Мәртебелі поэзия мінбері – Шымкентте
Мәртебелі поэзия мінбері – Шымкентте
152
оқылды

Шымкент қаласында «Мәртебелі поэзия мінбері» атты әдеби-мәдени бұрыш ашылды. Жеңіс саябағында ашылған поэзия мінберінің ашылу салтанатына қаламгерлер қауымы арнайы келді.

Биыл Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы ре­тін­де рухани жаңалықтардың орта­лығына айналмақ. Соның бір жарқын мысалы кеше ашыл­ған «Мәртебелі поэзия мінбері».

«Біз поэзия мінберін ойлана келе «Жеңіс» саябағында ашу­ды жөн көрдік. Себебі бұл саябақ­тың аурасы керемет. Поэзия мінбе­ріне Қазақстан ақындарын шақырамыз, олардың Шымкент­те өз оқырманы, өлеңсүйер қа­уы­­мы табылады деген сенім бар. Әр жұманы асыға күтеміз. Биыл Абайдың 175 жылдығы бол­­ған­дық­тан, әр жұмадағы кез­десу Абай­дың өлеңдерімен бастал­са деген тілегіміз бар», – деді қала әкімі Ердан Айтаханов поэ­зия мінберінің ашылуында сөйле­ген сөзінде. Ол Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры», «Бо­ла­­шаққа бағдар: рухани жаң­ғы­ру», Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасыр­дағы Қазақстан» мақа­ла­ла­ры аясында жұмыс істесек,   өш­кенімізді жағып, өлгенімізді тіріл­теріміз анық екенін айтты.

«Қанша ғасыр өтсе де, әл-Фара­би мен Абай даналығы өзек­­ті­лігін жоғалтқан жоқ. «Адам­­ның басына қонған ба­қыт­­тың тұрақты болуы жақсы мі­нез-құлыққа байланысты» деп мінез бен ақыл жарасса, адам­­гершіліктің ұтатынын әл-Фараби бабамыз бір-ақ сөй­лем­­мен ұқтырған жоқ па? Осы біз Абайдың бес асыл ісін үйре­ніп, бес дұшпанынан жире­ніп жүрміз бе? Енді кез кел­ген адам­­ның көкей­де жүрген сұра­ғы­на өлең­нен жауап табуына осы поэ­зия мінбері мұрындық бола­ды деп ойлаймын», – деді әкім.

Одан кейін сөз алған Жазу­шы­лар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Шымкентте жүрекке жылы тиетін жаңалық­тар­ға ризашылығын жеткізді.

«Былтыр елордадағы Абай кө­шесінің бойында «Поэзия ал­лея­сы» ашылды. Олжас аға­мыз барып, лентасын қиды. Іле-шала қазақтың үш арысы Ілияс, Сәкен, Бейімбеттің ескерт­кіш­тері бой көтерді. Бүгінгі «Мәр­те­белі поэзия мінбері» сол екі игі істің ізін басты деп ой­лай­­мын. Поэзияға төрін беріп отыр­ған қала әкіміне алғыс айта­мыз. Шым­кенттің көше­­ле­ріне Абай ата­­мыздан бас­тап қа­зақ ақын­да­ры­ның өлеңі мен суре­тін жар­қы­ратып қойған­да­ры­ңызды поэ­­зияға деген үл­кен құрметтің бел­гісі деп қабыл­да­дық», – деді ақын.

Ақын мен әкім поэзия мін­бе­рінің лентасын қиды. Енді еліміздің ақын-жазушылары әр жұма сайын поэзия мінберінде өлең оқуға жиналады. Қыста күн суық болған жағдайда «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітап­ха­насында бас қосады.

 

Айдана БЕГІМ