Абай – зерттелмей жатқан тұтас ілім
Абай – зерттелмей жатқан тұтас ілім
Мемлекет басшысы төрағалық еткен Үкіметтің кеңей­тілген отырысында ШҚО әкімі Даниал Ахметов адам­заттың данасы атанған ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтуге барлығы 20 миллиард теңге жұмсау жоспарланғанын жариялады. Былтыр Үкімет торқалы тойға 3 млрд теңге қарастырылғанын айтқан. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімге 20 млрд соманы қысқартуды тапсырды.  width= Елге танымал семейлік ақын, зерттеуші, Мемлекеттік сыйлық­тың иегері Тыныштықбек Әбдікә­кімов шенеуніктер жоспарлаған басқосу, кездесу, конференциялар есебінен шығынды оңтайлан­дыруға болады деп есептейді. – Қазақтың бас ақынының ме­рейтойы аясында 560 іс-шара өт­кізу көзделген екен. Оның 24-і – ха­лықаралық, 21-і – республика­лық, 515-і – облыстық деңгейде. 20 млрд теңге соманың ауқымды бөлігін бизнесмендер бермек. Алайда Мем­лекет басшысы тіпті демеушілер қаржысы болса да, әсіре ысырап­шылдыққа жол бер­меу керегін ескертті: «той тойлауға емес, ой толғауға» баса мән беру қа­жет. Бұл нені білдіреді деп ой­лайсыз? – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығының басты ұстыны жиын-той емес, Абайды тану бо­луы тиіс. Мысалы, отандық және шетелдік зерттеушілердің еңбегін сараласақ, негізінен, Абайдың Шығыс пен Батыс мәдениеті мен ақыл-ойын жетік біліп қана қой­май, жетілдіргеніне екпін түсіреді. Өлеңдеріндегі шығыс елдерінің және Еуропаның сарынын іздейді. Бірақ Абай ең алдымен қазақ әдебиетінің классигі. Ол шетелде тұрған жоқ. Қазақы ортадан шық­ты. Ендеше біз бас ақынымызды ұлтымыздың мыңдаған жылдардан бері келе жатқан дүниетанымы, рухани қазынасы тұрғысынан тануымыз керек. Бұл тарапта қан­шама құпиясы жатыр. Оны ашуға, зерттеуге бірер сағатқа бас қосып тарайтын ғылыми кездесу, ха­лықа­ралық конференция форматы жа­рамайды. Ең болмағанда, халықаралық деңгейдегі байқау-конкурс ұйым­дастырылса жөн. Әйтпесе, бізде шенеуніктер ғылыми конференцияларды көз қы­лып өткізе салады. Оның пай­дасынан шығыны зор. Қаптаған қатысушының, лауазымды тұлға­лардың жолын өтейді, қонақүй жалдайды, фуршеті мен тамағына шашылады. Бүгінде 175 жылдық аясында жұрт іссапармен ағылып келіп жатыр. Басқа өңірлермен арадағы қашықтықты айтпағанның өзінде, тек Шығыс Қазақстанның баты­сынан шығысына қарай 700-800 шақырым жолды еңсеру керек. Демек, іссапарға қыруар қаржы кетеді. Бізде түкке тұрмайтын жи­налыс жасап, баяғы Кеңес Ода­ғындай, қит етсе Өскеменге әр жерден өкіл жинайды. Қазіргі кез ХХІ ғасыр ғой. Жаңа технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Аса қажет болса, мұндай жиын­дарды онлайн түрде ұйымдастыруға болады. Заманауи коммуникация мүмкіндіктері кеңінен пайдала­нылуға, есепсіз шығындар тоқта­тылуы тиіс деп санаймын. Мерейтой аясында респуб­ли­ка­лық ірі конференция өткізсін. Меніңше, басқа қаражатты Абайды тануға арналған жаңа жұмыстарға, нақты нәтижеге бағдарлануға тиіс ғылыми байқауларға жұмсаған абзал. Абай деген өзіміз әзірге аз та­ныған ғарыш қой. Оның кезінде бағындырып кеткен биіктері бар. Біз сол биіктерге халық болып көтеріле алсақ, алдымыздан да­мудың жаңа көкжиегі ашылады. – Мемлекет басшысының шешіміне сәйкес, ел тарихында тұңғыш рет Семейге «тарихи орта­лық» мәртебесі берілетін болды. Шаһар осы атына заты сай болуы үшін не істелуі қажет? – Тарихи орталық деген ұғым­ның астары терең. Қалада қазақ­стандықтарға және шетелдік ту­рис­терге мақтана көрсете алатын тарихи орын көп болуы тиіс. Бізде мысалы, Алаш арыстары мен Алаш партиясына қатысты нысандар жетерлік. Алайда ең алдымен олардың біразының ескі орнын анықтауымыз керек. Әйтпесе, кеңес заманында тарихи сананы жою үшін оларға да қырғидай тиді, бүлдірді, өзгертті. Қалада жалғыз облыстық та­рихи өлкетану музейі бар. 1917 жыл­ғы Ақпан төңкерісінен кейін Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш арыстары сол ғимаратта жиылып, оны «Бостандық үйі» деп атайды. Сөйтіп аталған нысан Алаш Ор­даның стратегиялық міндет-мақ­саттары түзілген бас штабқа, ха­лықаралық ұғымда айтсақ, ұйым­ның штаб-пәтеріне айналады. Қазір онда жинақталған жәдігерлер өте көп, Абайдың өз қолымен тапсырған дүниелері де бар. Яғни, ғасырдан астам уақыт бойы жиыл­ған жәдігерлерге бұл ғимарат тар­лық етуде. Демек, басқа ғимарат жаңадан салынуы керек немесе жанында жақсы ғимарат бар, соған көшіруге болады. Ал музейге бұрынғы «Бостандық үйі» атауын қайтарып, Алаш партиясы мен қайраткерлеріне ғана арналған музейге айналдыру қажет-ақ. Әрине, өңірді өркендету ісін тек Абай мерейтойымен шектеп тастауға болмайды. Бұл – страте­гиялық мекен. Қытаймен және Ресеймен қатар шектесетін Шығыс Қазақстан облысы аумағы жөнінен Қазақстанда 3-орын алады, бүкіл еліміздің 10,4%-ын алып жатыр. Тарихи орталық мәртебесінің берілуімен бірге Семей қаласының ежелгі тарихы зерделенсе деймін. Бұл қала қандай байырғы шаһар не мекенорнында тұр? Бізде Семей тарихын 1718 жылы І Петрдің шығыс аумақтарды игеру және Ертіс бекіністерін салу туралы жар­лығына сәйкес, орыс патшасы отрядтарының қарулы «Семипа­латная бекінісінің» іргесін қалаған кезден бастайды. Былтыр қаланың 300 жылдығын кең ауқымда атап өтпек те болды. Бірақ қоғам қай­раткерлерінің қарсы болуы, шаһар жасы ең кемі 1190-1200 жылды құрайтынын дәйектеуі арқасында өз халқымыз бен ха­лықа­ралық қоғамдастықты жаңы­лыстырар ондай қадамнан бас тартты.  

Бізде екі-ақ даңғылымыз бар, бірі – Шәкәрімнің, екін­ші­сі – Мұхтар Әуезовтің атында. Сол даңғылдарымыз жыл сайын кіші­рейе, қысыла келе, бүгінде тар кө­шеге айналып барады. Бұған да назар аударылса деймін. Тарихи орталық мәртебесіне қол жет­кіз­геннен кейін шаһар облыстың шектеулі бюджетіне тәуелді бола бермей, республикалық бюджеттен де лайықты қаржыландырылуы ке­рек.

  Басқаны айтпағанда, орыстар осы жерде XVII ғасырда қалмақ­тардың 7 будда храмының болуына байланысты бекінісін «Семипала­тинск» атаған. Кейін қалмақты қа­зақ батырлары ығыстырды. Жоң­ғар­лардан бұрын осы жерді түркі­тілдес тайпалар мекендеген. Қимақ мемлекеті де дәуірлеген. Тарихтың бұл қатпарларын ашып, сырына қанығу үшін археология­лық және басқа да ғылыми зерттеулер қажет. Қаланы тарихи орталық деп атайды екенбіз, ендеше саяхат­шыларға нақты мәлімет беруі үшін бұл мәселеге нүкте қоятын кез жетті. – Мерейтой жобалары идеоло­гиялық, рухани және ағартушылық міндеттермен бірге облыстың эко­номикалық, инфрақұры­лымдық, туристік әлеуетін ары қарай да­мытатыны мәлімделді. Ел Прези­дентінің тапсырмасымен әзірленген Семейді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жос­пары аясында 7 ба­ғытты қамтитын, жалпы сомасы 260 миллиард теңге тұратын 56 жоба іске асырылмақ. Сіз Семей тұрғыны ретінде қалада қандай өзекті мәселелер шешілуі тиіс деп санайсыз? – Көкейтесті проблемалар жетерлік. Шұрық тесік жолдар, қараңғы көшелер, тұрғындардың төмен тұрмыс сапасы. Семей – облыс орталығы саналмайтын Қазақстандағы ең ірі қала. Облыс орталығы мәртебесінен айырылып қалғанына да 23 жыл өтті. Содан бері жұртшылық «көрген күнің құрысын» дейтін жағдайда. Тіршілік дүниесі, соның ішінде сумен, жылумен жабдықтау жүйелері күйреп жатыр. Тұрғындар арасын жұмыссыздық жайлаған. Қала бұрын тіпті жеңіл өнер­кәсіптің бір астанасы болған. Бұл өнеркәсіптің сау-тамтығы қалма­ды. Бірде-бір нысаны сақталмады. Бұрынғы тарихи деген ғимарат­тардың көбі қиратылып, орнын сауда-саттық, ойын-сауық нысан­дары басты. Семейде жердің бәрі сатылып кеткен. Салдарынан қала орта­сын­да шағын мемлекеттік балабақша тұрғызуға бір сүйем жер қалмады. Даниал Ахметовке және қала әкіміне рақмет, жаңа ықшамаудан бой көтерді. Бірақ орталықта жер қалмағандықтан, оның барлығы тек қаладан тысқары жерге өркен жаюға мәжбүр. Қалалықтардың денсаулығын, сау-саламаттығын қамтамасыз ететін үлкен аурухана мен емханамыз да соның жолын құшты, яғни қала шетіне кетті. Бізде екі-ақ даңғылымыз бар, бірі – Шәкәрімнің, екіншісі – Мұхтар Әуезовтің атында. Сол даңғылдарымыз жыл сайын кіші­рейе, қысыла келе, бүгінде тар кө­шеге айналып барады. Бұған да назар аударылса деймін. Тарихи орталық мәртебесіне қол жет­кіз­геннен кейін шаһар облыстың шектеулі бюджетіне тәуелді бола бермей, республикалық бюджеттен де лайықты қаржыландырылуы ке­рек. Көңіл бөлінсе, Семейді жән­наттай қалаға айналдыруға болады. – Абай мерейтойы аясында ұлы ақынымызға қатысты қандай шара­лар қолға алынуы тиіс? Абайды әлемге танытудың жаңа тәсілдері неге қолданылмайды? – Әр жерде Абай орталықтары жұмыс істейді. Бірақ олар Абайды тану және әлемге таныту үшін нендей еңбек сіңіріп жатыр? Әр­қайсысы ұлы ақынымызды әрқилы түсіндіреді, бұлай болмайды. Мысалы, әлем жұртшылығы біле бермейтін «хәкім» деген мәр­тебе бар. Алғаш рет Мағжан Жұ­ма­баев «Абай хәкім» деп атап, дә­йек­теген. Бертінде отандық зерттеу­ші­лер хәкімдік қырын ашу жолын­да еңбектенді. Шет тілде­ріне ақы­ны­мыз­дың бұл мәртебесі ауда­рылмайды. Бірақ Абай одан да жоғары көтеріле алған тұлға екені айқын­далуда. Ал хәкімдіктің ар жағында пайғамбарлық тұр. Біз әлемге таны­тар болсақ, қазақ арасынан да пай­ғамбарларға теңесе алар тұлға шық­қанын дәлелдеуге тиіспіз. Ол үшін терең әрі халықаралық дең­гейдегі ғылыми зерттеулер жүргі­зілуі қа­жет. Бұл асыра айтқандық емес. Өзім ширек ғасыр бойы Абай мен оның ізбасары Шәкәрім мұра­сына қанығып, зерделеп жүрмін. Сонда көзім жеткен соң айтып отырмын. Жалпы, Абай Құнанбайұлына қатысты жаңа деректер заманауи қалыпта, қызықты түрде ұсынылуы керек. Абай – толық зерттелмей жат­қан тұтас ілім. Абай болашаққа қарап, бізге не айтты және не айт­пақшы болды? Біз алда Абайды жаңа қырынан танып білеміз деген ойдамын. «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі», – дейді Абай. Осындағы «жүректің көзі» деген не, оны ашу деген нені білдіреді? Ұлы ақынымызды тыңдай түссек, адамда екі көзден басқа да көздер бар. Абайды тану адамзат жаратылысын танумен астасып жатыр. Тереңдігін осыдан түсінеміз. Бізге оның ылғи жұмбақ болып тұратыны да сондықтан.   Айхан ШӘРІП