Ақтауда екі адам химиялық заттан улану салдарынан көз жұмып, 6 адам шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы облыстың қоғамдық коммуникация орталығы Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Құзырлы органдардың мәліметінше, Ақтау қаласының тұрғыны "Квикфос" препаратымен (жәндіктерге қарсы препарат) көршілеріне ескертпей өз пәтерін дезинфекциялаған. Олар пәтерін залалсыздандырып болған соң үйін кілттеп, басқа шағынауданға кетіп қалады.Көп ұзамай көршілерінің денсаулығы нашарлай бастайды. Көрші әйел мен оның қызы көз жұмды. Осы факті бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, Ақтау қаласының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 304-бабы 3-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғады.
Ақтау қаласының полиция басқармасы пәтерін дезинфекциялаған тұрғынның жеке басын анықтады. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Ақтөбе облысында тұрғын үйден екі адамның мәйіті табылғанын хабарлаған болатынбыз.