Ет қымбаттаған соң, малды тірідей экспорттауға тыйым салынды
Ет қымбаттаған соң, малды тірідей экспорттауға тыйым салынды

Бұдан былай малды тірідей экспорттауға тыйым салынды, — деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Былтыр Қазақстаннан шетелге 156 мың бас ірі қара шығарылды. Бұл ретте, басым көпшілігі – 121,6 мың бас немесе 78% Өзбекстан Республикасына, тағы 14% Армения еліне экспортталған.

Сондай-ақ, елден 264 мың бас қой шығарылған, оның жартысынан астамы аналық мал. Ұсақ мүйізді малдың басым бөлігі, яғни 200 мыңнан астамы (76%) Өзбекстан мемлекетіне, 21,5 мың бас (8,1%) Ресей Федерациясына, 18 мың бас (6,7%) Әзербайжанға және шамамен 12 мың бас (4,5%) Иранға тасымалданған.

«Тірі малдың жаппай экспорты ет өнімдеріне бағаның өсуіне негіз болды.

Сонымен қатар, қалыптасқан жағдай қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жүктемесінің төмендеуіне алып келді. Орташа алғанда, 2019 жылы қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары өз қуатын толық пайдалана алмаған.

Олардың толық жұмыс істемеуінің негізгі себебі тірі малдың жаппай экспортының салдарынан шикізат тапшылығы болды. АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, ҚР АШМ-да қайта өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыру міндеті тұр.

Осыған байланысты, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарының өтініштеріне сәйкес, ҚР Ауыл шаруашылығы және ҚР Қаржы министрліктерінің 2019 жылғы 21 қазандағы «Ауыл шаруашылығы жануарларын шығарудағы кейбір мәселелер туралы» бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды.

Жаңа бұйрық бойынша тек аналық мал басының экспортын уақытша шектейді.

Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен келісім жасалуда.

«Аталған бұйрыққа өзгерістер енгізу таяу жылдары Қазақстанда мал басын сақтап, ұлғайтуға, отандық ет комбинаттарын қолайлы бағамен сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге және дайын өңделген өнімнің өндірісі мен экспортын арттыруға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді министрлік.