Гүлзира Жұмабекқызының 2 баласы да церебральды сал ауруымен ауырады. Кейіпкеріміз карантиннің тұсау болғанын, оңалту орталықтарына бара алмай жүргенін айтады. Оның үстіне, әкімдік емдеуге беретін жеңілдіктерін қыс айларында үлестіреді екен. Сондықтан ана лажы болса ақылы емдеуге жүгінеді. Балалар церебральды сал ауруынан толығымен айығып кете ала ма? Оңалту шарасынан оң әсер бар ма?
«40 мың теңге берсең, кесарь тілігін жасаймыз»
Кейіпкеріміз қызын елордадағы №3 перзентханада босанған. Оның айтуынша, босану процесі түнгі сағат 00.00-ден түскі сағат 13.00-ге дейін жалғасқан. Дәрігерлер Гүлзира Жұмабекқызына толғақ шақыратын ине салумен әбігерге түскен. Сайып келгенде, кейіпкеріміз өздігінен босануға мүмкіндігі жоқ екенін кейін білген. Ал акушерлер болса, әйелді қинап, босандырып алған. Салдарынан қызы вакууммен туылып, артынша сал ауруына шалдыққаны анықталған. Қазір қызының мойны ұстамайды, не отыра алмайды, не сөйлей алмайды. Толғақ шақыру кезінде дәрігердің «40 мың теңге төлесең, кесарь тілігін жасаймыз» дегені есінде қалған. Оған жалбарынып, «ертең айтқан ақшаңды әкеліп беремін» десе де, дәрігер ота жасамаған. Гүлзира Жұмабекқызында «сол кезде қызымды кесарь тілігімен босанғанымда ауру болмас па еді» деген өкініш бар. Қазір ұлы мен қызын мүмкіндігі жеткен жердің бәріне апарып, емдетіп жүр. «Ұлымды кесарь тілігімен босандым. Бойымда қорқыныш болды. Босанған соң дәрігерлерге бірден «балам мүгедек болмайды ғой?» деп сұрадым. Олар уайымдауға себеп жоқ екенін айтты. Бірақ баламның түрі, қарағаны көңіліме күдік ұялатты. Не дегенмен ана жүрегі бәрін сезеді. 9 айға толғанда баламның дамымай жатқанын байқадым. Бірден дәрігер көмегіне жүгіндім. Тексере келе ұлымның миында су жиналғанын айтты. Сөйтіп, ДЦП диагнозы қойылды. ЛФК түрін, массаж жасатып жүріп, баламды аяққа тұрғыздым. Алайда ұлым ызақор, өзін-өзі ұрып тастайды. Анық сөйлемейді. Құлағында бір кемшілік бар ма деп ойлаймын. Наурыз айында психологтің қабылдауына жүгінемін. Өйткені ауруханада ұлыңызда аутизм бар-жоғын тексертуім қажет екенін айтты», – дейді Гүлзира Жұмабекқызы. Бұрын Шортанды елді мекенінде тұратын отбасы екі баласы үшін Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келген. Кейіпкеріміз ұлының әкімдік тарапынан 3 ай сайын ЛФК жаттығуларын алатынын, бассейн мен ипподромға баратынын айтады. Әрі дәрігерлер қызының бір аяғынан екінші аяғы қысқа екенін айтып, темір қойдыруын сұраған. Операция ойдағыдай өткенімен, темірдің сүйекке бітуі оңай соқпай жүр.Жоспарлы жүктілік қатердің алдын алады
Осы тұста, ауруға шалдығуға дәрігерлердің қателігі бары-жоғын ортопед-дәрігер Жомарт Базарбекұлынан сұрадық. Оның айтуынша, бұл аурудың анықталған және анықталмаған себептері бар. Анықталған себептеріне жүктілік кезіндегі инфекциялар, әйел бойындағы анемия, босану кезінде гипоксия, мойынның қысылып қалуы жатады. Ең бастысы, мида сұр зат бар. Мидың сұр затына оттегі жетіспегенде бала зардап шегеді. Салдарынан мишыққа зақым келеді. Яғни, мишық тірек-қимыл жүйесіне жауап береді. Мишық қалыпты жұмыс істемесе, тепе-теңдікті ұстап, қимыл-қозғалысты реттей алмайсыз. Мұндайда церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға терапия түрлері таптырмас ем. Байқағанымыз, баласына ДЦП диагнозы қойылған аналар терапия түрлерін дәрігерлерден кем білмейді. Мәселен, жалғызбасты ана Мөлдір Түйбазарованың егіз қызы спастикалық деплегияға шалдыққан. Олар Қазалы ауданында тұрады. Қалаға барып-келу жалғызбасты анаға салмақ салады. Сондықтан ол терапия түрлері мен ЛФК-ны үйде жасайды. Реті келсе, Қызылордадағы «Таусуат» оңалту орталығында ем-шара жасап, елордаға келіп тұрады. «Елордадағы республикалық оңалту орталығы көңілімнен шықты. Оңалту емдерін жылына 1 рет аламыз. Квота берілетін уақытты күтеміз. ЛФК кезінде балаға команда беріп, отырып-тұрғызып үйретеді. Созу жаттығуын жасайды. Білуімше, балаға 3 жасқа дейін монтессори педагогикасын бойына сіңіру керек. Бұл саусақтың моторикасын жақсартады. Ойын мен еңбек терапиясының да маңызы зор. Әсіресе, ойын терапиясында қуыршақты киіндіріп-шешіндіріп қолын икемге келтіреді. Ал еңбек терапиясында өзін қоғамдық ортаға бейімдеу мақсатында аяқкиімінің бауын байлатып үйретеді. Мысалы, мотомед дейтін аппарат бар. Соған баланың аяқ-қолын байлап, құрылғыны тоққа қосады. Белгілі уақытқа қояды. Бала өзі айдап келе жатқандай сезінеді», –дейді жалғызбасты ана. Иә, білгенге терапияның түрі көп. Ел арасында инетерапияның церебральды сал ауруын емдеуде көмегі тиетінін айтады. Мәселен, Мөлдір Түйбазарова 2019 жылы Алматыдағы «Мақсат мед» клиникасында қыздарын емдеудің бір курсынан өткізген. Оның айтуынша, 15 күндік емге 500 мың теңге жұмсаған.Ауруды толықтай емдеу мүмкін емес
Церебральды сал ауруын емдеу үшін оңалту орталықтары ауадай қажет. Осы орайда №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының жанындағы «Қамқорлық» оңалту орталығына хабарластық. Орталықтың жетекшісі Алина Сағынтайқызының айтуынша, мұнда емдік денешынықтыру залы, бальнеологиялық, сенсорлық, интерактивті, шунгитті және тұзды бөлмелер мен механотерапия кабинеті бар. Алина Сағынтайқызы орталықтың жылына 600 баланың ем-шара қабылдауына жағдай жасайтынын айтады. Жоғарыда аталған терапиялардан бөлек, баланың жан тыныштығы да маңызды екен. Орталық жетекшісі алдымен ата-аналарға баласының ешқандай баладан кем емес екенін барынша түсіндіруге шақырады. Ана мен баланың көңіл күйі тұрақты болып, бала оңалту жаттығулары кезінде эмоциясын шығара алса, ем қонады. Қарапайым құм терапиясы жайлы естуіңіз бар ма? Аталған диагноз анықталған баланың құмды ары-бері қозғауы оған үлкен көмек. Жалпы, балаларға жануарлармен, табиғатпен етене араласқан оң әсер етеді. Мәселен, иппотерапия кезінде ат үстіндегі бала өзін еркін сезініп, анасынан басқа біреуге сүйене алатынына қатты қуанады. Бірақ бұл жаттығу түрінде немесе сейілдеу үшін емес, нақты иппотерапия болуы керек. Өйткені аттың балаға жанасқаны, оның энергиясын сезгені үлкен қуат береді. Шетелде мұндай ауруға шалдыққан балаларды дельфин терапиясымен емдеп жатады. Ал баланың құлантаза жазылып кетуі мүмкін бе? «Қараңыз, ДЦП диагнозы бар балалар толығымен жазылып кете алмайды. Өйткені оның бойында спастика қалады. Бірақ үзбей жүргізілген ем-шара нәтижесінде олар кәдімгі баламен тең дәрежеде сауыға алады. Сіз бір қарағанда балада ДЦП барын аңғармай қалуыңыз мүмкін. Алайда невролог дәрігер тексеру кезінде балада ауытқу барын анықтай алады. Біз олардың қолы аузына жеткенін қалаймыз. Жалпы, церебральды паралич кезінде ми қызметі бұзылады. Мидың сау жасушаларын ары қарай жетілдіруге тырысамыз. Олардың сау баладан ешқандай айырмашылығы жоқ. Тек уақытында ем-шара қабылдағаны жөн», – дейді Алина Сағынтайқызы.Ауырмайтын жол бар ма?
Қай кезде де аурудың алдын алуға болады. Сондықтан уақытында әрекет жасау керек. Мұны дәрігер Жомарт Базарбекұлы да қолдап отыр. Әйел көбіне жүкті болғаннан кейін бойдағы аурудан арылуға тырысады. Дәрігердің айтуынша, бұл – дұрыс емес. Жүктілікке дейін емделу керек. Одан қалса, жүкті әйелдер қимылдамай, бір орында отыруға әуес. Ал қимылдамау қанайналым жүйесінің бұзылуына, оттегі жетіспеуі мен бұлшық еттің әлсіздігіне әкеледі. Айналып келгенде, әйелдер өздігінен босана алмай жатады. Себеп – бұлшық еттің әлсіздігі. Мұны қатайту үшін жиі жаттығу жасап, қимыл-қозғалысты көбейту қажет. Сонда ана мен баланың денсаулығында кінәрат болмайды. Оған қоса, дәрігерлердің айтуынша, ДЦП-ға диагностика жасау оңай емес. Сондықтан бала бойындағы кемшілікті бірден байқау керек. Мәселен, бала 4 айында дыбысқа басын бұрып қарамаса, 7 айында ешкімнің көмегінсіз отыра алмаса, 12 айында сөйлемесе дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Сондай-ақ 12 айында бала кез келген қимылды бір қолымен жасаса, көзінің қыли екенін байқасаңыз, баяу қимылдап, жүрмесе ойланғаныңыз жөн. Өйткені ата-ананың көпшілігі ДЦП диагнозын кеш анықтап, емдеуге кешірек кіріскенін айтады.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ