Қазақ халқына мың алғыс
Қазақ халқына мың алғыс

Азат ел тарихындағы айтулы күндердің  бірі – 1 наурыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен  елімізде 1 наурыз – Алғыс айту күні   деп жарияланған болатын. Сөйтіп, осы күн атаулы мерекелер қатарына кіреді.  Елбасы 2019 жылы аталған мерекеге арналған құт­тықтауында: «Бұл мереке қиын-қыстау жылдары қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы мен мейірімділігінің ұмытылмайтынын білдіреді. Алғыс айту күні – ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының бірлігін нығайта отырып, татулық пен келісімнің бірегей үлгісін қалыптастырдық» деген болатын. Сөйтіп,  тағдыр айдап қазақ жеріне келіп,  Алтай мен Атырау арасын қоныс қылған түрлі ұлттар мен ұлыс өкілдері  Алаш баласына  ризашылығын білдірумен келеді.  Алғыс айту күнінің қазақстандық моделі де өзге жұрттардың мұндай мейрамдарынан бөлек, сипаты басқаша. Бұл да – Тәуелсіздіктің бір қыры.

  Леонид ПРОКОПЕНКО Президент Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары:

Ұлт пен ұлысқа қорған болу – ерлік

– Биыл Тәуел­сіздігімізге 30 жыл толып отыр. Бұл – осы жылдар ішінде ғана емес, қаншама ұрпақ бойы ата-бабамыз армандап келген азаттыққа қол жеткізуге еңбегімен де, өмірімен де зор үлес қосқан отандас­тарымызды еске алуға орайлы мерекелі кезең. Олардың алдында тағзым етіп, еңбегін дәріптеу – бүгінгі ұрпақ, біз үшін парыз. Сонау ғасырлар тереңінде мемлекетшілік дәстүрі мен тәуелсіздік туралы арманын ұрпағының жадына сіңіріп, осы күнге дейін жеткізген біздің ата-бабаларымыз зор тарихи құрметке лайық. Соның ішінде, өткен ғасырдың басындағы қиыншылық уақытта азапты өмірді қайыспай көтерген ата-аналарымыз үшін де басымызды иеміз. Мені Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурыз – Алғыс айту күні болып бекітілгені қуантады. Өйткені расында да «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» демекші, өздері қиналып отырса да, репре­ссия мен соғыс жылдарында мыңдаған адамды аман алып қалған қазақтардың ерлігі ешқашан да ұмытылмайды. Дала дәстүріне адалдық, кемел данышпандық, терең адамгершілік, кең қонақжайлық қазақ халқының әлем алдындағы мораль­ды-өнегелі беделін асқақтатып тастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Біздің алдымызда хақы­мыз­дың жаңаша даму парадигмасы мен ұлты­мыздың жаңаша сапасын қалыптастыру міндеті тұр» деген болатын. Ал «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Заман­ның сындарлы талаптарына бейім­делген жаңа сападағы ұлттық сәйкестік қалыптастыру» тапсырмасын қойған еді. Бұл – біздің бірлігіміз үшін маңызды бағыт. Мемлекет басшысы бәрінен бұрын ел тарихын жаңаша ғылыми жетістіктерді ескере отырып ұлттық мүдде тұрғысынан жазып шығуды міндет етіп қойды. Сонда біздің қоғамды біріктіре түсетін тарихи таным үдесі қайта жаңғырмақ. Ол жерде біздің көздің қарашығындай сақтап отырған – жер, тіл, бірлік атты құнды­лықтарымыз көрініс табуы тиіс. Бұл бағытта алдымызда тарихи сабақтастық пен қазақстандықтардың мүддесіне сәйкес келетін орасан зор топон     омиялық және ономастикалық жұмыстар тұр. Сондай-ақ ұлтаралық сөйлесу тілі етіп біріктіргіш фак­тор ретінде қазақ тілін нығайта түсу де бүгінгі ұрпақтың міндеті. Отандас­тарымыздың бір-біріне қазақ тілін үйренуге көмектескені өте маңызды. Бұл тек этносаралық емес, қоғамдық келісімді де нығайта түспек. Қазір Ассамблея қоғам­дық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бағытында кең көлемді жұ­мыс­тар жүргізіп жатыр. Соның бірі XXVI сессияда бастама берілген «Қазақ­тану» ғылыми-ағартушылық жобасы. Этникалық ерекшеліктеріне қарамастан барлық қазақ­стандықтың бірыңғай құндылықтар мен жалпыұлттық тарихи сана және ортақ мә­дени код негізінде халық бірлігін ны­ғайта түсуге бағытталған бұл жоба биыл да жал­ғасын табатын болады.   Латиф АЙДАРОВ, Жамбыл облыстық күрдтер қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Біз үшін Қазақ­станнан өзге Отан жоқ

– Біз, күрд хал­қы, нәубетті жыл­дары қазақ жерін паналадық. Демін ішіне тартып тұрған бұл жылдарда қазақ жері бізден өзге сан түрлі ұлттарды бауырына басты. Міне, содан бері қаншама уақыт өтті? Бізге Қазақстан құтты қоныс, жайлы мекенге айналды. Біз үшін Қазақстаннан өзге Отан жоқ. Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Елімізде осы жылдар бойы бірлік пен ынтымақ, азаматтық бейбітшілік пен ұлттық келісім, достық пен татулық жал­ғасып келеді. Жастар үшін көптеген пат риоттық, адамгершілік рухта тәрбиелейтін іс-шаралар өткізіліп жатыр. Мемлекеттің тұтастығы  Қазақстанның Тәуелсіздігі мен қоғамдағы ұлттың азаматтық бірегейлігінің арқасында мүмкін болды десек, қате­леспеген болармыз. Бүгінде отансүйгіштік, мейірімділік, төзімділік, ауызбіршілік сынды қасиеттерді өсіп-өніп келе жатқан жас ұрпақтың санасына сіңіру – әр­біріміздің борышымыз. Мен осы елдің азаматы, күрділер қоғамдық бірлестігінің өкілі ретінде елдегі болып жатқан жағымды жаңалықтарға қуанып, жағымсыз әрекеттерге өзімше кейіп отырамын. Бұл осы елге сіңіп, бүгінде өз Отанымыз ретінде мойын­дағанымыздың дәлелі деп санаймын. Ата-бабамыздың бізге көрсеткен үлгісі осын­дай. Біз бұл үрдісті одан әрі жалғастырып, ұрпақ бойына сіңірудеміз. Қазақстан халқының мамыражай күн кешіп, ел іргесі аман, тыныш, бейбіт заман болғаны – біздің де тілегіміз. Өз этносымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптарын сақтауға, оларды болашақ ұрпаққа дәріптеуге Қазақстанда барлық жағдай жасалған. Осындай жағдай жасап отырған кеңпейіл қазақ халқына, ауадай қажет ауызбіршілігімізді сақтап отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына күрд халқы қарыздар. Сонымен бірге  бауыр­мал қазақ халқына алғысымыз шексіз. Елдегі түрлі жағдайға қарамастан біз бірлікті сақтаймыз. Бұл үрдіс бұған дейін де еш үзілмеген. Дәл солай ары қарай жалғаса беретін болады. Өйткені бәрінен де қымбаты – Қазақстанның Тәуелсіздігі. Ендеше, елімізде этносаралық қаты нас тардың қазақстандық моделін қалып тас­тыру – тың көзқарас. Қоғамның көпэтностылығы, мәдениет пен тілдердің көптүрлілігі біздің артықшылығымызға айналып, елдің дамуына берік негіз болғаны рас. Елбасы айтқандай, «Біздің баба­ларымыз тірі болу үшін бір болған, біз ірі болу үшін бір болуымыз керек». Бұл дәстүр үзілмесе, ғасырлар бойы көпұлтты мемле- кетіміздің тыныштығы тұрақты, қоғамдық тұтастығы мықты бола бермек. Тәуел­сіздігіміз баянды болсын!   Асылы ОСМАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,   Алматы облысы Әзербайжан ұлттық мәдени орталығының төрайымы:

Қазақ халқына қарыздармын

– Қаншама ұлыс пен ұрпақ «тар жол тайғақ кешіп» апталап, айлап жол азабын шегіп, әрең жеткенде оларға қамқорлық танытып, бір бөлме болса, бір бұрышын, екі бөлме болса, бір бөлмесін берген қазақ халқы – қасиетті халық. Мен Грузияның Ахыска жерінен келгенімде бауырына басқан қазақ халқына әлі күнге дейін қарыздармын. 1944 жылы қарашаның суығында ештеңеге қаратпай, жүк көлігіне тиеп алып, он отбасын пойызбен алып келгенде мен үш жасар бала екенмін. Содан он вагон толы жанды Қызылорда, Шымкент, Жамбыл өңіріне әкеліп «төгіп» кетті. Біз Түлкібас өңіріне түстік. Жол азабына шыдамаған анам бір айдан соң қайтыс болды, сөйтіп жетім қалдым. Бірақ қазақ халқының арқасында қиындық көргем жоқ. Еріксіз айдалып келсем де, еркін өскен ұрпақ болдым. Біз секілді отбасылардың барлығын жергілікті жұрт қамқорлығына алды. Солардың барлығын қолдауы қазақ деген халықтың пейілінің кеңдігінен, ешкімді жатсынбағанынан. Сол үшін де мен қазақ халқына қарыз­дармын. «Адам баласы теңдікке шыдағанмен, кемдікке шыдай алмайды». Қазақстанда тұратын қаншама ұлттың өкілі болса да, өзін сол топырақ иесі қазақпен теңдікте сезінуі тиіс. Менің елім, менің жерім деген сезім болуы керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрбір ұлт өзінің тамырын жоғалтпасын, қысымға ұшырамасын деп осы Ассамблеяны құрды. Оған  осындай теңдік берді. Жер ауып келген өзге ұлт өкілдеріне дәстүрін, ғұрпын, тілін, әдебиетін дамытуға үлкен мүмкіндіктер жасады. Тіпті, өз тілінде мектеп ашуға, кітап шығаруға кететін шығындарды қаржыландырып та жатқан кездері болды. Оның мәні де маңызы да зор. Одан артық не керек? Ондай озық үлгі басқа елдерде жоқ. Оның барлығы да сайып келгенде Тәуелсіздіктің арқасында. Қазақ тілін өзге ұлттар жетік меңгерер болса, мейірбан жүректі қазақ оларды одан сайын өз перзентіндей көрер еді. Қазақтың тілі – асыл қазына. Ендеше, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы бастаманы қолға алып жатыр. Қазақ тілін меңгеру – Қазақстанда тұратын әрбір азаматтың парызы. Біз Тәуелсіздігіміз баянды болсын десек, қазақ тілінің қазақ халқының өзара тілдесетін ортақ тіліне айналдыруымыз керек. Қазақ халқының осындағы әрбір ұлттың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқаны секілді Қазақстан халқы Ассам­блеясы да қазақ тілі аясының кеңеюіне өлшеусіз үлес қосуы тиіс.