Қызыл құрттан тыңайтқыш өндіреміз – түркістандық ғалымдар
Қызыл құрттан тыңайтқыш өндіреміз – түркістандық  ғалымдар

Табиғи таза тыңайтқышты пайдаланып, бақша дақылдарынан мол өнім алуға болады, – деп жазады 24.kz.

Ғалымдар айтып отырған биогумус – табиғи таза тыңайтқыш. Кәдімгі көңнен айырмашылығы бар.

Малдың тезегінің қышқылдығын азайту үшін оны Калифорния қызыл құртына жегізеді.

Осылай өңделген тыңайтқыш бақша дақылдарынан алынатын өнім көлемін еселеп арттырады.

Өңделмеген көң егістікті күйдіріп жіберуі мүмкін дейді ғалымдар. 

ХҚТУ экология ғылыми зерттеу институтының кіші қызметкері Алтынбек Әбсейіт: «Мысалы, өзге тыңайтқыштармен өңделген қияр бір түбінен бір күнде бір қияр шығарса, мұнда бір түбінен 5-6 қияр өсіп шығады», – деді.

Қазақ-түрік университетінің зертханасында биоорганикалық тыңайтқыш құрғақ және сұйық түрінде дайындалады.

Құрғағы топыраққа араластырылса, сұйық тыңайтқыштың 1 литрі 100 литр сумен араластырылады. Одан кейін су арқылы егістікке жібереді. 

ХҚТУ экология ғылыми зерттеу институтының директоры Амангүл Ақбасова: «Биоорганикалық тыңайтқыштың тиімділігі, өзге тыңайтқыштардан артықшылығы өнімділікті 7-8 есеге дейін артық береді. Егер тапсырыс түссе, қажетті мөлшерді дайындап бере аламыз», – деді. Бүгінде зертханада 2 тоннадан астам дайын өнім тұр.

Бұл жобаға патент те берілген. Мемлекет тарапынан берілген арнайы грантты да жеңіп алған.