Наурыз айынан бастап республикадағы жасыл аймақта тұрған барлық өңірде жұма намазына оқуға рұқсат етілді.
Сондықтан Түркістан облысының аумағындағы мешіттерде 5-наурыздан бастап жамағатпен жұма намазы оқыла бастайды. Облыстың бас имамы Еркебұлан Қарақұловтың айтуынша, жамағатпен құлшылық рәсімін жасау үшін мешіттер 30 пайыз ғана толтырылады.Сондай-ақ дін өкілдері жаназа және жерлеу рәсіміне қатысушылар санын 50 адамнан асырмауын айтты. Індет өршіген жағдайда жұма намазын оқу тоқтатылады.«Маска тағу, діни жоралғы кезінде сапқа тұрғанда арақашықтықты сақтау талап етіледі. Жалпы, өңірдегі барлық 750 мешітте залалсыздандыру жұмысының жүргізілуі қадағаланады. Уағыз оқылмай, тек парыз намазы орындалады. Дәретханалар карантин талаптарын сақтай отырып ашылады. Жұртшылықты карантин шегінен шықпай, талапты орындауға шақырамыз», – деді Еркебұлан Ыбрайымұлы.