Ел тірегі – тәуелсіздік пен татулық
Ел тірегі – тәуелсіздік пен татулық
482
оқылды

Қазақстан тәуелсіздік тарихының отызыншы жылына қадам басты. Дә­уір­лер көшіндегі ғасырлар тізбе­гінде қас-қағым ғана сәт саналатын бұл санаулы жылдардың өнегесі аз болған жоқ. Еліміз халықаралық ин­теграцияға ұмтылған сындарлы ор­тада өркениеттің өжет ұлындай өз ор­нын алып үлгерді. Әлемдік қауым­дастық мемлекеттер мозаикасынан тұрар болса, біздің еліміз оның кіші­гірім моделі еді. Ұлт пен ұлыстардың алуандығынан құрылған осы мо­дельдік сабақтастық еліміздің әлем­дік ықпалдастық процесінде де үл­кен рөл ойнады. Ал оның алтын қа­зығы – Елбасымыздың төл баста­масы Қазақстан халқы Ассамблея­сының құрылуы болатын.

Кеңесші органнан жалпыұлттық институтқа дейін

Тәуелсіздік таңында жүз жиырмадан астам ұлт пен ұлыс өмір сүріп жатқан Қазақстан үшін этносаралық және конфессияаралық диалогты сақтай отыра, елдің ауызбірлігін нығайту маңызды міндет болатын. Өйткені ыдыраған одақтың мұрасы тоқыраған экономика ғана емес, дағдарған қоғам боп күн тәртібіне шыққан. Ол қоғамның әлеуметтік ұрымтал тұсының бірі – ұлтаралық қақтығыс потенциалында жатты. Ал бұл әлеуетті күш шебер ұқсата білгенге татулық атты игілікті ресурс еді. Елбасының сарабдал саясатының бір векторы – толеранттық пен құқық теңдігі осы татулықтың туына, ауызбірліктің тұ­ғырына айналды. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылды­ғына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтқан еді. Осылайша, бірнеше жылғы сараптаудан соң 1995 жылғы 1 нау­рызда Қазақстан халқы Ассамблеясын (ҚХА) Мемлекет басшысы жанындағы консуль­тативті-кеңесші орган мәртебесі­мен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. Содан бері қалыптасу, даму кезеңдерінен өткен Ассамблея еліміздегі бейбітшілік пен келісімді қолдаудың тиімді тетігіне айналып отыр. Бұл туралы ұйым­ның кезекті кеңесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де атап өткен болатын. «Ширек ғасырда Ассамблея кон­суль­тативтік-кеңесші органнан Парламентте өкілдігі бар жалпыұлттық институтқа айналды. Ол азаматтық қоғамға тән әмбебап құрылымның озық үлгісін көрсете білді. Қазақстанның бұл саладағы саясаты халықаралық талаптарға толық жауап береді. БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты іргелі ұйымдар еліміздің ұлтаралық қатынастар моделіне және ұлт бірлігін нығайтуға бағытталған күш-жігеріне үнемі жоғары баға беріп келеді. Біз бірлік пен келісімнің қазақстан­дық моделінің интеграциялық әлеуетін тиімді әрі белсенді түрде жүзеге асыруымыз керек. Қазақстанның этностық және мәде­ни әр алуандығын бәсекелік артықшылық­қа және елді дамытудың, тәуелсіздікті нығайтудың тиімді тетігіне айналдыру жұмысын жалғастырумыз қажет», – деді Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев. Биыл Ассамблеяның құрылғанына 26 жыл толып отыр. Осы кезең ішінде ол расында да, орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап, халықтық дипломатия институтының үлгісіне айнала алды. Бұл жолдағы жарқын сәттердің бірі 2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгеріс енгізіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілгені еді. Осылайша, ұлттар ұйымы Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығына ие болды. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай арта түсті. Ал 2008 жылғы 20 қаңтарда Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. ҚХА еліміздің саяси жүйесінің толыққанды субьектісіне айналып, оның қызметінің нормативтік-құқықтық негіздері айқындалды. 2015 жылы ҚХА-ның құрылғанына 20 жыл толып, Мемлекет басшысының Жарлы­ғымен «Қазақстан халқы Ассам­блеясының жылы» жарияланды. Енді бүгінде 400-дей мүшесі бар Ассамблея  қоғамды біріктірудің пәрменді құралына және қоғамдық-саяси бірегей жаңашылдығына айналып отыр.

Тарихи параллель – ізгілік миссиясы

Елімізге өзге ұлттарды депортациялау негізінен 1920-1944 жылдар аралығында жүріпті. Соның ішінде 1928-1936 жылдары Ресейден, Украинадан, Беларусьтен 360 мың адам келген болса, 1937 жылдан бастап Қиыр Шығыстан Орта Азияға, соның ішінде Қазақстанға корейлер жер аударыла бастаған. Олардың еліміздегі жалпы саны 100 мыңға жуықтапты. Ал бұл кездер елдімізде ашаршылық пен қуғын-сүргіннің кезеңі еді. Бірақ бұл Кеңес Одағының «мәжбүрлеп көшіру» саясаты­ның енді басталып келе жатқан уақыты екен. Қазақ топырағынан одан соң поляк, фин, күрд, қырым татарлары, түрік, грек, литвалық, батыс украин мен батыс белорус халықтары қоныс тапты. 1940-1941 жыл­дары 102 мың поляк депортацияланса, 1941 жылдың күзінде Поволжьеден көшірілген 1 млн 120 мың немістің 420 мыңы Қазақ­станға орналастырылады. Соғыс қайнап тұрған 1942 жылдың маусымында Красно­дар өлкесі, Қырым АКСР, Армения, Әзер­байжан, Грузия жерлерінен елімізге 24 670 грек, 29 505 басқа ұлт өкілдері жер аударыл­ады. Ал 1943-1944 жылдары 507 мың балқар, қарашай, ингуш, шешен, 110 мың түрік-месхетин, 180 мың қырым татары көшіріл­ді. 1928-1944 жылдар аралығында Қазақстанға жалпы саны 1 млн 569 мың адам депор­тация­ланған болса, соғыс аумағынан эва­куацияланған адамдарды қосқандағы цифр 2 миллион адам болды. Бұл сандар сол жылдардағы нәубеттің ауқымын көрсетсе керек. Оған 1956 жылы тың игеру басталған кездегі адамдардың санын қосыңыз. Әйтсе де, қиын жылдары келген мыңдаған «мәжбүрлі қоныстанушылар» алғашқы айларда-ақ жол азабынан, аштық пен аурудан көз жұмды. Бір 1944 жылдың өзінде елімізде депортацияланған 101 036 адам қайтыс болған екен. Тірі қалғандары «еңбек армиясының» жауынгерлеріне айналды. Оларға тұрғылықты жерін тастап кетіп қалуға тыйым салынды. Тәртіпті бұзғандар 20 жылға каторгаға айдалып отырды. Елімізде әрбір бесінші адам арнайы «переселен» болатын. Осылайша, Қазақстан тұтастай үлкен бір ГУЛАГ-ты еске салды. Депортацияға ұшыраған халықтарды ақтау 1950 жылдардың екінші жартысында ғана басталды. Шешен, ингуш, балқар, қарашай, қалмақ ұлттары осы кезеңде өзінің тарихи Отанына қайтуға мүмкіндік алды. Осы 30 жылдық ішкі миграциядағы қи­тұрқы саясат Қазақстанды ұлт пен ұлыс­тардың «екінші Отанына» айналдырды. Олардың қай қайсысын да қазақтың кең даладай мейірбан көңілі өгейсіткен жоқ. Қиыншылықтарын да, бір үзім нанын да бірге бөлісті. Өйткені зұлматты жылдардың тауқыметін жергілікті жұрттың көмегінсіз жеңіп шығу мүмкін емес еді. Оны сол кездердің азабын бастан кешірген ұлттар мен ұлыстардың бүгінгі ұрпақтары да парыз етіп арқалап, алғыс етіп айтып отыра­ды. Осы тұста Тәуелсіздік алған тоқ­санын­шы жылдары елімізде ұлтаралық қатынас мәселесі кезекті рет бой көтергенде қазақ халқы тағы да адалдық танытқанын атай өткен абзал. Тоқырау туып, дағдарыс шал­ған өліара шақта кейбір мемлекеттер ұлт­аралық мәселені екінші орынға ысырып қойып, жағдайды ушықтырып алды. Бұрынғы одақтас республикаларда қақ­тығыс­тар басталды. Армения мен Әзер­­байжан, Абхазия мен Грузия, ингуш-осетин қақтығыстары, Шешенстандағы соғыс, Молдавия мен Приднестровье текетіресі, қырғыз бен өзбек арасындағы жер дауы, Тәжікстандағы азаматтық соғыс, Украинадағы ұлтшылдар қозғалысы сынды күрделі тұрақсыздық ошақтары пайда болды. Елімізде де мұндай кикілжіңдерге алғышарт жоқ емес еді. Осы кезде бабалар аманатына адал ұрпақ өзге ұлттарды өгей деп өзекке теппей, аталарын қалай қарсы алып көмектессе, үрім-бұтағын да дәл солай қорғауына алды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы демократия құндылықтарын қорыта отырып, толерантты қоғам қалыптастыруға орасан зор еңбек сіңірді. Өзге ұлт өкілдеріне жария болмаса да ерекше мәртебе берілді. Ол арнайы орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы ретінде көрініс тапты. Осынау тарихи параллель – қазақ халқының ізгілікті миссияға құрылған ұлттық болмысының әлемдік қауымдастық алдындағы беделімен айшықтала түсті.

Өзгелер үлгі алған құрылым

Бүгінде еліміздің осынау Кон­сти­туция­мен бекітіліп, Президент Әкімшілігінде құрылымдық сипатқа ие болып, инсти­туттық дәрежеге дейін көтерілген ұлт­аралық татулықтың қазақстандық моделіне көп жылдардан бері қызығушылық танытып отырған елдер көп. Еуропа елдері бұл жаңашылдыққа назар аударып, КХА өкілдерін Еуропарламент төріне шақырған болса, Сингапур елі де этносаралық және конфессияаралық диалогта еліміздің жетістігін жоғары бағалады. Ал көрші Ресейде бұл тетік қоғамдық ұйымдар деңгейінде қалып қойған екен. Олар да осы бағыттағы тәжірибе алмасуға үлкен мүд­делілік танытып отыр. Осы жөнінде екі ел арасында меморандумға да қол қойылды. Тізе берсе, бұл санаттағы елдердің қатары жыл санап артып келеді. Өйткені ұлтаралық қатынас уақыт өткен сайын ұзақ жылдық тарихы бар әлем елдерінде де күрделі ахуалға айналып келеді. ХХІ ғасырда туындауы мүмкін түрлі сын-қатердің арасында ұлтаралық кикілжіңдер де бар екенін әлем жұртшылығы жақсы түсінеді. Әлі күнге этносаралық келіспеушіліктің кесірінен мемлекеттігін сақтай алмаған елдер бар. Сонымен бірге кейінгі жылдары ультра оңшыл көзқарастағы топтар да бой көтере бастады. Неофашизм белгілері көрініс беріп жүр. Демек, түрлі этностардың өзара татулығын сақтайтын ерекше институтқа деген сұраныс артпаса, кемімек емес. Ал қоғамдық келісім мен ауызбірлікке бастайтын озық үлгі Қазақстанда ғана бар деп мақтанышпен айтуға лайық.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ