Ауыз-жауыз!
Ауыз-жауыз!
199
оқылды
Құдайым–ау, ауыз деген жауыз екен ғой? Ауыз сөйлейді, ауыз сүйеді, ауыз жейді, ауыз бірдеңе дейді ғана десек, қателеседі екенбіз. Бәрімізде де ауыз бар, ал біреулерде ауыз деген жауыз бар! Бір күні Майгүл таңертең шошып оянды. Бөлмесінде біреу сөйлеп жатты.  «Қалай жағдайың, Майгүл?» деп қояды. Бірақ бөлмеде ешкім жоқ. Дауыс қайдан шықты екен деп желкесін сипалап еді, бірдеңе былқылдап тұр. Атып түрып, боянатын айна алдына келіп, желке жағына басын бұра қарап еді, жүрегі жерге түсіп кетіп, оны мыжып кетердей халге жеткені! Құдайым – ау, бұл... Бұл не деген сұмдық! Дәл желкесіне екінші ауыз пайда болыпты! Ауыз! Кәдімгі ауыз! Тағы да сөйлеп қоятынын қайтерсіз? Ол өзінің аузымен: – Кешіріңіз, сіз кімсіз? –деп сұрады. – Сіздің екінші ауызыңызбын. – Қалай сонда? Адамдарда екі ауыз болмайды ғой? – Неге болмасын? Жемқор шенеуніктердің арқасында алты ауыздан бар! Олар солармен де мемлекет қаржысын қарпып, жапырып, жайпап, жым–жылас жеп жатады! Ол қорыққаны соншалық, желкесіндегі қосалқы ауызды алақанымен баса қойды. – Сонда... Сонда сіз менікісіз бе? – деп сұрады сосын. – Ия, Майгүл ханым, енді есектің ауызы емес шығармын?! – Не үшін? – Жегендеріңізді құсу үшін, қызметіңізден ұшу үшін. – Мен... Мен не істеп қойдым, соншама? – Өтірік мүләйімсімеңіз! Сіз не жемедіңіз? Сіз педагогсыз, ал медицина ашқарақтары Құдайдан да, заңнан да қорықпай, пандемия кезінде, жұрт қырылып жатқанда, біреудің анасы, біреудің панасына дем жетпей жат­қанда, керекті дәрілерді сатып, милиондарды қалталарына басып жатты. Сіз олардан да асып түстіңіз! – Сонда... Сонда менің ауызым бола тұра не істейсіз? – Бетіңізде орналасқан о бастағы ауызыңыз­бен қанша жесеңіз, желкеңіздегі мен арқылы құсасыз. Майгүл желкесіндегі жауыз ауызды ала­қанымен жаба қойды. Тез киініп, кеңсесіне келді.  Келді де, облыстық білім беру басқар­масының ғылыми–тәжірибелік ақпараттық технологиялар орталығының директоры Арап­биді шақырып алды. – Кешіріңіз, менің желкеме бірдеңе шық­ты, –деді үрейленіп, Арапби үндемеді. – Неге үндемейсіз? Арапби үндемеді. – Айтыңызшы, бірдеңе деңізші? Арапби де желкесін сипалап тұрып алды, тіпті желкесін сипалап тұрып, ұрып алды. Сосын күрсініп салып: – Менің де желкеме ауыз шықты, –деді де, терезе тұсына келіп, басын бұрмастан: – Құрыдық, Майгүл,–деді. Сөйтсек, оның да желкесіне добалдай ауыз пайда болыпты.  Оның желкесіндегі ауыз: – Ауыздарыңыз құтты болсын! –деп қоя­ды. Бір кезде, кабинетке үрейі ұша кіріп келген басқарманың мемлекеттік сатып алу бөлімінің маманы Бақыт жыламсырап тұрды. – Сізге не болды? – деп сұрады Майгүл. – Майгүл – ау, желкеме жекеменшік ауыз пайда болды. Жүрегім айнып, құсқым келеді де тұрады, – деді ол. Үшеуінің де үрейлері ұшып, қалтырап тұр. Құдайым-ау, бұл не деген масқара? Жегендері желкесінен шықты деген осы ма әлде? Жә, қиялдың қиярын жеп қайтеміз, шынында олардың  жегендері желкелерінен шықты! Пандемия кезінде оқушыларды онлайын оқыту үшін  кәсіпкерлерден 2552 ноутбукты сатып алу керек еді. Сол екен, тендерді  кедергісіз рәсімдеу үшін олардан пара алды. Сөйтіп,  Майгүл Омарова, Арапби Меңлібаев, Бақыт Абдолданованың желкелеріндегі ауыздары 37 650 000 теңге құсты.  «Жегендері желкелерінен шықты» деген осы да! Айтпақшы, сіз жемқор шенеуніксіз бе? Желкеңізде ауыз жоқ па, сипалап көріңізші?

Мұхтар ШЕРІМ