Жамбылда дүнгендер берекелі өмір сүріп жатқаны үшін алғыс айтты
Жамбылда дүнгендер берекелі өмір сүріп жатқаны үшін алғыс айтты
156
оқылды
Мереке Тараз қаласындағы «Арбат 1» аллеясында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоғын қою рәсімімен басталды. Шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, мерекелік ізгі тілегін жеткізді. – Баршаңызды ризашылық пен мейірімділіктің мерекесіне айналған – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен атаулы күн 2016 жылдан бері аталып өтуде. Бұл күн, ең алдымен – тыныштық пен үндестік, бейбітшілік пен келісімнің салтанат құрған күні. Расында, өткен тарихта тағдыр тауқыметінен Ұлы дала төсіне әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18 мыңнан астам Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударды. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бауырмалдықтың үлгісін көрсетті. Осылайша, тәуелсіз елімізде 130-дан аса ұлт өкілдері бір шаңырық астына топтасып, біртұтас Қазақстан бірегей артықшылығына ие болды. Азаматтар бүгінгі бір-біріне  өкпе-реніші  болса кешіруі қажет. Бір-біріне деген ізгі тілектері мен лебізін, ақжарма алғысын білдіруі керек. Әрқайсымыздың жүрегімізде туған еліміз Қазақстанға деген мақтаныш пен ризашылық сезімі ұяласын. Әр отбасыға бақ-береке, елімізге бейбіт өмір және табыс тілеймін! – деді аймақ басшысы.   Жамбыл, дүнген, Бердібек Сапарбаев Өз кезегінде «Тараз қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің» төрағасы А.Зайнутдинов пен №34 орта мектептің директоры, «Дүнген этномәдени бірлестігінің» белсенді мүшесі Д.Нуралиева да сөз алып,  егеменді елімізде  бейбіт және берекелі өмір сүріп жатқаны үшін алғысын айтты. Гүл қою рәсіміне зиялы қауым өкілдері, Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен белсенділері, ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің өкілдері мен жастар қатысты. Мерекелік шарада этномәдени бірлестіктердің 10 шатыры тігіліп, онда этномәдени бірлестіктерінің қолөнер және  «Достық дастарханы» ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылды. Мерекелік шараның қонақтарын «Қазақ этномәдени бірлестігі» «Қазақ осы» әнімен қарсы алса, «Өзбек этномәдени бірлестігі» көпшілікті ұлттық әндерімен сергітіп, мереке көркін қыздыра түсті. Шара барысында тал егу акциясы да бастау алып, шырша көшеттері отырғызылды. Осындай  көтеріңкі көңіл-күймен басталған мереке барлық аудандарда да жалғасын тауып, бұқара бір-біріне алғыстарын айтып, татулық пен бірлік салтанат құруда.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы