Партия шалғай ауыл тұрғындарының проблемасын шешті (видео)

Партия шалғай ауыл тұрғындарының проблемасын шешті (видео)

Ақтөбе облысында қоғамдық қабылдаулар мен кездесулер тек аудан орталықтарында емес, шалғай ауылдарда да өтіп жатыр. Тұрғындар жер мен баспана, балабақша мәселесін айтып, әлеуметтік қолдау жайын сұрады.

Партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов Мәртөк ауданына іссапарын Саржансай ауылынан бастады. Тұрғындармен кездесуде көпбалалы аналарды балабақшадағы орын тапшылығы алаңдататыны белгілі болды. Қазір 60 орындық балабақша жұмыс істеп тұр. Ал 20 бала кезік күтіп, үйінде отыр.



Тәңірберген ауылдық округі әкімі Бостан Амантұрлиевтың айтуынша, жаңадан балабақша ашу үшін кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілген. Тіпті ғимарат құрылысына орын даярланып қойыпты. Ербол Данағұлов бұл мәселенің шешілуін бақылауына алды.

Содан соң партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары кезекте тұрған 14 отбасыға жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті. Бес баланың анасы Венера Ақышева Президент саясатының арқасында арманы орындалғанын айтып, партияға, жергілікті атқарушы органдарға алғысын айтты.

– Үлкен қызым туғаннан бастап пәтер жалдап келеміз. Бүгін армандаған үйімізге қолымыз жетті. Осылай қуанышқа кенелткені үшін Елбасына, Nur Otan партиясына, жергілікті әкімшілікке рақмет, – деді ол.

Осы күні өткен қоғамдық қабылдауда көпбалалы аналардың көбі партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарына атаулы әлеуметтік көмек және тұрғын үй мәселесімен жүгінді. Олар жан-жақты мағлұмат алды.

– Көпбалалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ету – Nur Otan партиясы жұмысындағы басымдықтардың бірі. Осы орайда партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен партияның облыстық филиалы төрағасы Оңдасын Оразалинның халықпен кездесу, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру туралы тапсырмасына сәйкес, 10 ауданда болдым, – деді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов.