Ақмолада Алғыс айту күніне орай мыңнан астам шара ұйымдастырылды
Ақмолада Алғыс айту күніне орай мыңнан астам шара ұйымдастырылды
118
оқылды
Көкшетауда биыл елімізде бесінші мәрте аталып өтіп жатқан «1 наурыз – Алғыс айту күніне» орай мерекелік шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Өзінің құттықтау сөзінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев мейрамның барлық қазақстандықтар үшін аса маңызды екенін атап өте келе, тарих парақтарындағы құндылықтардың аса жоғары бағаланатынын жеткізді.
«Саяси репрессиялар мен қуғын-сүргін жылдарындағы қаралы күндердің өзінде халқымыз қаншама жер аударылған өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсетіп, қолындағы барымен бөлісті. Бұл олардың тағдырына сенімін нығайтып, жаңадан өмір бастауына жігерлендіре түсті. Осы қуғын-сүргін қиын замандарды бастан өткерген тарих куәгерлері қазақ жеріндегі осы қонақжайлылық пен қамқорлықты күні бүгінге дейін ерекше жылылықпен еске алады», – деді Ермек Маржықпаев.
Шара қатысушыларына Көкшетау қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері Болат Жанәділов, көпбалалы ана Мина Жексембаева және басқа да этонобірлестіктердің өкілдері алғыстарын білдірді.
«Бүгінде біз еркін елде өмір сүріп жатырмыз. Барлық әлем бізге алақандағыдай ашық. Біз қазақ, кәріс, неміс, ингуш және басқа да ұлт өкілдерімен қоян-қолтық тұрып жатырмыз, біз балаларымыздың болашағын да бірге құрамыз. Осы күні біздің облыстың тұрғындары, Елбасына және Президентімізге Қазақстандағы бейбітшілік және келісім үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді, – деді Ақмола облысы поляк этнобірлестігінің мүшесі Павел Трищ.
Шара барысында бірқатар ақмолалықтар «Халық алғысы» медалімен, бірлік пен келісімді, қазақстандық бірегейлікті нығайтқаны, игіліктің гуманистік идеалдарына жоғары қызметі үшін облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Алғыс айту күніне орай «Бурабай» Көкшетау спорт сарайы, триатлон мектебі, Қажымұқан атындағы спорт кешені мен «Оқжетпес» футбол клубы медицина қызметкерлері үшін ашық есік күнін жариялады. Яғни, дәрігерлер мен медицина қызметкерлері бұл күні спорт секцияларына тегін  қатыса алатын болды. Жалпы облыста алғыс айту күніне орай мыңнан астам түрлі шаралар ұйымдастырылған. Олардың қатарында волонтерлер, жастар, кәсіпкерлер және халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету бойынша «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс», концерттер, көрмелер, онлайн режимдегі челлендждер өткізілген.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы