс қалдырмау керегін жазған болатын. Экономика шолушысының жазуынша, «Азия Авто Қазақстан» АҚ-ның 75 пайыз акциясы, «Азия Авто Өскемен», «Азия Авто Сібір», «БИПЭК», «Р-Моторс Лада» секілді сауда нысандары «БИПЭК Авто Қазақстанға» тиесілі. Сондай-ақ Қатон­қарағай мен Бұқтырмадағы, одан бөлек «Нұртау», «Бобровка», «Рахман қайнары» секілді демалыс базалары да А.Балушкинге қарайды. Бірақ кәсіпкердің активтерін бұғаттаған ешкім жоқ.

1 969 жұмысшы қайда барады?

Жақында осы мәселеге байланысты арнайы жиын өткізген Шығыс Қазақстан облысы­ның әкімі Даниал Ахметов «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» компаниялар тобы­ның бөлімшесі 2021 жылдың 10 ақпанында аумақтық жұмыспен қамту органдарына осы жылдың 10 наурызынан бастап босатылуы мүмкін 1 969 жұмыскердің тізімін ұсынғанын айтты. Олардың 1 905-і еңбекке қабілетті болса, қалған 64 қызметкер зейнет жасында. «Аталған азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін шешу мақсатында менің басшылығыммен жедел штаб құрылды. Өткен аптада штаб­тың үш отырысы өтті. Бірлескен жұмыстың алғашқы нәтижесі – еңбекақыны, комму­нал­дық және бюджетке міндетті төлемдерді төлеу үшін «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» компаниясының бұғатталған шоттары ашылды. Бұл ретте компания басшылығы жалақыны 2021 жылғы 10 наурызға дейін төлеу туралы шешім қабылдағанын атап өткім келеді», – деді Д.Ахметов. Бүгінде еңбек­ке қабілетті жастағы 1 905 жұмыстан боса­тылатын қызметкер үшін облыс бойынша 3 199 бос жұмыс орны бар, оның 1 303-і ірі кәсіпорындарда және 1 896-сі электрондық еңбек базасында. Сонымен қатар ол авто­мобильдерді өнеркәсіптік құрастырумен айналысатын отандық зауыттардың басшы­лығымен келіссөздер жүргізгенін айтты. Олар жинақта жұмыс істейтін мамандарды қызметке алуға дайын екенін жеткізген. Сондықтан жедел штаб «БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО» басшы­лығына Алматы мен Қостанайда жұмыс істегісі келетін немесе ниеті бар 270 адам­ның алдын ала тізімін дайындауды ұсы­ныпты. Қысқасы, атышулы көлік зауыты жұмысын тоқтататыны, соның кесірінен жүздеген адамның теріскейге қоныс аударуы мүмкін екені айдан анық болды.

Азамат ӘБІЛҰЛЫ, Өскемен