Торғайдың топшылауы
Торғайдың топшылауы
143
оқылды
Бір адам кішкентай торғай ұстап алыпты. Жұдырықтай құсты сойып, сорпа-су жасайын деп жатқанда әлгі шымшыққа тіл бітіп былай депті: – Ей, адам! Сен осы күнге дейін түйе, сиыр, қой сияқты малдардың етін жедің, тоймадың. Енді менің бір шайнам ғана етімді жеп тояр ма едің? Оданда мені жібер, мен саған өмір бойы қажетіңе жарайтын үш насихат айтайын. – Жарайды, айт насихатыңды. – Бірінші насихатымды қолыңда, екінші насихатымды терезенің алдында, ал үшінші насихатымды талдың үстінде айтамын. – Жарайды! Торғай қолында тұрып: – Бірінші насихатым «болмай­тын, мүмкін емес нәрсені кім айтса да ешқашан сенбе», – дейді. – Түсіндім! – дейді адам. Торғай терезенің алдына қонып: – Екінші насихатым «қолыңнан шығарған нәрсеңе ешқашан өкінбе», – дейді. – Түсіндім! – Торғай талдың үстін қонып: – «Ей, адам! Қандай ақымақсың, мүмкіндікті қолыңнан шығарып алдың, өйткені ішімде 10-дирхам салмағында алмаз/жауһар тас бар еді. Егер оны алып сатқаныңда сенен бай адам болмас еді» Бұл сөзді естіген адам, қатты өкініп күйіне бастады. Торғай «Болмайтын нәрсеге сенбе» деген едім түсінбепсің, «қолы­ң­нан шығарған нәрсеңе ешқашан өкінбе» деген едім, ол да жетеңе жетпепті. Ей, ақымақ! Мен 3-дирхам ғана салмағы бар құспын, қалай менің ішімде 10-дирхам салмағында жауһар тас болады? Адам қателігін түсініп торғайға: – Үшінші насихатыңды айтшы, ең болмағанда соны пайдаға асы­райын! – деді. «Мына екі насихатты түсінбеген адамға үшінші насихат айту босқа кетеді»  деп торғай ұшып кеткен екен.  

Марат ЖАРЫЛҚАП