Әй, телефон-ай!
Әй, телефон-ай!
237
оқылды
Мен  бүгін бір жаман түс көрдім, түсімде жаман іс көрдім. Мұндай түсті ешкімге бермесін, ондай түсті ешкім көрмесін... тақпақ  боп кетті ме, не боп кетті өзі. Айтсам шошисыңдар көрген түсімді. «Дәблениесі» барлар мен екіқабат әйелдерге айта көрмеңдер, жарай ма... Ал айтайын енді... бісміллә.., дайынсыңдар ғой, қысқасы мен  бүгін түсімде... теле­фонымды жоғалтып алыппын... ТЕЛЕФОНЫМДЫ! Басым орнында, бәрі орнында, ал телефоным... жоқ! Жоқ! Паспортым, правам.., басым бәрі жоғалса жоғалсын, ал телефоның жоғалғаны өте қиын екен. Телефонсыз бүкіл әлемде жалғыз өзім қалғандай болдым. Робинзон болдым да қалдым... Мен тіпті телефонсыз бүгін қай күн, қай жыл екенін де білмейді екем. Жиырма бірінші ғасыр екені ғана есімде... Басымды шертсем, даңғыр-даңғыр етеді.., іші бос! Менің өзі азғантай миым, есім, санам бәрі телефонға көшіп кетіпті. Барлық информацияларды, хабарларды, фактілер мен аргументтерді телефонға жүктей бергем ғой... жүктей бергем, жүктей бергем... Соның кесірінен бас мүлдем босап қалған, даңғыр-даңғыр етеді шертсең, шертпей-ақ жәй жүрсең де даңғырлайды. Масқара, ұят-ай... Бұл бастың енді ештеңеге қажеті жоқ шығар, базарға апарып кәстрөл деп біреуге сатып жіберсең пайдалырақ болатын сияқты. Құлақ орнатып әуре болмайсың, үлкен екі құлағы бар, қолың күймейді ұстағанда. Басың жоғалса жоғалсын, бірақ телефоның жоғалмасын. Міне, менің телефонсыз өмірден түйгенім... Қазір телефон есеп шығарады, телефон ән айтып береді, телефон кино көрсетеді, телефон сен үшін ойлайды. Бүгін қай күн деп біреу сұраса, басыңмен ойламай бірден телефонға жармасасың, соған үңілесің. Сүйгеніңнің хаттары да, телефон нөмірі де соның ішінде, сенің басыңда, миыңда емес, іздемей-ақ қой, телефонда! Қатыныңның атын ұмытып қалсаң да сол телефоннан табасың, атын да, тұратын әдірісін де... Бәрі сонда... телефоныңда. Өсек-аяң, хат-хабар, фейк-фактілер, кім қашан өлді, кім қашан тірілді.., бәрі-бәрі сол телефонда, мида емес, мида түк жоқ! Шіркін, телефоным жоқ кезде басым ойланатын, толғанатын жақсы бас еді, екіні екіге қоса алатын, жүзге дейін санай алатын математик бас еді. Енді екіге екіні қоссаң қанша болады десе, телефонды іздей бастайсың... Қазір бүкіл дүние жүзіндегі адамдардың иықтарындағы домалақ зат бас емес - кәстрөл! Басының көлеміне байланысты: біреуінде - қазан, біреуінде-мескей, біреуінде - шәйнек... енді біреуінікі насыбай шақша! Солай... Басыңда ми болуы қазіргі заманда аса қажет емес болып қалды, қолыңда телефоның болса болды. Телефон «шиқ» ете түскенде, бітті, бәрін тастап телефонға жүгіреміз... Қандай хабар келді екен? Кім жазды екен, не жазды екен? Сол сәтте оқу керек, сол сәтте көру керек. Самарқанды су алып кетті ме, жоқ әлде самауырыннан су ағып кетті ме... соны білуіміз керек. Телефондағы хабарды оқымай не көрмей не тамақ іше алмаймыз не ұйқыға жатпаймыз... Таңертең ұшып тұрып тағы телефонға жармасамыз. Мені бір достарым, таныстарым сыртымнан қырық группаға жаздырып қойыпты. Сол қырық группадан күніне жеті жүз - сегіз жүз хат-хабар келеді. Сегіз жүз..! Соның бәрін мен оқуым керек, көруім керек және әрқайсысына сегіз жүз жауап жазуым керек. Әр группаны, қазақша айтсақ  топты... жәрәйді группаны дейікші... сол әр группаны группенфюрер басқарады екен. Оны кейде админ деп те атайды. Администратор деген сөзден шықса керек. Сол админ-группенфюрер бүкіл группаны өзі өргізеді, өзі жусатады. Бөтендер әлгі  группаға соның рұқсатымен кіреді. Сол топтағы-группадағы саяси психологиялық ахуалды әлгі группен­фюрер бақылап отырады екен.  Әр группа­ның өздері қызығатын тақырыптары бар. Бір группа таза саясат, бір группа сетевой бизнес (қазақшасын білмеймін, бірақ қазақшасы былай өзің ақымақ боп бір үтік сатып алсаң, тағы басқа екі ақымақты үтік сатып алғанға ертіп келуің керек), енді бір группада ат бәйгесі мен тазы жүгірту, әтеш пен қораздың  ережесіз жекпе-жегі, тағы бір группа тек балық аулау туралы жазады. Енді бір группада тек өсек-аяң мен өтірік хабарлар, енді біреуінде қылжақ  пен ыржақ... тағы сол сияқты...өстіп кете береді. Менің бір қалжыңбас танысым мені бір қырық қатынның тобына кіргізіп қойыпты. Әлгі қырық қатын күніне қырық рет ұрсысады, қырық рет татуласады. Соның бәрінің жазған өсек-аяңын, өкпе-арызын оқуым керек, кім кінәлі, ұрыс неден басталды? Білуім керек қой... Әлгі қырық қатынның отыз жетісі дұрыс та, қалған екі-үшеуі... шайтан! Солар бәрін бүлдіретін. Әлгі үшеуі қалған отыз жетісін күніне қырық рет ойбайлата­ды. Тауық қораға ит кіріп кеткен сияқты. Сонда республикамыздың қырық қатыны  үйдің шаруасын тастап кім дұрыс, кім бұрыс, ұрыс неден шықты, немен бітеді, жаралылар мен қаза табатындар бола ма соны білгісі келіп, күні бойы тек телефонмен айналысады. Ана екі-үш шайтанды, группенфюрер топтан шы­ғарып жібереді, бірақ әлгі жауыздар бір амалын тауып қайта кіріп алады... Содан у-шу, айғай, ұрыс-керіс, «қара жорға»... қайта басталады. Ақыл беріңдерші, осы қырық қатын­ның тобынан шығып кетсем бе екен... оқ тимей тұрған кезде... Енді бір группада қырық ақын бар. Мені біреу ақын екен деп сол топқа қосып қойыпты. Олар бұрқыратып өлең жазады. Күн де өлең, ай да өлең, жауып тұрған қар да өлең, қардың үстінде отырған қарға да... ол да өлең! Енді осы өлең-тақпақтардың бәрін оқып, ақынның ойын талдап, не айтқысы келгенін дәл тауып... содан кейін әлгі «Пушкинді» мақтап бірдеме жазу керек. Кейбіреуін Пушкинге теңемеу керек, Пушкинге теңесең ренжиді, мен баяғыда Пушкиннен өсіп кеткем, сен не... мені кім деп ойлап жүрсің деп жер тепкілеп өкпелейді. Мақтап жазбасаң тағы бәле... әлгі шайырдың нөмір бірінші жауына айналасың. Содан уақыт жоқ болса да, шатып-бұтып әлгі «Фирдаусиға» қырық жол комплимент жазасың... Осы ақындардың группасынан шығайын деп жүрмін, ертең біреуі дуэльге шақырмай тұрғанда... Енді мына күйіп тұрған заманда қалың ағаштың арасына  барып, есалаң біреумен атысып жүрсем, маған жетпей тұрғаны сол еді. Қой, рас шығайын бұлардан... Бұл «Пушкиндер» Дантестерін басқа жақтан іздесін... Енді біреулер таңертеңнен түске дейін, құраннан аят, сүре, хадистер жібереді, бұл түске дейін... ал түстен кейін айтуға ұят, жаман фильм, роликтер жібереді. Осыларды ұға алмадым. Бұлар тегі түске дейін бір жерде молда болып істейтін болу керек, ал түстен кейін... құдай сақтасын, бір Құдай біледі бұлардың немен айна­лысатынын... Инстаграм деген бір бет бар. Бекер-ақ ашыппын сол инстаграмды... Түш­кіргендеріне дейін телефонға түсіріп, ал, көріңдер мені, мен қандаймын... деп әлгі фотосын салып жібереді. Мұрынын мақтап  жазып жіберуге тура келеді. Енді нені мақтайсың, түшкірген мұрын ғой... Сол инстаграмда бір қатын бар, сол кешке шейін өзін фотоға түсіріп соны салады. Ылғи бір жағынан, ылғи бір жағынан... иығынан жоғары. Әй, бір бес жүз фото салған шығар, енді иығынан төмен түсірсе болады ғой, жоқ! Сол фото, сол шаш, сол иық...бітті. Өзін әлемдегі ең сұлумын деп ойлайтын болу керек. Мен ақымақ боп сол қатынға бес жүз рет лайк бастым. Осы қатын, осы қатын... маған қырындап жүрмесін? Байы бар ма екен өзі? Құдай сақтасын, өзінің дені сау емес қой деймін. Бұл қатын инстаграмда қайта-қайта көріне бермей, одан да психологқа бір көрініп алса сол дұрыс сияқты. Ал мына бір группада әр тоғыз ай сайын жаңа туған баланың атын кім қояды деп айтыс-тартыс болып жатады. Бұл -  туыстардың группасы... бұлар да өз алдына бір мафия! Туыстарды айтам... Неге баланың атын құдалар қояды, неге біздің Чинганчгук деп қойған атымыз ұнамайды оларға, а? Бүйте беретін болса ертең бізді басынып алмай ма? Басымызға шығып алмай ма? Бұл бірінші рет емес, ылғи осы... Әр тоғыз ай сайын балаға ат қою дауы. Қып-қызыл саясат! Әй, бала аман болса болды емес пе, қандай ат қойса да... Маған мысалы бәрібір Адольф деп қойса да атын... Бірақ, Чин­ганчгук дегеннен гөрі Итбай деп қойса сол дұрыс сияқты, көз тимейді... Енді біреулер бар группада, бұлар таза мылжыңдар. Олардың жіберетіндері мынау: Асылдан асыл туады, Жалқаудан масыл туады. Мылжыңнан езбе туады, Қыдырмадан кезбе туады... Сөйтіп жалғаса береді. Кімнен кім туатынын ескертіп, туар алдында ойланып алыңдар кімді туатындарыңды дегендері болу керек. Қысқасы, қып-қызыл мораль..! Сәбет кезінде мұндай мылжыңдардан жақсы замполит, жақсы партком шығар еді. Бірді айтып, бірге кеттім ғой деймін, неден бастап едім өзі? А-а-а? Ия, жаман түс көргем екем ғой, түсімде телефонымды жоғалтып... Оянып кетсем телефоным қасымда жа­тыр екен, уҺ... ой қуанғаным-ай, жоғалған басын тапқан Тазша баладай болдым... Әкиматтағыларға телефон ұстатпай­тын заң бар көрінеді. Дұрыс заң, өте дұрыс заң! Өкімет пен партия әкиматтағылар телефон емес мимен жұмыс істесін деген болуы керек. Әйтпесе, мысалы сен арыз-шағымыңды айтып әкімге барсаң, әкім басы даңғыр-даңғыр етіп телефонын іздеп жүрсе... масқараның көкесі сол емес пе... Ия, ұмытып барады екем кеше көшеде бір дәретханаға кірдім елу теңге төлеп, кірсем біреу «Сәлем, хал қалай?» дейді. Мен де «сәлем, хал жақсы, өзің қалай­сың?..» десем... дәретхананың ішінде еш­кім жоқ. Өйтсем дәретхана кабинасында бір иттің баласы телефонмен басқа біреу­мен сөйлесіп отыр екен. Қайта дәретханада әлгі ақымақтан басқа ешкім болған жоқ.  Әйтпесе  нөмір бірінші ақымақ мен болар едім. Міне, достар, телефон деген осы... бәле болды. Ия енді балаңа телефон сатып әперсең, балаңның миымен қоштаса бер... Солай...  

Қабдырахман ОТАРБАЙ