Мен оны сүйемін!
Мен оны сүйемін!
213
оқылды
Ол ұйықтап жатып, жастығының шетін умаждап ұстады. Езуі жайылып кеткен. Рахат ұйықтап жатыр. – Мен сені жақсы көремін! Сен үшін жүрмін ғой, жаным! Сен болмасаң, өмір сүргім де келмейді. Сені көргенде, көздерім жайнап кетеді, ал сені көрмесем, қандарым қайнап кетеді. Алтыным менің! Күйеуінің сандырақтап сөйлеп жатқа­нынан секем алған әйелі оны жұлқылап оятты. – Әй, Нұрақбай? Бұл қалай? Кімді жақсы көресің? – деп сұрады. – Саған айтуға болмайды, –деді күйеуі көздерін ашар – ашпастан. Сосын қор ете түсті. Бір уақытта тағы да сөйлей бастады: – Жаным! Ертең кездесеміз ғой? Сені төсіме қысамын! Жұрттың бәрі сені жақсы көреді, сен өмірдің мәнісің, талайлардың әнісің, мықтылардың сәнісің. Ия, ия, неге сені жақсы көрмейін? Сол үшін ғой, дамыл таппай, жұртқа жақпай жүргенім. Не, ұнамады ма, менің күлгенім? Қалай болғанда да, ертең менің бақытты күнім! Әйелі одан бетер жұлқылады. – Не деп жатырсың? «Жаным» деймісің? Жаныңды қоярға жер таппай жатырсың ғой тегі. Кім ол деймін? – Саған айтуға болмайды. «Қатынға сенбе» деген.Жұртқа жаясың. – Ол қандай құпия? Отбасыңның ойранын шығара жаздайын деп жүрген ол қандай сайқал? – Ол керемет! – Кереметті көрсетем саған! – Оны сен де жақсы көріп кетесің! – Керегі жоқ! Аты кім? – Ұйықташы одан да. – Аты кім деймін? – Сен оын танисың. Жұрттың бәрі таниды. – Айтпайсың ғой? Онда үстіңе су құямын! – Мейлі, мен оны сүйемін! –деген күйеуі теріс аударылып жата берген, орнынан тұрған әйелі бір ожау су әкелді де, отағасының бетіне шашып жіберді. Көздері жыпылықтаған Нүрақбай төсегінен ұшып тұрды. – Не болды саған жаным? – Жаным десең, сүйгеніңнің  атын айт! – Өй, мен оны бұрыннан сүйемін ғой? – Кім деймін? – деп сұрады әйелі тықақтап. – Айтуа болмайды дедім ғой. Өсек болып кетеді. – Сен өзі ашық кірісетін болғансың ба? – Жоға, құпия болғаны жақсы қайта. Сен осы мәселені білмей – ақ қойшы? Бәрі сендердің қамдарың. Сендер үшін сүйемін! Ақыры айтпады. Жатып қалды. Жымиып жатыр. Өйткені, ол ертең бір кәсіпкерден 500 мың теңге пара алатын болған. Сол 500 мыңды жақсы көрді. Ақшаны сүйді! Ақшаны түсінде көрді. Ал, мұны әйеліңе айтуға болмайды ғой? Бірақ, ол ойлағандай болмады. Жер сатып ақшаны бауырына басып жатпақ болған Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Қызылқұм ауылдық округінің әкімі Нұрақбай Қойлы­бековтің жолы кесіліп, өлердей ғашық болған 500 мың теңгеге жете алмады. Төрт жылға сотталып тынды. Міне, көрдіңіздер ме, ақшаға ғашық болмаңыздар, ақшға ғашық болсаңыз, бітті, жолдан таясыз, ақшамен тек жолдас, бауыр, дос болыңыз!

Ратқұм МІРЕШ