Ресейде де өз командамыз болады
Ресейде де өз командамыз болады
136
оқылды

Белгілі кәсіпкер, «Қайрат» футбол клу­бының басшысы Қайрат Боранбаев Ре­сейде жаңа футбол клубын құруды жос­пар­лап отыр. Тарихы терең алматылық ко­манданың жетістікке жетуіне үлесін қо­сып жүрген футбол маманы жаңа коман­дасына Мәскеуден стадион тауып, жаттық­тырушылар құрамын да жасақтау­ды осы бастан қолға алып жатқан көрінеді. Бұл туралы жуырда қазақстандық ин­сайдер Айдын Қожахмет хабарлады.

«Жел тұрмаса, шөптің басы қимыл­дамайтынын» ескерсек, бұл сыбыстың шығуы да тектен-тек емес. Оның үстіне, осы айтулы жұмыстың бәрі үздік академияның жастарын таныту, дамыту үшін жасалып отырғанына сенбеске амал жоқ. Бұған дейін де Боранбаев мырзаның бірнеше рет «Қайратты» қажет болса, Ресей біріншілігіне қатыстырамын деп айтқаны бар. Енді сол сөздің шындыққа айналар кезі де таяды. Біз өз кезегімізде сүйінші ақпаратты та­ратқан Айдын Қожахметпен тілдесіп, мәселенің анық-қанығы туралы сұрадық. – Ресейде РФЛ, ФНЛ және ПФЛ біріншіліктері барын көзі қарақты жанкүйерлер жақсы біледі. Бұл жақта бәсекелестік бізге қарағанда жоғары. ПФЛ-дың өзі бірнеше аймаққа бөлінеді. Қайрат Боранбаевтың жаңа командасы сол  ПФЛ-дың Батыс аймағында ойнауды жоспарлап отыр. Менің естігенім бойынша, клуб қожайыны Мәскеудегі стадионмен де келісімге келіп қойған. Негізгі құрамның 70 пайызы академияның түлектері болады. Клуб басшылығына қазақстандық мамандар тағайындалмақ. Әзірге осындай әң­гіме­лер айтылып жатыр. Ресейдің өз сер­тификациясы бар. Бастысы содан өту керек. Бәрі ойдағыдай болса, онда жаздан бастап қа­зақ­стандық команда ПФЛ-дің Батыс аймағында ойнайды, – дейді Айдын Қожахмет. Оның сөзінше, Қайрат Боранбаевтың командасы 1-2 жылдың ішінде аталған лиганың жеңімпазы атанып, ФНЛ-ға жолдама алуды көздейді. Егер діттеген межеге қол жеткізер болса, Мәскеуден шағын стадион салынбақ. Бір сөзбен айтқанда, Боранбаевтың басты арманы – «Қайрат» брендін ТМД елдеріне, Еуропаға таныту. Бәрі оңынан болса, жазда «Қайрат» футбол клубы үшін де, қазақ футболы үшін де тарихи оқиға болғалы тұр. Өйткені бұған дейін әуесқой лигаларды есепке алмағанда, ешқандай футбол клубы түзде өнер көрсетпеген. Спорт журналисі Фараби Әбдіхалық клуб басшысының аталған ауқымды жұмыстарды академияның келешегі үшін істеп отырғанын айтады. – Егер жоспар жүзеге асса, ПФЛ-ға қатысу арқылы «Қайрат» жастарының ойын практикасы молайып, тәжірибесі толысып, олар өздерінің қарым-қабілетін көрсетуге толық мүмкіндік алады. Ондағы қарсыластары да әлдеқайда қарымды болады. Ал бұл бәсекелестіктің артуына ықпалын тигізеді. Өйткені Қазақстанда «Қайраттың» жастары үздік ойын көрсетіп, үлкен жеңіске жетіп жүр. Себебі Қазақстандағы төменгі лигаларда мықты қарсылас аз. Сондықтан жастардың жаңа лигаға ауысуы, жаңа белестерді бағындыруға талпыныс жасауы шындығында біз үшін қуанышты жағдай, – деп атап өтті Фараби. Әзірге клубтың бюджеті нақтыланбады. Аны­ғы, басшылық сырттан келетін ойыншы­ларға көп қаржы жұмсамай, жергілікті жастарға мүмкіндік береді. Мұны Қайрат Боранбаевтың футболды дамыту үшін жасап отырған игі қадамы, талпынысы деуге болады. Ең өкініштісі, күні бүгінге дейін біздің елде футболды бизнеске айналдыру, пайда табу жағы дұрыс жолға қо­йылмаған. Жергілікті маман осыны алдымен шетелде қолға алмақ. Тағы бір ұтымды тұсы, талантты қазақстандық жастарды Ресей коман­даларына сатып, одан пайда табу негізгі орынға шығады. Кейбір футбол жанкүйерлері бұдан қазақ футболының деңгейі көтерілетініне сенбейді. Олар сонымен қатар әлеуметтік желідегі жаз­баларда «Қайрат» басшысының бір кемшілігін баса айтқан. «Жаңа командада алматылық клубтың тәрбиеленушілері ғана ойнай алса, одан не пайда?» дей келе өзге аймақтағы талант­ты футболшыларды да команда сапына қосу туралы ұсыныстарын жеткізген. Егер ұсыныс ескерілер болса, ойыншы таңдауда алматылық ұжымның мүмкіндігі де арта түспек. Шындығында, бұл – өте керемет идея, тамаша жоба. Әрі жастар үлкен тәжірибе жинақтайды. Әйтпесе, Қазақстан Премьер-лигасында жастарға мүмкіндік көп беріле бермейді. Сондықтан жастар құрамасы да Фарьер аралдары секілді әлсіз құрамалардан ірі есеппен жеңіліп жүр. Бастысы, ойыншыларымыз отандық селекционерлерден бөлек, ресейлік селекционерлердің де назарында болады. Өйткені бұл – коммерциялық жоба. Сондықтан ФНЛ-дегі бірнеше ондаған қазақстандық жас футболшы жаппай өзге клубтарға ауысады. Ол дегеніміз, Қазақстан ұлттық құрамасында да бәсеке­лестіктің артуына септігін тигізеді. Қайткен күннің өзінде де, Қайрат Боранбаев үлкен тәуекелге бел байлағалы отыр.Тәуекел табысқа жеткізсін дейміз.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ